Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше әкімге сөгіс жариялады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшы...
«Сапасыз құрылыс – қылмыс»: Тоқаев құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту жөніндегі кеңесте құрылыс саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, тұрғын үй сапасына ерекше назар аудару қажеттігін айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Президенттің айтуынша, Астана елімізде құрылыс қарқыны бойынша алдыңғы орында тұр. Жыл басынан бері елордада 5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – республика бойынша салынған тұрғын үйлердің шамамен төрттен бірі.
Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев санға ұмтылу сапаның төмендеуіне әкеліп соғып жатқанын атап өтті. Соңғы уақытта тұрғын үйлердің сыртқы қаптамасының құлауы мен лифт апаттары секілді қайғылы оқиғалар соның айқын дәлелі екенін айтты.
Мемлекет басшысы сапасыз құрылыс материалдарын қолдану, технологиялық талаптар мен қауіпсіздік стандарттарын сақтамауды қылмысқа тең деп бағалады.
Осыған байланысты Үкіметке құрылыстың барлық кезеңін — жобалаудан бастап нысанды тапсыруға дейін — толық цифрландыру тапсырылды. Бұл шара салада тәртіп орнатып, құрылыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аймақ әкімдеріне елді мекендердің цифрлық көшірмесін (digital twin) жасап, нысандардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстау міндеті жүктелді.
Президент құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейтіп, застройщиктер, мердігерлер және барлық сараптамалардың нәтижелері туралы ақпараттың ашық әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет екенін қадап айтты.