Ресей Федерациясының Челябі облысындағы Аша қаласын су басты, деп хабарлайды Мadeniportal.kz massage...
Шавкат Рахмоновтың жұбайы сот үкімінен кейін әлеуметтік желіде эмоцияға толы жазба жариялады
ашық дереккөз
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гулайым Рахмонова сот үкімі жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде эмоцияға толы жазба жариялады, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Ол жазбаны өзінің Instagram парақшасындағы Stories бөлімінде жариялап, жеке күйзелістері туралы ашық айтып, бірнеше жыл бойы күйеуінің туыстары тарапынан қысым мен қорлық көргенін мәлімдеді. Сондай-ақ, оның айтуынша, күйеуі UFC ұйымында табыс таба бастағаннан кейін өзіне деген қарым-қатынас нашарлаған.
Бұдан бөлек, Рахмонова бастан өткерген жағдайлар ажырасуға алып келгенін айтып, өзіне және балаларына қатысты әділетсіз қарым-қатынас болғанын жеткізді.
Бұған дейін Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Гулайым Рахмонованы жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда екі адамның өліміне әкелгені үшін кінәлі деп танығаны хабарланған еді.
Сот оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырды. Сонымен қатар, сотталғанның кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу 5 жылға кейінге шегерілді. Рахмонованың төрт баласы бар. Бұған дейін ол бесінші балаға жүкті екенін де мәлімдеген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Instagram желісіндегі жарияланым сот үкімі шыққаннан кейін және Шавкат Рахмоновпен ажырасу процесі жалғасып жатқан тұста пайда болды. Оның айтуынша, бұл процесс адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу кезінде басталған.
Еске салсақ, жол-көлік оқиғасы 2025 жылғы 27 шілде күні таңғы сағат 08:30 шамасында болған. Рахмонова Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеп келе жатып, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Алматы – Екатеринбург тасжолында рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен, содан кейін көлік аударылған.