Соғыс туралы жазған қазақ жазушылары

Сурет: Ашық дереккөзден

Жаңалықтар
2058

Соның кесірінен қанша адам оққа ұшып, қаншасы жараланғанын айтпағанда, соғыстың адам санасын қанша уақытқа дейін деградацияға ұшырататыны тағы белгісіз. Соғыс бар жерде экономика тұралап, қоғамдық ойлау жүйесі де сол тақырыптың төңірегінде қалып қоятыны сөзсіз. Бірақ бұл әдейі болатын процесс емес, соғыстың табиғатында бар нәрсе.

Әрине, Қазақстан тәуелсіздік алғалы ешкіммен жаға жыртыспай, еш елмен кикілжіңге келмеуге тырысып жатыр. Ал еліміздің соғысқа ең бір белсене қатысқан шағы – 1939-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде. Жалпы, соғыс тақырыбы қай кезде де өзекті саналған.

Әрі ол мәдени-әдеби өмірімізде де көрініс тауып отырған. Әсіресе, сол кезеңдегі жазылған кітаптар, шығармалар, романдар арқылы. Осы тұста біздің әдебиет те Кеңес Одағының құрамында болған кезде соғыс тақырыбын шығармаға арқау етті. Тіпті, есім-сойы белгілі қаламгерлер қолындағы қаламын мылтыққа айырбастап, соғысқа барды.

Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов секілді қаламгерлерді негізінен осы соғыс туралы жазған шығармасы танытты десек, артық айтқанымыз емес шығар. Шығармашылығы сол кезеңдегі қызыл идеологияның тамырынан нәр алған Жамбыл Жабаев та соғыс жайлы көп жазды, көп жырлады. Материал   Aikyn.kz  -тен алынды. 

1. Баубек Бұлқышов – «Ұлы Отан» соғысы жылдарындағы өмірі мен шығармашылығы қалың көпшілікке таныс жауынгер, жазушы. Ол 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, Мәскеуде сапер училищесінде оқыған. Мәскеуді қорғайтын ұрыстарға белсене қатысқан. Украинаны азат етуге септігін тигізген.

1944 жылдың бас кезінде майданда қаза тапты. Баубек Бұлқышев көптеген өлең жазып, республикалық баспасөз беттерінде жариялады. «Алматы – менің туған қалам» атты бітпей қалған романы және «Айсұлу» деген поэмасы бар. Жазушылық таланты Ұлы Отан соғысының ауыр сын сағаттарында ерекше көрінді. 1942 жылы 1 мамырда «Комсомольская правда» газетінде «О жизни и смерти» (Записки молодого казаха фронтовика) деген өршіл патриоттық публицистикалық мақаласы шықты. Ол өзінің әскери очерктері мен публицистикасын орыс тілінде жазып, үнемі «Комсомольская правда» газеті беттерінде жариялап отырды. «Я хочу жить», «Жизнь принадлежит нам», «Коварство и любовь», «Письмо сыну Востока», «Слушай Кавказ» және басқа мақалаларын Ғ.Мүсірепов қазақшаға аударып, республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жариялады.

1946 жылы Мәскеуде шыққан «Жизнь солдата» жинағына Б.Бұлқышевтың майдан туралы жазған публицистикасы енді. Оның көркем әдеби мұрасы 1948 жылы М.Иманжановтың редакциясымен шыққан «Өмір біздікі» кітабында, сондай-ақ «Жауынгер мәңгілігі» кітабында жинақталған.

2. Тахауи Ахтанов (1923–1994) – майдангер жазушы, аудармашы, сөз зергері, Қазақстанның халық жазушысы.

1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде өзі сұранып, майданға аттанады. Алғашқы әдеби көркем шығармалары өлең, очерк түрінде майдан газеттерінің беттерінде жарияланды.

Шығармалары:

1. Ғ. Мүсірепов. Әдеби сыночерк. А., ҚМКӘБ, 1956;

2. Қаһарлы күндер. Роман. А., ҚМКӘБ, 1956;

3. Махаббат мұңы. Повестер мен әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1960;

4. Дала сыры. Повестер мен әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1963;

5. Көк құтан. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1968;

6. Керуен. Әдебиет туралы ойлар. А., «Жазушы», 1969;

7. Үндістан хикаясы. Сапарнама. А., «Жазушы», 1971;

8. Шырағың сөнбесін. Роман. Ант. Драма. А., «Жазушы», 1973;

9. Таңдамалы шығармалары. 2 томдық. А., «Жазушы», 1974;

10. Ана дауысы. Драмалар. А., «Жазушы», 1978;

11. Көкейкесті. Әдебиет туралы ойлар. А., «Жазушы», 1980;

12. Шырағың сөнбесін. Роман. А., «Жазушы», 1981;

13. Шығармалар Бес томдық. І, ІІ том. «Жазушы», 1983;

14. ІІІ, ІV том. А., «Жазушы», 1984;

15. V том, А., «Жазушы», 1985.​

3. Бауыржан Момышұлы – майданға қатысқан жазушы. Кеңес Одағының батыры, жазушы, әскери стратег және тактик.

Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В.Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты. Ол Мәскеу үшін шайқаста 207 рет ұрысқа кірді.

1945 жылдың 16 қаңтарында Алматыға келген Бауыржанды М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, т.б. зиялы қауым соғыс туралы әңгіме-лекция өткізуге шақыртып, кездесу ұйымдастырады. Осы дәрістің стенограммасы кейін «Соғыс психология» деген атпен кітап болып басылды.

Соғыстан кейін 1950-1955 жылдары полковник шенімен Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. Кеңес Одағының генералдары алдында дәріс оқыған оның асқан стратег, психолог, шешен, тапқыр адам болғанын көбі мойындайды. Батыр ақын, Алаштың арысы Мағжанды өз көзіммен көрдім деп осы кезді айтады.

Шығармалары:

1. Ұшқан ұя (1974 жыл)

2. Москва үшін шайқас

3. Жауынгердің тұлғасы

4. Майдан

5. Майдандағы кездесулер

6.  Генерал Панфилов

7. Төлеген Тоқтаров

8. Куба әсерлері

9. Адам қайраты (1981 жыл)

10. Елбасына күн туса

11. Психология войны

4. Ілияс Есенберлин – жазушы. Ақмола облысындағы Атбасар қаласында дүниеге келген.

1940 жылы институтты аман-есен аяқтап, Жезқазғанға жұмысқа жіберілген. Сол жылы күзде Қызыл әскер қатарына шақырылтып, Рига әскери-саяси училищесінде оқып, соғысқа аттанды. 1942 жылы қатты жарақаттанып, госпитальге түсіп, бір жылдан соң мүгедек болып елге оралды.

1947 жылға дейін Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің аппаратында инструктор болып жұмыс істеді. Соғыс аяқталарда, 1937 жылы атылып кеткен әділет халық комиссары Хамза Жүсіпбековтің қызына үйленіп, қайын енесін  АЛЖИР-ден алдырғаны үшін НКВД-ның назарына ілігіп, 1949 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын Қарақұм каналы құрылысында жарылыс жұмыстары жөнінен тау инженері болып бес жыл жұмыс істеп өтеді. Айдаудан келген соң Қазақ КСР-ның Геология министрлігінде, кейін шахтада басқарма басшысы болып қызмет атқарады.

Ұсталғанша ол өлең жазса («Айша» (1945 жыл) және «Сұлтан» (1949 жыл) поэмалары, «Алғыс өлеңдер жинағы» (1949 жыл), жазасын өтеп келген соң прозаға көшті («Адам туралы повесть» (1954 жыл), «Өзен жағасында» (1960 жыл).1958 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1962 жылдан «Қазгослитиздат» мекемесінде редактор, 1967 жылдан «Жазушы» баспасында директор, содан Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы (1971-1975 жылдары) болып қызмет атқарды.1975 жылдан бастап толық шығармашылық жұмысқа көшіп, 16 жылда 15 роман дүниеге әкеледі.

5. Қасым Аманжолов - майдангер жазушы, қазақтың кесек ақыны.

Ақын 1941 жылы әскер қатарына шақырылады. Сол қарсаңда «Мазасыз музыка», «Қоштасу», «Бейсекештің бес ұлы» секілді әсерлі өлеңдерін жазады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін қанды қырғынның ішінде болады.

1943 жылғы сұрапыл кезеңде дүниеге келген Қасымның бір ерекше, өлмес туындысы – «Ақын өлімі туралы аңыз» деп аталатын поэмасы. Аталған поэма Қасымның атын аспандатып, ақындық даңқын шырқау шыңға шығарған тұлғалы туынды. Поэма «Ұлы Отан» соғысының майданында жаудың қоршауында қалып қойып, ерлікпен қаза тапқан Қасымның жақын досы, жас ақын А.Жұмағалиев туралы.

1947 жылдан бастап Қасым сырқаттанып, ара-тұра жатып қалып жүрді. Бірақ қандай ауыр халде жатса да, өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Сырқаты дендеген кездерде Қасым өлеңдерінде өзінің ақындық өмірі туралы жазатын. Бұған дәлел  оның «Өзім туралы» атты өлеңі.

6. Мәлік Ғабдуллин – педагог, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Кеңес Одағының Батыры.

Генерал И.В.Панфилов бастаған даңқты 28 гвардия дивизиясы құрамында Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысты. 1-автоматшылар ротасының саяси жетекшісі, 2-атқыштар батальонының комиссары, полк үгітшісі болған. Мәскеу іргесіндегі қанды шайқаста қаһармандықтың асқан үлгісін көрсеткен.

1944-1946 жж. КСРО Қорғаныс министрлігі Жоғарғы саяси басқармасы үгіт-насихат бөлімінің бастығы болып істеген.

1946-1951 жж. Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтында директордың орынбасары, директоры, 1951-1963 жж. ҚазПИ-дің ректоры, 1963 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін Қазақ КСР ҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында фольклор бөлімінің меңгерушісі міндеттерін атқарды. Екі рет КСРО Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланған.

Шығармалары:

«Менің майдандас достарым». ҚБМБ, 1947;

«Майдан очерктері». ҚМКӘБ, 1959;

«Ел намысы – ер намысы». А.,»Жазушы», 1966;

7. Сырбай Мәуленов – Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, Торғай ауылында туған ақын. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

С. Мәуленов – 40-қа жуық жыр жинақтарының авторы.  Шығармаларында туған жер, замандас және оның жасампаз еңбегі жарқын жырланады. "Жолдас" (1954), "Жас жүрек" (1956), "Жол үстіндегі жалындар" (1963), "Жұлдыз жырлар" (1963), "Қызыл арша" (1969), "Боз қырау" (1976), "Тау гүлдері", "Шалқар", "Жалын" (үшеу де 1979). "Жаңбырсыз күз" (1980), өлендері "Шуақ", "Алтын тасқын" өлендер мен поэмалары (екеуі де 1981); "Жұлдыз жүрек" (1985) жинақтары шықты. Ақын кітаптары сыншылар тарапынан жоғары бағаланды . (1958) жылы "Таңдаулы өлеңдер" атты таңдамалысы, 1966 жылы "Шаңқай түс" жинағы, 1972 жылы "Тандамалыларың" 2 томдығы басылып шықты . Оның "Жаңа көктем" (1956), "Дала таңы" (1957), "Көгілдір таулар" (1964), "Жер нәрі" (1970), "Апрель жапырақтары" (1972), "Таңдамалы лирикалары" (1967), "Тандамалы лирикалары" (1972), "Жапырақтар жанады" (1972) өлеңдер жинағы орыс тілінде Мәскеуде басылды.

Әрине, майдан даласында болып, кейін сол соғыстағы оқиғаларды шығармасына өзек қылған қазақ ақын-жазушылары көп-ақ. Бүгін солардың бір бөлігіне тоқталып, оқырманға аз-кем ақпарат беруге талпынып көрдік.

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...