Еліміздегі су қоймаларының 99 пайызы сонау Кеңес дәуірі кезінде салынған. Барлығына күрделі жө...
«Шыңырау» фильмі Үндістанда өтетін кинофестивальге қатысады
Режиссер Жаңабек Жетіруовтың «Шыңырау» фильмі 21-22 желтоқсанда Үндістанның Джейпур қаласында өтетін 2-ші Kaaryat International Film Festival кинофестиваліне қатысады, деп хабарлады kazakhfilmstudios.kz.
Әлемнің үздік фильмдерін көрсетіп, дүние жүзінің киногерлерін басын қосатын бұл фестиваль Үндістанда өткізілетін жас байқаулардың бірі. Фестиваль бағдарламасында толықметражды және қысқаметражды көркем фильмдер, деректі және анимациялық фильмдер көрсетіледі.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Шыңырау» фильмінің түсірілімдері Маңғыстау облысында өтті. Картинада Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі көрініс табады. Фильмдегі басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Алдабек Шалбаев және Айжан Жетіру сомдады.
Айта кетсек, бұл туынды Бангладеште өткен 17-ші халықаралық фестивалінің азиялық фильмдер байқауына қатысып, «Үздік операторлық жұмыс» (операторы Ривкат Ибрагимов) жүлдесін жеңіп алды. Одан бөлек, «Шыңырау» фильмі биыл қараша айында Қытайдың Сямэнь қаласында өткен 28-ші «Алтын әтеш және Жүз гүл» атты Бүкілқытайлық фестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысып, сондай-ақ Мәскеуде Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған Қазақстан киносы күндерінің ашылу салтанатында көрсетілді.
Желтоқсан айының басында отандық кинотуынды Американың Аризона штатында өткен Asian International Film Festival Arizona кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына және Үндістанның Тируванантапурам қаласында өткен Керала Халықаралық кинофестиваліне қатысқан.