Танымал сынықшы әрі халық емшісі Бағдагүл Лепесова әнші Наркенже Серікбаеваға шүйлігіп, оның қоғамда...
Таразда гимназияда болған төбелестен кейін 10-сынып оқушысы бір көзінен айырылды
ашық дереккөз
Тараз қаласындағы гимназиялардың бірінде 10-сынып оқушысын үзіліс кезінде соққыға жыққан, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Жасөспірімге ота жасалды, туыстарының айтуынша, оның жағдайы ауыр. Анасының сөзінше, дәрігерлер «көзін бөліктерге бөліп қайта құрастырдық» деген.
«Кем дегенде орган ретінде сақталса екен дейді. Дәрігердің айтуынша, қазір 10 күн өте маңызды: “Инфекция миға өтпесін деп дұға етіңіздер” деді. Бала басынан шайқалу, контузия алған. Көзі ағып кеткен, көз түбі толық зақымданған», — деді баланың анасы Зухра Каримова.
Оқиға сабақ арасындағы үзілісте, ұлдарға арналған киім ауыстыратын бөлмеде болған. 15 жастағы Дамирді ол жерге 9-сынып оқушылары алдап шақырған деген болжам бар.
Бақылау камерасына түскен кадрларға қарағанда, әңгіме бірден төбелеске ұласқан. Жәбірленушінің досы көмектеспек болғанын, бірақ оны ұстап қалғандарын айтты. Сол кезде Дамирді басынан ұрған. Соған қарамастан, ол кейін өздігінен киім ауыстыратын бөлмеден шыға алған.
Жасөспірім көзінен ауыр жарақат алып, ота жасалды. Ол болған оқиғаны толық есіне түсіре алмайды. Анасына шабуыл жасағандардың қолында темірге ұқсас бір зат болғанын көргенін айтып үлгерген.
Аталған дерек бойынша полиция «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлады облыстық полиция.
«Тергеу нәтижелері бойынша оқиғаға қатысқан барлық тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін оқушылардың ата-аналары да жауапкершілікке тартылады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», — деп мәлімдеді Жамбыл облыстық полиция департаменті.