Бостонда жасалған робот тіс дәрігері алғаш рет адам емдеді. Құрылғы жұмысты сегіз есе жылдам, өнімді...
Тәуелсіздік тұсында жұмбақ өлімге душар болғандар
Тәуелсіздік тұсында жұмбақ жағдайда қайтыс болғандар, өлімінің сыры әлі ашылмаған қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер аз емес. Олардың өлімі туралы баспасөз беттерінде ғана сөз болғанымен, қазір көп жұрт қанды қолдардың тарапынан қаза болғандар туралы ұмытып та кетті. Біз өлімінің сыры ашылмаған тұлғалардың бірнешеуіне тоқталдық.
Мұстафа Өзтүрік
Аты әлемге танымал спортшы, таэквондодан қара белбеу 6-дан иегері, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман (Өзтүрік) 1954 жылы 23-қарашада Түркияның Қайсері қаласында дүниеге келген болатын. Орта мектепті Ыстамбұлда бітіріп, 1975-80 жылдары Тайванның Тайпей қаласындағы Халықаралық саясат университетіннен халықаралық журналист мамандығын игереді. Осы елде жүріп корейдің көне спорт өнері таеквондоны үйренген ол кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Ыстамбұл қалаларында өзінің таэквонда мектептерін ашты 1990 жылы Қазақстан билігінің елге шақыруымен Алматыға келіп, Қазақстан азаматтығын алды. 1991 жылдан бастап Қазақстанда таеквондо мектептерін ашып, шәкірттер тәрбиелеп, елге есімі ерекше тез танылды.
Мұстафа Өзтүрік иек спортшы ғана емес, саясаткер, ойы жүйрік тұлға ретінде көріне бастады. Ол ел аралап, халықпен жүздесуге барғанда облыс орталықтарында оны президент келгендей қарсы алып, он мыңдаған адам жиналатын. Қасында жүргендердің естеліктеріне көз жүгіртсеңіз, оның шешен сөйлейтінін, өзін ақсүйектерше ұстайтытын, кез келген мәселеге жаңа мазмұн беріп, жаңаша ойлауды қалыптастырғанын көресіз.
1994 жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі депутаттығына өз кандидатурасын ұсынады. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, ерекше ілтипатына ие болғанына қарамастан, сайлауда қарсыласы Зауре Қадырова 85 пайыз дауыс жинаса, халықтың небары 15 пайызы Мұстафаға дауыс берген. Бұл - парадокс еді...
1995 жылы 15 наурызда Алматыда Мұстафа Өзтүрік қайтыс болды. Оның тамағына у қосылғаны, дер уақытында дәрігерге қаралмағаны, қасында бірге түстенген жеті адамның бәрінің аман қалып, астан тек Мұстафаның улануы әлі де жұмбақ. Оны өлтіруге кімдердің мүдделі болғаны туралы аңыз көп... Мұстафа ең әуелі билікке жақпады, саяси көзқарастарында ашықтықты жиі айтты, сол үшін жоғары мәнсаптылар оны ертерек "жолдан" ысыруға ұмтылды деген көзқарас жиі айтылады.
Мұстафаның ойлары
...Шет елден келген миссионерлер көбейіп барады. Олардың бәрінің ниеті адал, таза дей алмаймын. Ол аз болғандай сол үшін елден ақша жинайды. Ал, оның бір бөлігі шет елдерге кетіп жатыр. Ол өз кезегінде бізге қарсы жұмысқа жұмсалады. Біздің жастарымыз болса, ондай ықпалға тез көне салады. Арасындағы белсенділеріне ақша да беріп қоятын көрінеді. Қысқасы, Қазақстан олар үшін бос кеңістік сияқты. Егер біз жастарымызға ие бола алмасақ, ертең мемлекетімізге де ие бола алмаймыз...
Қонаевқа барғаным рас. Оған таңданатын несі бар. Кейбір қателігі болды дегеннің өзінде, ол атамыз халқымыздың маңдайына біткен біртоға ұлдарымыздың бірі. Сол кезде заман сондай кері жүрді. Қателесуден тыс қалған қайраткер сирек. Бірақ, Қазақстан республика ретінде, қазақ ұлт ретінде, Қонаевтың еңбегі сіңбеді деп айта алмас. Сіздердегі бір теріс әдет, жоғары жақ айтса болды, ақ қарасын айырмай, сыпырып тастауға даярсыздар. Қонаев атаға айып тағылды екен деп, сырт айналу жараспайды. Кейін жылдар өткен соң ақтаған болып, өкінудің маңдайға тиетін кезі болған жоқ па?! Сондықтан да айтулы азаматтарымыздың адал бағасын көзі тірісінде беруден жаңылмау қажет. Менің ол кісіге батыл барып жүргенім сонау туған жерден жырақта жүрген бір шоқ қазақтың тілегі, солардың тапсырмасы. Сіздерді қайдам, біз Қонаевқа басқаша баға береміз. Бас кесек болса да тіл кеспек жоқ шығар...
Бексейіт Түлкиев
1955 жылы қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген суретші, спорт шебері, Мұстафа Өзтүріктің жан досы Бексейіт Түлкиев 1998 жылы Алматыда өз үйінің маңында қанішерлердің қолынан қаза тапты. Оның өлімі де сол күйі ашылған жоқ.
Оның "3амандастар", "Әке", "Ата-баба жері", "Суретшінің түсі" (1983), "Әже", "Әкені майданға шығарып салу", "Түсіру алаңы" (1984) секілді т.б. кескіндемелік туындылары танымал.
Бексейіт Түлкиев Мұстафаның жан аяспас досы болды дейтіндер көп. Оны өліміне де Мұстафаның жұмбақ жағдайда қаза тапқанына қапаланып, сол өлімнің сырын анықтауға індете кірісуі себеп болды дейтіндер бар.
Ол Мұстафадан бөлек, Қытайдың белгілі актері Джеки Чанмен де жақын араласқан.
Марат Оспанов
1949 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің Экономикалық реформа, бюджет пен қаржы мәселесі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары (1990-91), ҚР Мемлекеттік Бас салық инспекциясы бастығының орынбасары (1991-92), ҚР Қаржы министрінің 1-орынбасары – Бас салық инспекциясының бастығы (1993-94), ҚР Министрлер Кабинеті жанындағы Шетелдік капиталды игеру жөніндегі комитеттің төрағасы (1995), ҚР Парламентінің бірінші шақырылымдағы Мәжілісінің төрағасы (1996-99), «Отан» партиясы төрағасының орынбасары (1999-2000) Марат Оспанов 2000 жылы қайтыс болған.
Марат Оспанов өмірінің соңғы жылдарына Үкімет пен билікті жиі сынап, "біздің бағытымыз дұрыс емес" деген көзқарасын баспасөзге ашық жариялаған. Ол "Бүгінгі Үкіметтен үміт жоқ, қазақ билігі бұра тартып, халықтың мүддесінен өз мүддесін жоғары қойып отыр" деген сыңайдағы жазбаларымен көзге түседі. Оның өліміне сол кездегі Үкімет пен билікке қиыс ұстанымы әсер еткен болуы ықтимал деген қауесет жеткілікті...
Марат Оспанов: "Біз экономиканың тығырыққа тірелген, тұрақсызданған, аса ауыр жағдайында тұрмыз. Мұндай экономиканың өз заңдары мен талаптары бар. Мұндай экономиканы басқару аса ауыр. Үкіметті саясиландыруға болмайды. Бұл таза экономикалық орган және солай қалуы тиіс.
Оның жұмыс тиімділігі – атқарар қызметін нақты айқындағаны, экономиканы мемлекеттік бақылауға алудың салалары мен шекарасын белгілегеніне, жүйеге таза әрі білікті кадрларды іріктегеніне, заңды сақтағанына және қоғамдық демократиялық институттарды дамытқанына байланысты болады.
Иә, адам ретінде кез келген үкімет мүшесінің пафосты мәлімдемесін түсінуге тырысасың. Ешкім экономиканы және әлеуметтік жағдайды жаман жағынан көрсеткісі келмейді. Алайда мұндайда Үкімет жағдайға әділ баға бере алмайды, соның салдарынан шешім қабылдауда қателеседі. Мұның арты басқа да қателіктерге ұрындырады".
Заманбек Нұрқаділов
Тәуелсіздік алмай тұрып билікке келген, артынан тұтас жұртты ерте білген, Қазақстан билігінің әр саласында қызмет еткен Заманбек Нұрқаділов өзінің мінезімен, батылдығымен, ашықтығымен ел көзіне ерте түскен саяси қайраткердің бірі.
2005 жылдың 12 қарашасында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов үйінен өлі күйінде табылды. Бұл Қазақстан кезекті «мерзімінен бұрын» Президенттік сайлауға дайындалып жатқан шақ болатын. Кеуде тұсынан екі, басынан бір оқ тиген Нұрқаділовтің өлімі қоғамда түрлі әңгіме туғызды. Тергеушілер оның өлімін «өз өзіне қол жұмсау» дегенімен, қоғамдық орта оның өлімі туралы шындық ашылған жоқ деп болжайды.
Ол 2005 жылғы сайлау түсуге бекінбес бұрын, сол кездегі оппозициялық басылымдарға сұхбат беріп, Назарбаев билігін ашық сынға алған. Оның айналасына оппозиция өкілдерімен қатар, зиялы қауым өкілдерінің де топтасуы бимліктің үрейін ұшырды деп қараушылар қатары көп. Заманбектің өлімі де әлі күнге жұмбақ қалпында қалып отыр. "Тіпті ол өлсе де, оның атын ұмыт қалдыруды бүгінгі билік көксеп отыр, ел есінде қалдыруға мүлдем әрекет жоқ, Алматы түгіл, туған ауылынан да бір көшенің аты бұйырмады", – дейді баспасөзге берген сқхбаттарында жесірі, әнші Мақпал Жүнісова.
Алтынбек Сәрсенбаев
Аса танымал қоғам және мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев 1962 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол 2006 жылы 11 ақпанда қасындағы екі жолдасымен бірге қанды қолдар тарапынан атылды. Содан бері оның өліміне нақты кімдердің жауапты екені ашық айтылған жоқ. Әуел баста тапсырыспен өлтіруге нұсқаулық берді деп ұзақ жылға сотталған сол кездегі депутат Ержан Өтембаев ақыры кінәсіз деп табылып, түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққан. Ержан Өтембаев кінәсіз бола тұра не үшін сотталғанын, сот кезінде оған қандай қысымдар жасалғанын өмірінің соңғына дейін ашып айтқан жоқ. Ол 2018 жылы өмірден өтті. Соңғы жылдары Алтынбек Сәрсенбаевты атып өлтірген жендет ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші қызының экс-күйеуі Рахат Әлиев аты аталып жүр. Бірақ Рахат Әлиев бұл қастандықты өзі жасағанын мойындамай кетті.
- 1993 жылдан бастап он жыл бойы баспа, ақпарат және мәдениет саласының мемлекеттік органдарын басқарды. 1993 жылдан Баспа және ақпарат министрі,
- 1995 жылдан Баспа және ақпарат жөніндегі Ұлттық агенттіктің төрағасы, 1997 жылдан Қоғамдық келісім және ақпарат министрі, 1999 жылдан Қазақстан Республикасы қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрі.
- 2001 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы — Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық Қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі. 2002 жылдың қаңтарынан дипломатиялық қызметте, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған.
Алтынбек Сәрсенбаев өмірінің соңында оппозицияға өтіп, билікті әрі сол кездегі президенттің айналасындағы топты ашық сынап, саяси жүйені ауыстыру заман талабы деп мәлімдеген еді.
Алтынбек Сәрсенбаев: "…Демократиясыз қоғам – тұрақсыз қоғам. Тұрақтылық дегеніміз – қоғамдағы барлық пікірлерді ұштастырып, соның жүйесін тауып отыру. Бұл тек демократиялық жолмен келеді".
"…Бальзактың сөзімен айтсақ, бюрократия – көрінбейтін тұлғалардың қолымен жасалатын алапат күш. Бұл оқиға менің де көзімді ашты, ешқашан, ештеңеге таңдануға болмайтынын тағы бір рет түсіндім. Бюрократияның соншалықты агрессивті бола алатынына тағы бір рет көз жеткіздім. Бюрократия агрессивті кейіпке енгенде, президенттің саяси шешімін елеп-ескермеу былай тұрсын, оның саясатына қасақана қарсы шығып, беделін түсіру де түк болмай, мемлекет басшысының кейбір келіспеушіліктерін де құлақтарынан асырып жібере ме деп қалдым".
Сарыбай Қалмырзаев
1949 жылы Жамбыл облысында дүниеге келіп, өмірінің соңына дейін мемлекеттік қызмет атқарған Сарыбай Қалмырзаев 2012 жылы қайтыс болды. Оның да өлімінде жұмбақ жайттер көп дейді білетіндер. Бірақ нақты қандай жағдайда қайтыс болғаны құпия... Оның қашан, қай жерде қайтыс болғаны туралы нақты ақпарат кездеспейді.
Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаев – 1971-1985 ж. Қазақ КСР Орталық статистика басқармасында экономист, бөлім бастығының директоры, ауыл шаруашылығы статистикасы басқармасының бастығы, 1985-87 ж. Академия тыңдаушысы, 1987-91 ж. Қазақ КСР Орталық статистика басқармасы бастығының орынбасары, 1991-94 ж. Қазақстан Республиксы мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, 1994-97 ж. комитет төрағасы, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлікті басқару департаментінің директоры, 1997-98 ж. ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі қызметтерін атқарады. 1998-99 ж. Жамбыл облысының әкімі, 1999 ж. ақпаннан ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі, 2003 жылдан Президенттің іс басқарушысы болып қызмет еткен.
Рахат Мұхтарұлы Әлиев
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дәриға Назарбаеваның экс-күйеуі Рахат Әлиевтің өмірі шытырманға толы детектив роман секілді 1962 жылы Алматыда белгілі дәрігердің отбасында дүниеге келген ол 2007 жылы "банкерлер ісі" бойынша қуғынға ұшырамай тұрып, мемлекеттің жоғары эшалонында әртүрлі қызметтер атқарды. Оны білетіндер саяси және экономикалық қылмысы, бизнесмендерге жасаған зорекерлігі туралы талай "хикаяны" өрбітеді. 2007 жылы оған іздеу жарияланып, кейіннен шетелге бас сауғалағаны белгілі болды.
Уикипедияда ол туралы 2007 жылғы оқиға туралы былай деп берілген: "ҚР Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 26-бабы 4-ші тармағын басшылыққа ала отырып, Мемлекет басшысының атына Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР-ның Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты Өкілі, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ҚР-ның арнаулы өкілі Рахат Әлиевті қызметтерінен босату туралы ҚР Бас прокурорымен келісілген ұсыныс түсірді. Онда Р.Әлиевтің ҚР Қылмыстық кодексінің 3-ші бөлімінің 125-ші бабында көзделген — «өзінің жеке мүддесі үшін ұйымдасқан топтың әрекетімен адамдарды ұрлау, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін екі және одан да көп адамдарға бірнеше мәрте қару қолдану және зорлық-зомбылық көрсету» бойынша айыпталып отырғаны айтылған".
Ол шетелде жүріп, "Өкіл әке" деген кітап жазған. Онда Қазақстан билігін аяусыз сынап, өзін "саяси себептермен қудаланушы" ретінде сипаттаған.
2015 жылы 23 ақпан күні түнде Венадағы Йозефштадт түрмесінде қайтыс болды. Халықаралық зерттеушілер оның өлімі суицид емес екенін айтып, дабыл қаққанымен, ресми билік өз өзіне қол салды дейді. Оны түрмеде асылып өлді дегенге сенетіндер аз.
Рахат Әлиев өлерінен бұрын оның әкесі, белгілі дәрігер Мұхтар Әлиев Алматыда көз жұмған болатын. Ол әкесінің өлімін кеш естігені туралы хат жазған. Рахат түрмеде жазды делінетін хаттың толық мәтіні төмендегідей...
«Әке, сен қайтты деген хабар менің қабырғамды қайыстырды. Мұнда, Венаның тергеу изольяторына хабар кеш жетеді. Қазір сізге арнап бір ауыз сөз айту маған ауыр. Себебі, екеуіміздің арамызда көп нәрсе айтылмай, жасырын қалды.
Сен маған әрқашан үлгі болатын едің. Сенің ізіңді қуып, мен де сен секілді медицина саласында білім алдым. Дәрігер-хирург болдым. Әке, сен Қызылорданың құмды боранында, жоқшылықта, өмірдің тауқыметін тартып өстің. Бірақ, соған қарамай, медицинаның үлкен шыңына жеттің. Бұл, біріншіден, сенің қайтпас қажырлылығыңның арқасы еді. Сонан соң, ҚР медицинасын өз қолыңа алдың, басқардың. Маған бір жағынан қиын, екінші жағынан оңай болды. Сенің танымалдылығыңның арқасында мен де билікке келдім.
Сен «көмекке мұқтаж пациентке қолыңнан келгенше көмек беру менің парызым» деуші едің. Мұқтаждарға болысу, көмек беру сенің ел сүйген қасиеттеріңнің бірі еді. Біз отбасымызда, осы сенің кең жүрегің қаншаға жетер екен деп алаңдаушы едік. Бірақ, бұл сенің таңдауың екенін мен жақсы түсіндім. Сен медицинадағы Әлиевтердің династиясын құрдың. Сенің шәкірттерің Қазақстанның шар тарабында, олар енді өздері доктор, кандидат және мықты хирургтер тәрбиелеуде.
Мен ҰҚҚ басқаруға тағайындаған кезде сенің реакцияңды әлі ұмытқан жоқпын.
Сен: «Қолыңды былғама!» деп едің. Сондай-ақ, «ҰҚҚ, ҰҚҚ – бұл өте лас саясат»деуші едің. Сонда сен: «Сен еш нәрсені өзгерте алмайсың. ҰҚҚ- бұл мемлекеттік билікке параллелді-билік және ол әрқашан лас нәрселермен айналысады»деп едің.
Мен ҰҚҚ-да істегенімнің бір ғана қайыры болса, ол ҰҚҚ архивінен атам туралы деректерді тапқаным болды. Тіпті, архивтердің арасында атамның суреті де болған еді.
1985-1987 жж. Оның басына күн туған кезде оның жанында ешкім қалмаған еді. Сонда, Сен, Владимир Ни және Сыздық Әбішев қана болған едіңдер. Сонда сен өз еркіңмен министрлік орынды босатып, отставкаға кеттің. Сенің бұл орынды босатуыңның басты себебі, оны тығырықтан шығару еді. Саған билік, мәнсап ешқашан қызық емес еді. Сен «дәрігер ретінде мен халыққа керекпін» дедің.
Біздің отбасымызға көңіл айтқан хатында екі түрлі ой білдірген. Оған рахмет. Ең құрығанда менің балаларым, сенің немерелеріңе сенің жерлеу рәсіміңе қатысуға рұқсат берді.
Ол бұл дүниеде ешкімнің мәңгі емес екенін түсінсе керек.
Маған (сенің жалғыз ұлыңа) қазір өте қиын. Сенің алдыңдағы перезенттік парызымды өтей алмағаныма қиналам. Бірақ, бұл уақыт келетініне мен сенем".
Көшіріп жариялауға тиым салынады
Арман ДҮЙСЕНХАН