Данияда мұғалімдерге белгілі бір жағдайларда оқушыларды күшпен ұстауға немесе оларды өз ырқына қарсы...
Жұдырықтасып, орындық лақтырды: Парламентте депутаттар жаппай төбелесті (ВИДЕО)
ЖИ
Армения парламентінде билік пен оппозиция депутаттары жаппай төбелесіп, отырысты тоқтатуға тура келді. Халық қалаулылары бір-біріне жұдырық жұмсап, тіпті орындық лақтырған. Оқиға тікелей эфирде көрсетілді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Armenpress мемлекеттік ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға 29 қазанда Армения Ұлттық жиналысының отырысында болған. Жанжал биліктегі «Азаматтық келісім» партиясының депутаты Тарон Чахоянның сөзінен басталған.
Ол оппозициялық «Күшті Армения» фракциясының жетекшісі Нарек Карапетянның отбасы мүшелеріне қатысты өткір пікір айтқан. Бұған наразы болған Карапетян орнынан жауап қайтарып, кейін мінберге қарай беттеген.
Осы сәтте екі тараптың депутаттары орындарынан тұрып, бір-бірімен жағаласа бастаған. Сөз таласы көп ұзамай жаппай төбелеске ұласып, депутаттар бір-біріне жұдырық пен аяқ жұмсаған.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, төбелес кезінде парламент вице-спикері Ваагн Алексанян оппозиция өкілдеріне қарай орындық лақтырған.
Отырысты жүргізген парламент төрағасы Рубен Рубинян бастапқыда үзіліс жариялаудан бас тартқан.
«Мен әдейі үзіліс жарияламаймын. Мұның бәрін жұрт көрсін. Төбелесесіздер ме, жоқ па – өздеріңіз шешіңіздер», – деген ол.
Алайда жағдай ушығып, депутаттар жұдырықтаса бастаған соң отырыс тоқтатылып, залға қауіпсіздік қызметкерлері шақырылған.
Төбелестен кейін де парламент дәлізінде шиеленіс сақталған. Жергілікті ақпарат құралдары бірнеше депутаттың жарақат алғанын, ғимаратқа жедел жәрдем көлігі келгенін хабарлады.
Парламент басшысы кім кінәлі екенін айтты
Отырыс қайта жалғасқан кезде Рубен Рубинян бейнежазбаларды қарап шыққанын мәлімдеп, жанжалдың басталуына оппозициялық фракция жетекшісі Нарек Карапетянды кінәлады.
Оның айтуынша, Карапетян өз эмоциясын тежей алмай, Тарон Чахоянға қарай ұмтылған. Ал оппозициялық депутат Гарник Давтян Чахоянға бірінші болып соққы жасаған.
Рубинян Чахоянның сөзінен қорлайтын мәлімдеме байқамағанын да айтты.
Оқиғадан кейін биліктегі «Азаматтық келісім» фракциясы жабық отырыс өткізген.
Айта кетейік, Армения парламентінде бұған дейін де билік пен оппозиция өкілдері арасында жанжал болған. Алайда бұл жолғы қақтығыс жаппай төбелеске ұласып, парламент жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті.