Депутат балаларды рұқсатсыз видеоға түсіретін блогерлерге ескерту жасады, деп хабарлайды MADENIPORTA...
Төбесінен су ағып жатқан Қабанбай батыр кесенесіне жөндеу жұмыстары басталды
Коллаж: MadeniPortal.kz
Мақсат Толықбай Астана маңындағы Қабанбай батыр кесенесінің қабырғалары тұзданып, көгеріп, төбесінен су ағып жатқанын айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Оның айтуынша, кесене салынғалы жөндеу көрмеген екен.
“Айтайын дегенім, даңқты қолбасшы, ұлы батырларымыздың бірі Қаракерей Қабанбайдың кесенесіне күрделі реставрация жүргізу мәселесін бұған дейін Жеңіс Қасымбек мырза көтерген еді”, - деп жазды ол.
Мақсат Толықбай қала әкімінің бастамасымен және белгілі меценат, BELES құрылыс компаниясының директоры Махат Төрәлі осы іске мұрындық болғанын жеткізді. Ол өз қаражатынан демеушілік жасап, жөндеу жұмыстарын бастап кеткен.
Айта кетейік, Қабанбай батыр кесенесі Ақмола облысында, Астана қаласының оңтүстігіне қарай шамамен 20 шақырым жерде, Қызылжар ауылынан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 4 шақырым жерде орналасқан.
Кесене 2000 жылы Қаракерей Қабанбай батырдың болжамды жерленген орнына салынған. Кесененің жобасын сәулетші Ақжайық Сәуменов жасаған. Ғимараттың сәулеттік пішіні батырдың дулығасын елестетеді.
Қабанбай батыр кім болған?
Қаракерей Қабанбай батырдың шын есімі — Ерасыл Қожақұлұлы. Ол XVIII ғасырдағы қазақтың әйгілі батырларының бірі әрі қолбасшысы болған. Тарихи деректерде оны Абылай ханның басты батырларының бірі ретінде атайды.
Қабанбай батырдың есімі жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстармен тығыз байланысты. Ол Аягөз шайқасына, Түркістанды қорғау ұрыстарына және жоңғарларға қарсы азаттық күрестің басқа да маңызды кезеңдеріне қатысқан.
1741 жылғы Шаған шайқасында көрсеткен ерлігі үшін халық арасында оған «Дарабоз» деген атау берілгені айтылады.