Тоқаев Лос-Анджелестегі Олимпиадаға қатысты міндеттер жүктеді

Ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
76

Қасым-Жомарт Тоқаев екі жылдан кейін біздің спортшылар Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына баратынын еске салды, деп хабарлайды  MadeniPortal.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Министрлік, Ұлттық олимпиадалық комитет және федерациялар алдында алқалы жұмыс стилін танытып, ұлттық құрама мүшелеріне тиімді қолдау көрсетуді қамтамасыз ету міндеті тұр. 2029 жылы Алматыда өтетін қысқы Азия ойындарына дайындыққа ерекше көңіл бөлу қажет. Ойындар ең жоғары деңгейде ұйымдастырылуы тиіс. Бұл – Қазақстандағы спортты дамытуға, сондай-ақ экономикамыз бен туризм саласына айтарлықтай серпін беретін өте маңызды оқиға», – деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ мемлекет тарапынан бұқаралық және кәсіби спортты дамыту үшін барлық жағдай жасалатынын айтты. Бұл – мемлекеттік саясаттың басымдығы.

«Олимпиадалардың нәтижелері мемлекеттердің ілгерілеуінің маңызды өлшемі болып қала береді. Біздің ел осы жарыстарға қатысқан спортшылардың жалпы саны бойынша 25-орын алды. Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Онда әрбір мақсаткер, еңбекқор адамға, соның ішінде спортта да, өзін-өзі жүзеге асыруға кең мүмкіндік берілуі тиіс. Әділ бәсеке, меритократия, тәртіп, жауапкершілік – үлкен спорт та, кез келген қуатты мемлекет те осы қағидаттарға сүйенеді. Ұлттың жасампаздық әлеуетін дамыту республикалық референдумға шығарылған жаңа Халықтық Конституция жобасының негізгі өзегіне айналды. Негізгі заң әділеттілік, заңға бағыну, табиғатқа ұқыпты қарау, патриотизм қағидаттары прогрестің басты қозғаушы күшіне айналатын мемлекеттің іргетасын нығайтуға арналған», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мемлекетті дамытуда да, үлкен спортта да табыс алдына күрделі мақсат қоя білетін, оны табанды еңбек пен командалық жұмыстың арқасында жүзеге асыратындарға серік болатынын атап өтті.

«Бүгін біз Михаилды және оның тұлғасында ұлттық құраманың барлық мүшелерін құттықтаймыз. Олар өздерінің ең үздік қасиеттерін көрсетіп, жетістікке жету үшін, соның ішінде жеке рекордтарын жаңарту үшін бар күш-жігерін салды. Кейбір спортшылар үшін бұл осындай ауқымдағы алғашқы жарыс болды, соған қарамастан олар лайықты нәтиже көрсетті. Біздің көптеген спортшыларымыздың өз дисциплиналарында үздік ондыққа енгені маңызды. Бұл – болашақ жетістіктер үшін жақсы негіз. Азаматтарымыздың халықаралық деңгейдегі жетістіктері – спортта болсын, мектеп және студенттік олимпиадаларда, өнерде және өзге де салаларда болсын – мемлекетіміздің тұрақты өрлеуін көрсетеді. Жақын арада Милан мен Кортина-д’Ампеццода қысқы Паралимпиада ойындары басталады. Спортшыларымызға сәттілік тілеймін», – деді Президент.

2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары Италияда 6–22 ақпан аралығында Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтті. Қысқы Паралимпиада ойындары да 6–15 наурыз аралығында Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтеді.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Петропавл қаласында тұрмыстық жанжал қайғылы жағдайға ұласты, деп хабарлады MadeniPortal.kz. 5...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева шұғыл мәлімдеме жасады, деп хабарлады MadeniPortal.kz.  Әншіні...