Полиция қазақстандықтарды электрсамокат пен электрвелосипед тізгіндегендердің заңбұзушылықтарын суретке түсіріп, полицияға жіберуге шақырды. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте министрдің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Тротуарда самокатпен жүрсе - суретке түсіріңіз: ІІМ қазақстандықтарға үндеу жасады
Фото: ЖИ
"Біз мұны көріп отырмыз және ретке келтіреміз, бірақ бұл үшін бірлесе күш салу қажет. Суретке түсіріп, бізге жіберіңіздер - бұған әркімнің құқығы бар", - деді Игорь Лепеха Үкіметтегі брифингте.
Оның айтуынша, электрвелосипед мопедке теңестірілген, сондықтан онымен тротуар және жаяу жүргіншілер өткелінде жүруге тыйым салынады. Ереже бұзғандар жауапкершілікке тартылады.
Министрдің орынбасары ІІМ әр тротуарға полицей қоя алмайтынын айтты: ол үшін патрульдік полиция құрамын екі есе көбейту қажет болады. Дегенмен ведомство рейд шараларын жүргізіп жатыр.
"Шамамен 30 мың электрсамокаттың 10 мыңға жуығы айыптұрақта тұр және пайдаланылмайды. Бұл қазірдің өзінде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне оң әсерін тигізіп жатыр", - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Игорь Лепеха электрсамокаттарды тротуардан мүлдем алып тастау туралы алғашқы ұсынысқа кейбір депутаттар мен бизнес өкілдері тарапынан айтарлықтай қарсылық болғанын айтты. Алайда кейін тиісті тыйым бәрібір қабылданды.
Еске сала кетейік, 2026 жылдың 25 тамызынан бастап электрсамокаттардың тротуарда және жаяу жүргіншілер аймағында жүруіне тыйым салынды. Бұл талап жеке самокаттарға да, жалға берілетіндерге де қатысты. Оларды тізгіндегендер тек веложолдар мен веложолақтар арқылы жүруі тиіс.