Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың, мамандандырылған мекемелер мен қызметт...
Тұңғыш киномеханик әйелдің мұражайы ашылды
Қазақта: «Атаның салған жолы бар, ананың тіккен тоны бар» деген афоризм естеріңізде болар. Бұл сөз Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Кенен ауылында ел игілігі үшін еңбек етіп, қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы киномеханик ‒ Рәпия Халыққызы мен ауыл баласына әліппені үйретіп, қырық жылдай ұстаздық қылған Ордабай Сәдібекке қарата айтылғандай. Ордабай ата мен Рәпия апа, сонау Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан кейінгі қос өзендей қосылған тағдырында қилы-қилы күн көп болса да, ешқашан мойымай, жеті баланы аялап өсірген бақытты отбасыға айналды.
«Жақсы мұрап соңынан су ереді» демекші, осы екі кісінің өмірі ‒ өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Жастар «Жақсылыққа жарасады жақсылық» және «Рәпия» атты кітаптарды оқу арқылы ел қадірлеген жандардың басынан өткен уақиғаларымен таныса алады. Жуырда, қазақтың ақтаңгер ақыны, әнші-композитор ‒ Кенен Әзірбаев ауылында ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Жылдар бойы армандап, толассыз жасаған әрекет арты берекетке ұласты. Айтылмыш ауылда қазақтан шыққан тұңғыш киномеханик әйел, КСРО Кинематография үздігі, «Құрмет белгісі», «Октябрь революциясы» ордендерінің иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген Мәдениет қызметкері, Жамбыл облысының Құрметті киномеханигі ‒ Рәпия Халыққызының атындағы мұражай-бөлме ашылды.
Айта кетерлігі, бұл музейді Сәдібек әулеті өз қаражатына жасақтаған-ды. Оның ішіне ардақты ананың көзі тірісінде қолына ұстаған заттары мен құнды тарихи жәдігерлер қойылды. Ал, мұражайдың бір бұрышына Рәпия апамыздың өмірлік жары ‒ Қазақ КСР Оқу-ағарту ісінің үздігі, соғыс ардагері, Қордай ауданының Құрметті азаматы ‒ Ордабай Сәдібек туралы да материалдар қойылған. Ордабай ақсақал ‒ кезінде Жамбыл Жабаевтың батасын алып, Кенен Әзірбаевпен қатар тіршілік кешкен ауылдасы, туысы. Мұражай-кабинеттің ашылу салтанатына Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы, Қордай ауданы Ақсақалдар алқасының төрағасы Біржан Әлімбетовтер арнайы келіп, лентасын қиып, ішіне халықты бастап кірді.
Ауыл жұрты мен Алматыдан арнайы келген мәртебелі қонақтар мұражаймен танысып, тарихпен қайыра табысқандай болды. Көпшілік Мәдениет үйінің орталық залына жайғасқан соң, мерекелік шараның екінші бөлімі ауылдың өмірдей өнерлі ұл-қыздарының әзірлеген концерттік бағдарламасымен жалғасты. Шара барысында белгілі режиссер Ораз Әбішевтің «Рәпия» атты деректі фильмімен қатар, кейіпкердің өміржолы туралы жасалған слайдтар көрсетіліп, көрермен үлкен әсерге бөленсе, ата-әжелер жастық шағын сағына есіне түсіріп, көзіне жас алды.
Сөз бастаған Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы аталмыш мұражайдың аудан үшін маңызы зор рухани оқиға екенін тілге тиек етті. Бұдан кейін Қордай ауданы Ақсақалдар алқасының төрағасы Біржан Әлімбетов Рәпия апамыздың ескі клубта қойған киносын көріп өскенін әсерлеп айтып берді. Сондай-ақ, осы мұражай-кабинет ел мақтан ететін орынға айналатынын, жылдар бойы құнды жәдігерлерді тірнектеп жинап, ашуға себеп болған Сәдібек әулетіне зор алғысын жеткізді.
Жиында Рәпия Халыққызына арналып жыр шумақтары оқылып, ауылдың әнші апалар тобы мен мектептің жасөспірім бишілері өз өнерлерін тарту етті. Әсіресе, Кенен Әзірбаевтың шәкірті ‒ Асылқұл Бүрбаевтың ұлы ‒ Ерлан Бүрбаевтың арнауы елге алабөтен әсер етті.
«Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ‒ Болат Құрымбаев аяулы жан фамилиясына мән беріп: «Халыққызы халық үшін туған екен. Ендеше, елі құрметтеген анаға қандай алғыс айтсақ та жарасымды», ‒ десе, полковник Сайфутдин Шамсутдинов, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап Палатасының редакторы, журналист Нұрымжан Мауыт және елге танымал ардагер фотограф Қуантқан Сапаровтар Рәпия ананың қолынан дәм татып, ғибратқа толы әңгімелерін тыңдағанын баяндап, жылы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, жиырма жылдай асыл ананың жанында жүріп, бел шәкірті болған Серік Сұраншыбайұлы Омаров та сахнаға көтеріліп, ол кісіден үйренген тәлім-тәрбиенің өмірінде үлкен бағдаршам болғанын жеткізді. Ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы ‒ Тұрсынбек, Сиязбай, Аман ағалар да Рәпия апа туралы қызықты әңгімелерімен бөлісті. «Бір кісі жаққан отқа мың кісі жылынады» деген екен батыр бабаларымыз. Бар ғұмырын аудан мәдениетінің өркендеуіне сарп еткен тұлғаға арнап ас беріліп, құран бағышталды.
Анаға құрмет көрсетіп, тамшыдай болсын парызын өтеу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгірген баласы, танымал журналист, жазушы, С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері ‒ Ақын Ордабайұлының бұл ісі ‒ көпке үлгі. Сонымен қатар, мұражайдың ашылуына зор үлес қосқан Сәдібек әулеті мен Рәпия апаның қызы ‒ Асылгүл Сәдібекова, Мәдениет үйінің меңгерушісі ‒ Жазира Орынқызының күн демей, түн демей істеген еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз.
2016 жылы Ақын Ордабайұлының «Рәпия» атты кітабы жарық көрген еді. Соған орайластырып біз де республикалық «Қазақ әдебиеті» гәзетіне «Әйел киномеханик...» атты мақала жазған болатынбыз. Міне, араға сегіз жыл салып ауылда апамыздың мұражайы ашылды, тарих деген осылай жасалады екен ғой, бастама баянды болғай!..
Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург,
әдебиеттанушы-ғалым.
Суреттерді түсірген Қуантқан САПАРОВ.
Мәдениет порталы