Беларусьтен келген туристер Алматы тауларынан адам сүйектерін тауып алды. Тиісті жазба әлеуметтік желілерде жарияланды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Туристер Алматы тауларынан адамның сүйектерін тауып алды
Фото: facebook.com/akhmetova.kz
Facebook-тегі жазба авторының айтуынша, оның беларусьтік достары екі апта бойы Алматы тауларында болған, ал төмен түсу кезінде адам сүйектеріне тап болған.
"Жексенбіде, 16 тамызда, менің беларусьтік достарым - тау туристері біздің таулардағы екі апталық тректен кейін төмен түсіп, маған хабарлады. Олар Северцов мұздығынан туристің сүйектерін тапқандарын айтып, видеосын көрсетті", - деп жазды қазақстандық әйел Facebook парақшасында.
Туристер бірден құтқарушыларға хабарласқан. Әйелдің сөзінше, қазіргі уақытта жергілікті Төтенше жағдайлар департаменті биіктен денені тасымалдау шараларын қабылдау үшін полициядан жауап күтіп отыр.
"Денені мұздықтан түсіру, қаза тапқан адамның кім екенін анықтау, сүйектерді туыстарына тапсыру, тіпті ДНҚ сараптамасын жасау қажет екені түсінікті", - деп жазды ол.
Алматы ТЖД өкілдері Tengrinews.kz тілшісіне жағдайдан хабардар екенін және полиция департаментімен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
"Бірден іске кірістік. Бұл жағдайда құтқарушылар алқалы түрде жұмыс істейді, шешімді жалғыз қабылдамайды. Өйткені хабар-ошарсыз кеткендердің базасы бар, туыстарының өтініш білдірген-білдірмегені ескеріледі. Біз полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Қазір іс-қимыл алгоритмін нақтылаймыз. Құтқарушылар әрдайым дайын. Бұл бір күндік экспедиция емес", - деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Материал жарияланар тұста ТЖД өкілдері ТЖМ "Қазавиақұтқару" әуе кемесі мен "Барыс" республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары және ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының мамандары денені Северцов мұздығынан түсіру жұмыстарын жүргізу үшін ұшып кеткенін қосты.
"Дене төмен түсірілгеннен кейін Алматы облыстық полиция департаментінің қызметкерлеріне тапсырылады. Жұмыс барысы айтарлықтай биіктікке, аймақтың жетуге қиындығына, күрделі тау рельефіне, тік беткейлер мен биік таудағы қатал жағдайларға байланысты қиындап отыр", - деп толықтырды ТЖД.