Түркістан облысында екі басқарма басшысы қамауға алынды

ашық дереккөзден алынған

ЖАҢАЛЫҚТАР
488

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Түркістан облысындағы жергілікті атқарушы органдардың бірқатар басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлады MadeniPortal.kz

Бұл туралы ҰҚК-нің баспасөз қызметі жазды.

Тергеу деректеріне сәйкес, облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы бағынышты қызметкерімен сөз байласып, қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге бөлінген **191 миллион теңге** бюджет қаржысын жымқырған.

Сондай-ақ, Ветеринария қызметі басқармасының басшысы тарапынан пара беру дерегі де тергеліп жатыр. Тергеу нұсқасына сай, шенеунік қаржы-шаруашылық қызметке жүргізілген тексерістің оң қорытындысы үшін комиссия мүшелеріне 16 миллион теңге берген.

«Соттың санкциясымен аталған тұлғалар қамауға алынды», — деп нақтылады ҰҚК.

Басқа мәліметтер жарияланбайды — бұл Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу материалдарының жария етілуіне жол берілмейді.