2025 жылдың қаңтар айынан бастап Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 31 қазандағы №761 бұйрығыме...
Түркістан облысында құтыру күдігі бар шибөрі балаларға шабуыл жасады
ашық дереккөз
Түркістан облысында балаларға шибөрі шабуыл жасады. Жыртқыш екі кәмелетке толмаған бала мен бір ер адамды тістеп үлгерген, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
КТК телеарнасының хабарлауынша, жануар қыз баланың екі аяғы мен саусақтарын тістеген. Одан кейін шибөрі 15 жастағы жасөспірімге тап берген. Көмекке ұмтылған ер адамға да жануар шабуыл жасап, 42 жастағы ауыл тұрғынын тістеп кеткен.
Аудандық ауруханада зардап шеккендердің барлығына екпе жасалды. Олардың жағдайы тұрақты. Ауыр жарақат алған қыз дәрігерлердің бақылауында қалуда.
Жергілікті ветеринарлар шибөріден сынама алып, зертханаға жіберді, одан құтыру дертіне күдік бар. Мамандардың айтуынша, бұл жануарларға адамдарға шабуыл жасау тән емес.
«Жабайы табиғатта шибөрілер әдетте адамдарға шабуыл жасамайды. Шабуылдың себептері үш факторға байланысты болуы мүмкін. Біріншісі – құтыру ауруы. Екіншісі – төлін қорғау. Үшіншісі – саны көбейіп, қорек қоры өте азайған кезде», – деп түсіндірді Қарағанды облысы табиғи ресурстар басқармасының жедел тобының жетекшісі Нұрлан Байжұманов.