Ұлттық руханиятты шимайлау қашан тоқтатылады?

Жаңалықтар
4335

Көбінде өзіме ренжимін, неге көп өзге ұлттың филімдерін, сериалдарын көріп кеттің деп. Қайсібірін қайталап көріп жатқаным соншалық, солардың салттарын, тарихтарын, ырым-жоралғыларын өз ұлтымының әдеп-ғұрпынан артық ұғып алғандаймын. Және осы әлеуметтік желіде де қазақтың емес, түріктің, кәрістің, қытайдың тарихи тақырыптарын жиі талқылап жататындарын көремін. Қазақтың филімдерін көрмейді емес көремін, бірақ бұрыңғыларын. С.Ходжықов, Ш.Айманов, М.Бегалин, А.Қарсақбаев, Ш.Бейсенбаевтардың түсірген дүниелеріне неше дүркін соғып отырдым, алдағы уақытта да оралатынымды білемін. Енді дәл солай, бүгінгінің көркем фильмдерін неге рахаттанып көре алмайсың. Жақсы фильмдер жоқ емес, бар. Бірақ олар аздық етеді. Азды қаумалап алған көп фильм-сериалдарда кейіпкер жеңіл, жалаң беріледі. Жан-жақты зерттелмейді. Көрушінің көңілін толқытып елжірететін, тамсанып сүйсіндіретін сәтті бейнелер, кадрлар тым сирек. Мазмұны тайыз, тұзы татымаған көріністерден бас көтере алмайсың. Ал, көрерменнің қашанда кинодан күтетін, театрдан іздейтін асылы – қалың ой, қатпарлы мінез, күрделі сезім ғой. Неге осы қасиеттер бұрыңғыларда болды, бүгінгілерде тапшы.

Біріншіден: Киноның сәтті шығуы жалғыз режиссерге ғана емес, сценарийге де, актердің кейіпкер табиғатын түсініп ойнауына да байланысты. Жоғарыда аталған режиссерлер - О.Сүлейменов, Ә.Тарази, Қ.Ысқақ, А.Сүлейменов сынды керемет сценаристерімен бірге іс бітірсе, екіншідіен: С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, К.Қармысов, К.Қожабеков, К.Кенжетаев, Ы.Ноғайбаев, Ә.Өмірзақова, Ф.Шәріпова, А.Әшімов секілді, кесек образдарға келгенде қамшы салдырмайтын тамаша актерлермен жұмыс жасай білді. Міне, кіл мықтылардың арқасында жасалған көркем дүние әлі күнге дейін өміршеңдігін жойған емес. Мысалы, Ә.Өмірзақованың экрандағы Анасы мен Танасын, Н.Жантөриннің Шоқаны мен Бейбарысын, А.Әшімовтің Чадияровы мен Бекежанын, К.Қожабековтың Айдары мен Сырлыбайын, Ы.Ноғайбаевтың Амантайы мен Комиссарын, Ә.Боранбаев пен Ә.Молдабековтің Тасқыны мен Шегесін, М.Өтекешованың Жібегін, Г.Исмаилованың Ботагөзін ұмыта аласыз ба? Жоқ, әрине. Олар сахнамыз бен киномыздың алтын қорында қалай сақталып қалса, біздің жүрегіміздің төрінде де мәңгіге тұрақтап қалды. Дәл осылай санамызда жатталып қалардай бүгінгінің актерлерінің ойынына неге тебіренбейсің? Неге солармен бірге жылап, бірге күлмейсің? Көріп отырғанда, не сценариі, немесе режиссерлік шешімі, я болмаса орындаушылардың шынайылығы көңілден шықпай жатады. Әйтеуір, бірнеше қайнауы ішінде. Оған кім кінәлі, әлбетте режиссер. Кино қырық құрамнан тұратын синтездік өнер екенін бесенеден білеміз. Сценаристі де, актерлерді де, композиторды да, топ қызметкерлерді де таңдап алатын режиссердің өзі болғандықтан, ол өте көрегенді, қағылез, зерек болу тиіс. Меніңше, жай адам байқамайтын, көзге бірден түсе қоймайтын микрокөріністерді танып, оның сырларын түсіндіргісі келіп тұратын режиссерлердің таным-түйсігі мол болу керек. Яғни, көбісі мән бере бермейтін өмірдегі ұсақ элементтерді, адамдар арасындағы майда талшықтарды көрсете алмаған фильмдердің де, спектакльдердің де тез ұмытылатыны сондықтан. Үтір, нүктесіне дейін мән беретін тынымсыз, мазасыз Суретшіден ғана мағыналы дүние шығады. Ал, бізде бәрі тез. Ойлану аз. Азаптану жоқ. Қиналғылары келмейді. Бәрін оңай көретіндіктен жылдағы шығарылатын фильм-сериалдардың көпшілігі есте сақталмайтыны, ұмытылып қала беретіні содан. Бір-ақ рет көріп қоя салған дүниелердің кемшілігінің бәрін мына жерге жазып отыру мүмкін емес. Кино сыншылары өздері жаза жатар. Тек ондғы бір-біріне ұқсас соғыс картиналары, көпшілік сахналарының аздығы, киімдерінің үйлеспейтіндері, декорацияларының жұтаңдығы, басты кейіпкерінің бір линияда жүріп алатындығы, түрлі ситуацияға қарай мінез құлықтың түрленіп отыру жағы көмескі тартуы тағы сол сияқты толып жатқан көп суреттеріне сене бермейсің. Ал замандастар бейнесі деген желеумен, танымдық дүниеге емес, түкке тұрғыссыз тірліктерді күйтеп, арзан әрекеттерге халықты әбден тәуелді етіп қойғандары тіпті өкінішті. Көшеге төгілген кірдің суы секілді, жүрегің айниды.

Қысқасы, артық еті жоқ, айналасы жұп жұмыр келген фильмдерді көру арман болып жүр. Егер режиссерлеріміз белгілі бір тақырыпты, идеяны, сюжетті бөліп алып бүге-шүгесіне дейін зерттесе, көркем дүниенің игілігіне бөлінген қаржыны талан-таражға түсірмей түгелімен жұмсалса, бәлкім кинофестивальдердің ғана емес, халықтың да назарын өздеріне аударар ма еді деп ойлаймыз. Осы айтылған проблемаға байланысты үйдегі газет қиындыларының ішінен Ш.Аймановтың берген сұхбатын тауып алдым. Сол газеттен мына бір үзіндіні келтіре кетейін. «Қазір кино мамандары кино техникасын жете меңгергенге ұқсайды. Бұл күнде кино жасау тәсілін білмейсің деп ешкім айта қоймас. Бәріміз де білеміз. Ал әлі күнге дейін біле алмай, меңгере алмай келе жатқан ең күрделі мәселе, қиын міндет бар. Ол – Адам. Оның психологиясы, терең сезімі. Яғни, кинода адам образын жасау. Адамның күрделі, мол қатпарлы, әрі кесек, әрі ұмытылмайтын образын жасау үшін жоғарыда айтылған техникалық тәсілдерді білу аз. Ол үшін алдымен үлкен ойлы, шебер суреткер болу керек. Бұлай болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оңайшылықпен қолға түспейтін қасиет» деп, қалай керемет жеткізген. Оңайшылықпен қолға түспейтін қасиет болса да, орта жолда қосылған жолбикелер мұны нағыз оңай түріне, табыс көзіне әлдеқашан айналдырып алған. Осындай өрескел қылықтардың орын алуы – жоғары жақтан қадағалап, сүзгіден өткізіп, іріктеп отыратын орталықтың болмауы, болса да дұрыс жүзеге аспауы. Күні кеше ашылған «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын» бүгінде сынға алып жатқандарын естіп жатырмыз. Иә, ашылғанда басында біз де қуандық, «ұлттық» деген сөзді естісек соған қуанатын деңгейге жеттік қой. Енді түзелер, енді нәтижесін берер дедік. Қайдағы, мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықтының керісі болды. Ұлттық кино орталығындағы кеңес мүшелерінің 90% орысша ойлап, орысша сөйлейтін дүбаралардан құралса, иегіңді түк баспағанда қайтсын. Өз тілінен безінген, жерінген желбуаздардың қатарында қалғысы келмеген екі режиссердің тұра қашқандарын естідік (С.Нарымбетов, Е.Тұрсынов). Әлбетте, өз жерінің нанын жеп, суын ішіп отырған шаладүмбілез пенделерге келіп түскен қазақша сценарийлерді орысша айтып түсіндіруден асқан сорақылық жоқ шығар, сірә. Міне, осылай ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан төл өнеріміз туған топырағының иісі аңқыған төл дәстүрінен алшақтап кетті. Әдептіліктен ада, қазақы иістен жұрдай тексіз көріністер киномызды кеулеп келеді. 

Менің бір түсінгенім, өзге тілде сөйлеушілер осындай орындардан кетпей ештеңе өзгермейді екен. Кейде тірліктеріне қарап, қазаққа қарсы жоюға, рухын құртуға арналған саясат па деп қаласың. Ұлттық өнердің, тілдің құнын түсіріп жүрген өзге ұлттың өкілдері емес, Өзіміз ғой. Ана тілі мен ұлттық өнерге «шекесінен қарауды» сәнге айналдырғандар осындай орындарда жайғасып алса, қазақы болмысымыздың бояуы қайдан анық болсын?! Өз тілін селдір білетін, өз өнеріне, тарихына, дәстүріне селқос қарайтын рухани жағынан кембағал адамдардан құтылудың жолы жоқ болғаны ма? Бұл қалай сонда? Ашығын айту керек, билік басындағылар қазақ тіліне қатысты қанағаттанарлық деңгейде іс атқарып жатқан жоқ. Әрине, қазақтың зиялы қауымдары ұлттың мәдениетін, тарихын, әдебиетін айтпай қалған кезі жоқ. Әлі де айтып-ақ, жазып-ақ жатыр. Тек соған құлақ асып жатқан құлықты жан жоқ. Анау-мынау деп шала бүлініп жатырмыз, бірақ басты нәрсені айтайын, сөз қадірін түсінетін, ұлт намысы дегенде жанып-күйіп кетердей мінезді, рухты адам келмейінше, сіз бен біз айтқан мәселелердің түйіні ешқашан шешілмейді, одан ары шимайлана береді. Өз ана тілінде сөйлемеген адамнан, басшыдан, ортадан «Ұлттық киноға» тән тәуір туынды күту бекершілік, бос әурешілік. 

Айзат ҚАДЫРАЛИЕВА

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...