Ақтөбеде бұрынғы әйелін қылқындырып өлтірген айыпталушы сот алдында жауап берді, деп хабарлайды made...
Үндістердің тарихынан сабақ алу міндетіміз
1492 жыл. Бұл жылды бүгінде үндістер «қарғыс атқан қанды жыл» деп атайды. Өйткені Х. Колумб дәл осы жылы Америка құрлығын ашып, нәтижесінде жергілікті халық миллиондап қырылды. Х. Колумб ең бірінші болып Багам аралдарына түскенде былай деп жазды: «Бұл жердің халқы өте көп. Бірақ санының көптігіне қарамастан олар ешқандай қиыншылық көрмеуде. Азық-түлік жеткілікті, жемістің сан түрін өсіреді, ал жергілікті халық бақытты көрінеді. Бұларды жаулап алып, өз дінімізге кіргізсек, олардан тамаша қызметкерлер шығар еді…» Колумб ашуларынан кейін Америка құрлығына Еуропадан сансыз кемелер жол тартты. Олар жергілікті халықты қырып-жойып, жаулап алу мақсатын алдарына қойған еді. Испан патшасы «Жаңа әлем» атты экспедиция ұйымдастырып, испандықтар Америка құрлығын бірінші болып бағындырды. Олар жергілікті халықты жаулап, егіндік жерлерін тартып алды. Тіпті себепсізден — себепсіз үндістерді өлтіріп, иттеріне тамақ ретінде де жегізген сәттері болған еді. 1539 жылы конкистадор Франсиско де Чавес «Каруа Кончукос» патшалығын жермен жексен етіп, үш жасқа толмаған 600 сәбиді өлтіріп, адамзат тарихы көрмеген зұлымдықты жасады. Ол жайлы сол сәттің куәгері болған Бартоломе де Лас Касастың «Үндістердің қырылуының қысқаша түсіндірмесі» атты кітабында жазылды. Отарлаушыларды сол сәтте талқандап тастауға болар еді, алайда үндістер өзара бөлініп, бір-біріне көмекке келмеді. Тайпа тайпа, ру руға бөлініп қырқысып жатты. Олар үшін отарлаушыларды талқандағанға қарағанда, бір-бірін қырып жою маңыздырақ еді.
1622 жылы ағылшындар Джеймстаун маңында үндістерді бір-біріне қарсы қойып, қырып салды. Могиикан, Наррагансетт тайпаларын Пекот тайпаларына, Минго тайпасын Хочи тайпасына, Вийот тайпасын Раки тайпасына, Навахо тайпасын Сиу мен Шайена тайпаларына, Шошон, Алеут, Апачи, Пуэбло, Мешика (Мексика атауы содан шыққан), Команчи, Кайова, Майя (10 млн), Ацтек, Инк (20 млн), Варао, Ботокудо, Тотонаки, Арапахо, Пауни, Теуельче, Модок Семоноло, Не-персе сынды 200-ге жуық тайпалар арасындағы алауыздыққа май құйып, өзара қырқыстырып отырды. Олар ағылшындар мен испандықтарды, португалдықтарды одақтас санап, өз тайпаларын қыруға жол ашып берді. Ғасырлар бойы өркендеген Майя, Инк және Ацтек патшалықтары сыртқы күштердің керемет ойластырған сценарийі бойынша өзара тартыстан құлатылды, үндістердің өркениеті жойылды. 1500-1800 жылдар аралығында Солтүстік және Оңтүстік Америкада еуропалықтар әкелген эпидемиялардан, өзара қырқыстан және күштеп қоныстандырудан 80 млн үндіс қаза тапқан. Үндістердің ру аралық соғыстары олардың жеңілуіне әкеліп соқты. Этнографтардың есептеуінше 16 ғасырда Оңтүстік және Солтүстік Америкада 130-160 млн үндіс болған. Ал 1926 жылғы санақ бойынша қос Америкада бар жоғы 7 млн үндіс қалыпты. Д. Стэннард 1992 жылы шыққан «Американдық холокост» кітабында: «4 ғасыр ішінде 100 млн үндіс қырылды» деп жазды.
Айта берсе тарих талай сыр мен мұңды, зұлымдық пен қателікті бұғып жатыр. Мен бұл жазбам арқылы ешкімді айыптамаймын, мен тек қана «ұлтыңнан руыңды жоғары қоюдың түбі неге апарарын, ондай процессті тарих қалай жазалағанын» көрсеткім келді. Бүгінде руға бөліну елімізде белең алуда, сыртқы күштер бұл құбылысты арам пиғылына бүгін болмаса ертең қолданып кетуі бек мүмкін. Руыңды білу міндет (генетикалық және шежіре тұрғысына), алайда ол ешқашан «ҚАЗАҚ» деген ұлы ұлтымыздан жоғары тұрмайды. Тым рушылдық, тайпашылдық кесірінен 100 млн үндістің 2 млн отарлаушыдан қырылғанын ұмытпайық ағайын...