2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап...
Жангелдин ауылындағы іс бойыша тағы бір жайт белгілі болды
ашық дереккөзден
Атырау облысы Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылында ерлі-зайыптының өлтірілуі туралы іс бойынша қаза тапқан жұбайлардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев халықаралық іздеуге жарияланды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Сонымен қатар полиция күдіктінің жұбайы — қаза тапқандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваны іздеуді жалғастырып жатыр. Тергеу аясында ол хабар-ошарсыз кеткен ретінде тіркелген.
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, халықаралық іздеуге қатысты мәліметтер жария етілмейді.
«Халықаралық іздеудің бағыттарын айта алмаймыз, өйткені күдіктілерге жетуі мүмкін кез келген ақпарат тергеу барысына кедергі келтіруі ықтимал. Халықаралық іздеу әлемнің барлық елдері бойынша жүргізіледі», — деп түсіндірді ол.
Іздеуде жүргендерді ұстау үшін арнайы жедел-іздестіру топтары құрылды. Полиция олардың қолға түсуі жағдайында жәбірленушілердің туыстары мен БАҚ өкілдері ресми түрде хабардар етілетінін айтты.
Тергеу барысында құқық қорғау органдары жоғалғандардың қозғалысы туралы деректерді зерттеп жатыр. Полиция мәліметінше, отбасы мүшелерінің телефондары мен SIM-карталары әртүрлі уақытта Қазақстанның әр өңірінде тіркелген, бұл қосымша іздестіру шараларын жүргізуге негіз болған.
Сонымен бірге полиция халық арасында тараған, қаза тапқан жұбайлардың үлкен қызы Мирагүл Қарабалина мәйіті табылды деген қауесеттерді жоққа шығарды.
«Мәйітті септиктерден немесе шұңқырлардан тапты деген хабарламалар шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта полиция соңғы бірнеше ай ішінде қала аумағында болуы мүмкін орындарды тексере отырып, іздеу жұмыстарын жалғастыруда», — деді Мейірім Ердәулет.
Полиция сондай-ақ Мирагүл Қарабалина Атырауда бейнебақылау камераларына түскенін растады, алайда оны нақты қай камералар түсіргені және қандай әрекеттер жасағаны тергеу мүддесіне байланысты нақтыланбайды.
Құқық қорғау органдары жұбайлардың қаза болу себептері туралы тараған болжамдарға да жеке түсініктеме берді.
«Әлеуметтік желілерде жұбайларды тұншықтырды немесе басқа да дене жарақатын салды деген жорамалдар айтылды. Алайда марқұмдардың денелерінен пышақпен салынған кесіп-тесетін жарақаттар анықталды. Денелер сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Жарақаттардың сипаты, өлім себептері және кісі өлтірудің нақты уақыты туралы түпкілікті қорытындылар сарапшылардың қорытындысы алынғаннан кейін жасалады», — деді полиция департаментінің баспасөз хатшысы.
Бұдан бөлек, бейнебақылау камераларының жазбаларын талдау және жедел іс-шаралар барысында жәбірленушілердің шоттарындағы зейнетақы жинақтары қай жерде және кім тарапынан шешіп алынғаны анықталған.
Соңғы мәлімет бойынша, Наурыз Мұқанғалиевтің телефоны 6 қаңтардан бастап өшірілген. Қазіргі уақытта жәбірленушілердің телефондарын және SIM-карталарын іздестіру жалғасуда.