Алматыда лай көшкіні басып қалған үйдің үйіндісі астынан 17 жастағы жасөспірімнің мәйіті табылды,&nb...
Жетісу облысында 4 жасар ұлын батареяға байлап, ұрған әйел сотталмайтын болды
ашық дереккөз
Жетісу облысында кәмелетке толмаған ұлын азаптады деп айыпталған 28 жастағы әйелге қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Қылмыстық іс Панфилов аудандық сотында қаралып, тергеу барысында күдіктінің психикалық ауытқуы бар екені анықталған. Осыған байланысты әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, оған медициналық сипаттағы мәжбүрлі шара қолдану туралы шешім қабылданды.
Оқиға 2026 жылғы 18 қаңтарда Панфилов ауданына қарасты Нұркент кентіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. Әлеуметтік желіге тараған видеода жас әйелдің шамамен үш-төрт жастағы баланы жылу батареясына байлап қойып, ұстаған еді.
Кейін белгілі болғандай, анасы баласын жуынатын бөлмедегі кранды жабуды ұмытып кеткені үшін осылай “жазалаған”.
Сот-психиатриялық сараптама қорытындысын негізге алған сот әйелді жалпы типтегі психиатриялық стационарға мәжбүрлі емдеуге жіберді.
“Сот шешім қабылдау кезінде баланың анасына қатысты сараптама қорытындылары негізге алды. Оған мінез-құлқында айқын бұзылыстары бар, күтім мен емдеуді қажет ететін жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі диагнозы қойылған. Қылмыс жасалған сәтте ол өз әрекеттерінің нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін түсіне алмаған әрі оларды басқара алмаған. Психикалық жай-күйіне байланысты әйел сот процесіне қатысуға қабілетсіз және өзі мен айналасындағыларға қауіп төндіреді. Осыған байланысты ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, жалпы типтегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеу түріндегі медициналық шара қолданылды”, – деді Жетісу облысы сотының баспасөз қызметінің басшысы Нұрсұлтан Орынбасаров.
Ал әйелдің төрт және екі жастағы екі ұлы қазір Талдықорған қаласындағы балалар мекемелерінің бірінде тәрбиеленіп жатыр. Жақын күндері сот қорғаншылық және қамқоршылық органдары ұсынған материалдарды қарап, балалардың әрі қарайғы тағдырына қатысты шешім шығаруы тиіс.
Еске сала кетейік, видео желіге тарағаннан кейін күдікті әйел уақытша ұстау изоляторына қамалған еді.