Петропавлда ер адам қолынан айырылып қала жаздады

Фото: Pixabay.com

ЖАҢАЛЫҚТАР
127

Петропавл қаласының 43 жастағы тұрғыны қолын әйнекпен кесіп алғаннан кейін бірден дәрігерге қаралмай, ауруханаға тек келесі күні жүгінген, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Алайда сырт көзге жеңіл көрінген жараның астарында жүйкелердің ауыр зақымдануы анықталды.

Ер адам жедел медициналық жәрдем көрсететін көпбейінді қалалық аурухананың травматология бөліміне оң қолының білезігіндегі терең кесілген жарақатпен жеткізілді. Ол саусақтарын бүге алмайтынын және олардың сезімталдығы айтарлықтай төмендегенін айтқан. Тексеру барысында дәрігерлер қолдың сезімталдығы мен қимылына жауап беретін шынтақ және ортаңғы жүйкелердің толық үзілгенін анықтады.

Науқас шұғыл түрде ауруханаға жатқызылып, операцияға жіберілді.

«Операция барысында оң қол саусақтарының бүгетін сіңірлеріне пластика жасалып, жараға ревизия жүргізілді. Сондай-ақ шынтақ және ортаңғы жүйкелер қалпына келтіріліп, тігілді. Диагноз – оң білек төменгі үштен бір бөлігінің кесілген жарақаты, шынтақ және ортаңғы жүйкелердің толық үзілуі», – деп хабарлады аурухана өкілдері.

Отадан кейін ер адам ауруханада сегіз күн ем қабылдады.

Дәрігерлердің айтуынша, саусақтардың сезімталдығын сақтап қалу мүмкін болған. Бұл – мұндай жарақаттан кейінгі қалпына келудің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Қазір науқастың қолына гипс салынған. Мамандар гипс алынғаннан кейін қолдың қимыл-қозғалысының қаншалықты қалпына келгенін бағалайды.

Медицина қызметкерлері алғашында қарапайым болып көрінетін кесілген жараның өзі ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Егер жарақаттан кейін саусақтардың ұюы, сезімталдықтың жоғалуы немесе оларды бүге алмау байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Жүйкелер зақымданған жағдайда уақыт шешуші рөл атқарады: операция неғұрлым ерте жасалса, қолдың қызметін толық қалпына келтіру мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Дәрігерлер тұрмыстық жарақат алған күннің өзінде ауруханаға баруды кейінге қалдырмауға шақырады. Себебі уақыт өткізіп алу қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін.

ЖАҢАЛЫҚТАР

АҚШ әскері 30 шілдеге қараған түні Иранның Кешм аралындағы тұрғын үйге соққы жасау үшін ең қуатты яд...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Семейде құрылыс алаңынан адам сүйектері табылды. Полиция әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты раст...