ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті «Дикий Арман» лақап атымен...
«Жұмыста қысым көрген»: Көкшетауда сот қызметкерінің жұмбақ өліміне қатысты тергеу басталды
әлеуметтік желіден
Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы Аян Дүйсековтің қазасына байланысты оның отбасы қайғылы оқиғаның мән-жайын жан-жақты тексеруді талап етті. Марқұмның жұбайының айтуынша, соңғы айларда күйеуі жұмыс орнында моральдық және психологиялық қысымға ұшыраған, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
1998 жылы туған Аян Дүйсеков сот жүйесінде қызмет атқарған. Жұбайының сөзінше, ол өз мамандығына адал болып, демалыс күндері де жұмысқа шыққан және болашақта судья болуды армандаған.
Алайда отбасының мәлімдеуінше, соңғы айларда Аянға жұмыс орнында психологиялық қысым көрсетілген. Сондай-ақ оған әділетсіз тәртіптік жаза қолданылып, бірнеше ай ғана тұрған қызметтік пәтерінен шығару мәселесі көтерілген.
Марқұмның жұбайы құзырлы органдардан аталған жағдайларды жан-жақты тексеріп, лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап отыр.
Сонымен қатар, ол Аянның қазасынан кейін кейбір басшылардың еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдегені туралы ақпаратты да тексеруді талап етті.
Ақмола облысының полиция департаменті Аян Дүйсековтің өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды», – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Марқұмның артында жұбайы мен екі кішкентай баласы қалды.
Туыстары ешкімнен кек алуды көздемейтінін, тек шындықтың анықталып, қайғылы оқиғаға қатысты объективті тергеу жүргізілуін қалайтынын жеткізді.
Айта кетейік, жұмыс орнында қысым көрсетілгені және оның қайғылы оқиғаға ықпалы туралы мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ. Түпкілікті қорытынды тергеу нәтижесінде жасалады.