Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ән өнерінің ақтаңгер...
Әміре Қашаубаевтың бір ғасыр бұрынғы Париждегі дауысы табыла ма?
Ашық дереккөз
Мұхтар Әуезов: «Әміре ойдағы бір «арық» әндерді де «семіртіп», жұтындырып, құлшындырып жібереді. Кәдімгі ауылда біз естіп, менсінбей жүретін әндер Әміренің аузына түскенде құлпырып сала беретін еді. Бұл жағынан Әміре тек орындаушы емес, композитор да еді, ол әндерді шын мағынасында өңдеп жіберетін еді».
Әміре Қашаубаев 925 жылы Парижде өнер көрсетіп келеді. Бірнеше концерт берген Әміренің дауысын ол жақта арнайы дыбыс жазу құрылғысына жазып алған екен. Бұл жайлы ауызекі тілде көп айтылып жүрді. Ал Мұхтар Әуезов пен Елубай Өмірзақов өз естелігінде жазып кеткен. Десе де бір ғасырға жуық уақыт ішінде бұл аудиотаспалар табылмады. Әміретанушы Жарқын Шәкәрім (1947-2019) бастаған бірнеше адамдар іздеп көрді, сұрау салды. Нәтиже жоқ.
Біз де осы уақытқа дейін іздеп-жазып көрген жеріміз көп еді. Францияның бірнеше мұрағатынан, жеке коллекция иелеріне хат жазып, мән-жайды түсіндіріп келеміз. Ғаламтордағы ағылшын, француз тілдеріндегі бірқатар аудио мұрағаттардың тұрақты тыңдарманына айналдық. Әміренің нақ өзіне қатысты болмаса да, жанама деректер көп табылды. Соның бірі атақты орыс әншісі Шаляпиннің қызы Лидия айтқан «Дудар-ай» әнінің табылғаны еді.
Бүгінгі әңгіме Әміремен Еуропада сапарлас болып, бір сахнада өнер көрсеткен екі өнерпаздың табылған жазбасы жайлы. Өйткені бұл да Әміренің ән айтқаны таспаланғаны жайында жанама дерек бола алады. Әміретанушы Жарқын Шәкәрім де дүниеден өткенше «Әмірені Парижде фонографқа жазып алған адамның тегі Перно еді, жазған жері Сорбонна институты болатын» деп сұхбаттарында айтып, кітаптарында жазып жүретін. Біз тапқан Әміре сапарластарының аудиоларын да сол Перно мырза жазып алған. Әуелі сол Перно жайлы тоқтайық.
Юбер Перноның (1870-1946) (французша жазылуы Hubert Pernot) негізінен тіл маманы болған екен. Париждегі «Тіл мұражайының» негізін салушы. Негізгі зерттеу бағыты – грек тілі. Саналы ғұмырында Париждегі Сарбонна сияқты түрлі ЖОО ұстаздық өткен. 1920-1930 жылдар аралығында фонографқа көптеген адамды жазып алған.
Ортада отырған Юбер Перно. Фонографқа адамның дауысын басып алу сәті.
Перно зейнеткерлікке шыққан соң Францияның орталығындағы Тортерон қалашығына көшіп барады. Жеке мұрағатын да өз үйінде сақтап жүрген. Екінші дүниежүзілік соғыста неміс әскері Тортерон қаласын басып алып, әр үйге тінту жасағанда Перно мұрағатының көп бөлігін жойып жіберген екен.
Енді әншілердің өздеріне келейік. Біз Әміреге қатысты екі әншінің дауысын таптық дедік. Біріншісі – әзербайжан бұлбұлы Шевкет Мамедова болса, екіншісі – Анатолий Доливо. Екеуі де Әміремен бірге Парижге сапарлас болған. Ал Довило екі жылдан кейін Әміремен Германияға да барған.
Мына фотода Әміре оң жақта бірінші шапан киіп, домбыра ұстап отыр. Жерде отырған бес адамның қақ ортасындағы – орамалын таққан Шевкет Мамедова. Ал үшінші қатарда тұрғандардың сол жақтағы бірінші костюм киіп, галстук таққан адам – Анатолий Доливо.
Юбер Перно Шевкет Мамедованы нақты таспаға жазып алған уақыты белгілі. Бұл 1926 жылдың 18 мамыр айы. Оны төменде келтірілген арнайы толтырма қағазынан көреміз. Перно өз ісіне өте мұқият болса керек. Өйткені ашық дереккөздерден тапқан Перноның журналында оның жүрген жері мен уақыты жазылып отырған. Әрбір респондент (сұхбат беруші) жайлы бір беттік анықтама қағазы бар. Шевкет Мамедованың анықтама қағазында жазылған күнінен бөлек, оның аты-жөні және айтқан шығармасы жазылған. Бұл жолы әзербайжан бұлбұлы өз ұлтының халық әнін айтса керек.
Бұл жазылғаны кейін пластинка болып жарыққа шығады. Пластинка шыққан нақты уақыты белгісіз. Біздің ойымызша көп уақыт өтпеу керек. Өйткені барлық құрал-жабдық бар. Сондықтан 2-3 ай көлемінде жиналған деректерді саралап, пластинка басу өндірісіне жіберген болу мүмкін деп топшылаймыз. Төменде сол пластинканың фотосуреті берілген.
Анатолий Доливо бірнеше рет барып жазылған екен. Юбер Перно мұрағатынан 1925 және 1926 жылдары жазылған деген А. Доливоның он шақты жазбасы табылды. Мысалға төменде берілген анықтама қағазында әншінің дауысы 1925 жылдың 18 қарашасында жазылған дейді. Әндермен қоса Пушкин сынды ақындардың өлеңдері де бар. «Жазылғанның бәрі дұрыс» дегендей Доливо кирил әріптерімен қолын қойған екен. Оң жақ шетінде Перноның да қолы тұр.
Енді дауыстың уақыты жайлы бірер сөз арнасақ. Ш. Мамедова 1926 жылдың 18 мамыр күнінде таспаланды дедік. Шевкет ханымның өмірбаянын қарасақ, осы жылдары Париж бен Милан қаласында білім алып жүрген кезі. Ал А. Доливо 1925 жылдың қарашасында таспаланған. Яғни, екеуі де Париж көрмесінен (1925 жылы шілде айында) кейін жазылған.
Құрметті оқырман, осы жазғанымызды оқып отырып «Бізге бұл өнерпаздар жайлы ақпараттың қатысы қанша?» деп ойлаған шығарсыз. Әрине, тікелей қатысы жоқ. Бірақ бұл ұлы әншіміз Әміре Қашаубаевтың Еуропада жазылған дауысын іздеуге жаңа серпіліс берер деген үміттеміз. Өйткені жоғарыда жазылған екі өнерпаздардан бөлек, Әміремен бірге Франкфурт (Германия) сапарында бірге болған бір литвалық әншінің де 1927 жылғы фонограф жазбалары бар. Еуропа музыка мәдениетіне әбден қанық болып, зерттеп тастаған француз-неміс зерттеушілері үшін қолына домбыра ұстаған қазақты елеп-ескермеді дейсіз бе?! Әмірені Еуропа зерттеушілері жазып алғаны анық. Енді тек бір ғасыр бойын шаң басып жатқан фонограф жазбаларын іздеп табу ғана қалды.
Рүстем НҮРКЕНОВ, күйші