«Қылмыстық чтиво» және «Маска» фильмдеріндегі рөлдерімен танымал америкалық...
Сабақ үстіндегі сұмдық: 9-сынып оқушысы соққыдан көз жұмды
Фото: kaktus.media
Қырғызстанда 9-сынып оқушысы мектепте соққыға жығылып, ауруханаға жетпей көз жұмды. Қайғылы оқиғаға байланысты төрт жасөспірім ұсталып, екі айға қамауға алынды, деп хабарлады MadeniPortal.kz қырғызстандық БАҚ-қа сілтеме жасап.
Оқиға 18 қыркүйекте Жалалабат облысының Чатқал ауданына қарасты Құрылыс ауылында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, сабақ уақытында 11-сынып оқушылары 9-сыныпта оқитын жасөспірімді соққыға жыққан. Зардап шеккен балаға көмек көрсету үшін Жаны-Базар ауылынан жедел жәрдем шақырылған. Алайда 2011 жылы туған оқушы ауруханаға жетпей, жолда көз жұмған.
Төрт жасөспірім екі айға қамауға алынды
Қайғылы жағдайдан кейін Чатқал аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері төрт жасөспірімді күдікті ретінде ұстады.
21 қыркүйекте белгілі болғандай, Ала-Бұқа аудандық соты күдіктілерді екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарған. Олар 19 қарашаға дейін қамауда болады.
Қырғызстан полициясы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның нақты мән-жайын және баланың өлім себебін анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалған.
Бірнеше күн ішінде екінші оқушы қаза тапқан
Бұл – Жалалабат облысында бірнеше күн ішінде тіркелген оқушылар арасындағы зорлық-зомбылыққа байланысты екінші қайғылы жағдай.
17 қыркүйекте Сузақ ауданында да оқушы соққыға жығылып, қайтыс болған. Аталған оқиғаға байланысты екі жасөспірім ұсталып, қамауға алынған.
Чатқалдағы оқиғадан кейін жергілікті полиция жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейткенін хабарлады.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілердің кінәсі сот үкімімен анықталады.