Тоғызыншы вал

Дереккөзден

PESTEL
61

Ашуға мінген табиғаттың шынайы болмысын, тірі қалпын, дем-
тынысын кенепке түсіргендер некен-саяқ десек, суретші Айвазовский-ді бейнелеу әлемнің құрметті төріне шалқақтатып апарып отырғызған, оның отыз үш жасында табиғат құдіретіне арнап жазған «Тоғызыншы вал» картинасы болатын.

Бұл атақты шедеврде теңіздің әдемі көрінісі емес, құрлықты дерлік қоршап, ашса алақанында жұмса жұдырығында ұстап жатқан су әлемінің, адамдар «теңіз», «мұхит» деп айдар таққан ұлы стихияның ЖАНЫ көрініс тапқан. «Адамға табын жер енді» деп әспенсіп жат-қан пенде баласын тәубесіне келтіріп, тарының қауызына сыйғызып жіберетін қаһары  бейнеленген. Түнде ұрын келіп, қапыда тыныш-тығының қоң етіне қарш еткізіп ауыз салып, ыңыранта көкке шапшытып кеткен дауылдан кейін тынши алмай аспанға көбігін шашып, жынданып, арпалысып, аласұрып жатқан теңіздің сұлу да суық, көк айыл, долы қалпын берген.

Суретші картинада үш-төрт толқын, оның тозаңын өз сәулесімен шабақтап, көтеріліп келе жатқан күн секілді аз ғана детальдармен теңіздің өлшеусіз қуатын, шиыршық атқан динамикасын көрсетеді. «Мөңкіген теңіз, ажал тырнағындағы адамдар  жанталасы» дейтін екі сөзбен-ақ драманы зау биікке көтеріп әкетеді.

«Вал» дейтін сөз біздіңше «ақ бас толқын» мағынасын береді. Тынбай, өршелене соқан толқындар күшейе-күшейе, жоталана, тоғыз-ыншы кезек келгенде  ақ жалданып, өзгелерінен әлдеқайда күшті әрі биік қалыпқа енеді. Ең биік деңгейге атылып шығып, барын салып, жанын салып, бір сәт тынып, артынша-ақ төмен қарай шеңберлене, құтырына соққанда жолындағыны тып-типыл етіп жайпап өтетін көрінеді.

Айвазовский ұлы стихияны өзге емес адамға қарсы қойғанымен, теңізді түбіне түк қалдырмай жұтып әкететін дұшпан, тажал бей-несінде емес, долы да болса адам баласына арнайы жасар қастығы жоқ, дойыр қамшысын түйірдің түйіршігіндей ұсақ пендеге емес ғайыби дауылға арнаған ірі мінезін кейіптейді. Екеуінің де ашу һәм азабы  әуелі дауылға! Енді неде болса пенде шіркіннің аяғына дейін шыдап бақпасына әддісі жоқ. Анау бұқадай емес, Тәңірге жалғанған үміті бар ғой...

Бұқа демекші, Петербордың орыс музейінен көзім көрген түпнұсқада адамдармен қоса, алақандай ғана, денесі түгел суға батып басы ғана көрінген бұқа бар (иллюстрацияларда әлгі бұқаның басы картина көлемінің айтарлықтай кішірейіп кеткен себепті көзге шалынбайды). Теңіздің ащы суы толған кеңсірігіндегі суды мұрнымен лықсыта сыртқа төгіп, көзі аларып, жанұшыра жүзген жануардың ажал алдындағы алмағайып кейпі кеменің суға батқанына көп болмағанынан хабар береді. Адамдардай емес, дәм-тұзы таусылған, нағыз үмітсіз жанқимақ, трагедия бұқаның көзінде тұғын.

Мұндағы адамдардың өмір сүруге деген құлшынысы, жарыққа, жақсылыққа қарай қол созған үміті картинаны пессимизм шеңгелінен құтқарып алады. Тәндері бөлек-бөлек болса да мынау тіршілік үшін күрес, сын сағатта рухани бірлік тауып, тұтасып кеткен теңізшілерге көрермендердің «бейшаралар-айынан» гөрі сүйсінуі басым жатады.

Картинадағы әріде атып келе жатқан күннің  ролі аса зор. Сол күн  картинаны кемпірқосақтайын түрге бөлеп, көз қуантып тұрған. Пұшайман пенде мен көк айыл теңіз арасын мәмілеге шақырып тұрған. Күн быт-шыты шығып құрдымға кеткен кемеден қалған жалғыз мачта-бөренеге жармасақан төр-бес міскіннің, өздерін тоғызыншы, ең қатерлі, обыр өңеш ақ бас толқын әне-міне жұтып салады-ау дейтін қорқынышынан бұрын, жағалауға жетсек ау дейтін әлсіз үмітке апарып жалғайды. Сол үміт таңғы арайымен араласып картинаға әлдебір қиялшыл сарын беріп, әйтеуір түбі бір жақсылыққа меңзеп тұрған.

Айвазовскийдің картиналары дерлік көтерілген көңіл күйге, пафос пен ерлікке құрылғанын ескерсек, «Тоғызыншы вал» сол эмоция-лардың біртұтас жиынтығы іспетті. Күндей күркіреп, аузынан ақ көбік шашып  жатса да, теңіздің көркіне, айбары мен айбынына нұқ-сан келмейді. Алтындай сарымен мұздай көктің ерекше жарсымы картинаны тіптен асқақтатып жібереді.

Ақшаңқаннан бозаңға, ақшылсарыдан қызғылтсарыға, алқызылдан нартқызылға, қырмызыдан жосаға ауысқан түстер, жасылшадан көк-ке, көктен көкжілімге, көкшуланнан көккүлгінге шекарасыз жымдаса кеткен бояулар заматта қозғалысқа еніп, толқын болып атырылып, буға еніп, тұман түзіп, тұманнан бұлтқа ауысып, оның көбесі сөгіле қайыра су түйршіктеріне айналып, бейне көрерменнің бетіне суық тозаң бүркіп жібергендей, өне бойын дүр еткізеді. Аза бойын қаза қылмайды, емінтіп, сұқтандыра түседі.

Картинаның ендігі бір құндылығы – оның уақыт уысынан шығып кеткендігі. Ешқашан ескірмейтіндігі. Қашанда осы қазір жазылғандай жаңа екендігі (Тіпті, кеше ғана жапондардың бір жағын жайпап кеткен тайфунның нәтижесі десе де бәлендей әбестігі жоқ). Бұл – тәкаппар табиғаттың адам дәргейіне еш бейімделмейтін, бірбеткей өршіл қалпы жайындағы ода. Адамның стихия алдында құмның бір түйіршігіндей ғана құнсыз, қауқарсыз екендігіне қарамастан, Жаратушы  Иесіне деген сенімі, нәзік те берік үміті турасындағы гимн.

 

***

Жүздеген мың адамдардың көкірегіне Ер төстіктей, бір төбе болып орнығып алған «Тоғызыншы валдың» қасында өзге картиналары, алған шен-шекпені, атақ-лауазымы, ашқан сурет мектебі, мемлекет қайраткерлігі, бақытты да ұзақ ғұмыры еленбей, көрінбей қалады. Осман түріктері кеудесіне қадаған  бәленбай ордені де, өзге суретшіге түспей өзіне ғана түскен Рим папасының пейілі де, жер-көкті аралап, берісі орыс, арысы еуропа халқын тамсантып жасаған екі жүзге жуық көрмесі де, артында қалған алты мыңға таяу суреттері де бұл картинаның қасында көмескі (осы тұста картина тағдырының адам түсіне алмас бір жұмбағы қылаң береді. Неге кейбір шығарма өзге «ұяластарынан» дара шығып көременнің көкірек көзін шелдей болып торлап алады? Ау, өзгелері бұдан да мықты емес пе еді? Не сиқыр? Поленовтың «Мәскеу ауласы», Нұрғожиннің «Самолет, самолет» картиналары әуелі тілге оралып, көзге ұратыны несі, өзгелерінің не жазығы бар?).  

Тек, суретшінің көргенін құтқармайтын тұтқыр жады менен жылдам да дәл қылқаламы таңғалдырады.

Айвазовскийді көргендер «мүйіске барып, теңізге қарап, сағаттап телміретін де тұратын» деп естелік айтады. «Соққан жел, сорғалаған жаңбыр, жарқ еткен найзағай, шапшыған толқынды қарап тұрып кенепке түсіре қою мүмкін емес. Ол үшін суретші көргенін есіне тоқи беруі керек», – депті суретші. Осы күннің тілімен айтсақ, бәленбей гигабайт суретті бір басына жинап, қорытып, 1844 жылы Бискай шығанағына мінген кемесімен батып кете жаздаған қатерлі сәтін  кино ленталарындай миына жазып алған  маринисттің  этюдтқа қарамай-ақ шеберханасында отырып, жадынан әлгі көрініс жазылған таспаны кері айналдырып, көз алдына нақпа-нақ әкеліп жаза беретінін Тәңірдің кезекті бір құдіретіне балап, әңгімемізге:

– Мың тоғызыншы жылы, сексен екі жасында дүниеден өткен, орыс бейнелеу өнерінің өкілі, тегі армян (Айвазян) суретшінің екінші аты «Тоғызыншы вал» болып тарихта қалды, – деп нүкте қоямыз.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматыда бірқатар көшеге жаңа атау берілді. Қала әкімдігінің қаулысынасәйкес, ондаған көше белгілі т...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстандық блогер Нұрбек Нұртазы (Justking) ауыр қайғы 25 маусым күні оның анасы өмірден өтті, деп...