Зейнеткер әжей 72 жасында білім алуды бастап, үш диплом алды

Фото: chinadaily.com

PESTEL
300

Қытайдың Цзянсу провинциясының тұрғыны Фэн Инань 72 жасында білім жолына қадам басып, 16 жыл ішінде елдің жетекші үш университетінен жоғары білім туралы диплом алды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ El.kz-ке сілтеме жасап. 

Ол «аграрлық экономика», «құқықтану» және «инженерлік жобаларды басқару» мамандықтары бойынша білім алған. Ерекшелігі – ол барлық пәндерді аудиторияға бармай-ақ, өз бетінше оқып меңгерген.

Жоғары білімге деген қызығушылығы Фэн ханымда 1990-жылдары басталған. Сол кезде Қытайда өзіндік білім алу жүйесі дами бастады. Бұл модель студенттерге оқу бағдарламасын өз бетімен меңгеріп, жылына екі рет емтихан тапсыруға мүмкіндік береді. Алайда ол уақытта жұмыс пен отбасылық міндеттері Фэнге оқуды бастауға мұрша бермеген.

Зейнетке шыққан соң Фэн бала күнгі арманын жүзеге асыруды шешіп, 2009 жылы Нанкин ауылшаруашылық университетіне оқуға түседі. Кейін тағы екі жоғары оқу орнын бірінен соң бірін тәмамдайды. Бар уақытын білімге арнау үшін ол туған күнін атап өтуден де бас тартқан. 2019 жылы инсульт алғанына қарамастан, оның басты мақсаты оқуын жалғастыру болды.

Фэн Инань осы жылдар ішінде 44 пән бойынша 97 рет емтихан тапсырып, бәрін сәтті меңгерген. 2025 жылдың наурыз айында Нанкин технологиялық университетінің проректоры мен әкімшілік өкілдері оған «инженерлік жобаларды басқару» мамандығы бойынша бакалавр дипломын табыстады. Ол жасы мен алған білімі бойынша Қытайдағы ең үздік зейнеткер студент атанды.

Қазіргі таңда денсаулығының нашарлауына байланысты Фэн академиялық білімін жалғастырмаса да, жаңа белестерді бағындыруды тоқтатпақ емес. Қазір ол фортепианода ойнауды үйреніп жатыр және өзінің өмірлік мысалы арқылы жастарды үнемі ізденуге, рухани қартаймауға шақырады.