“Болмайды” деген дауыс шықты”: Айбек Байназаровтың пойыздағы оқиғасы желіде қызу талқылануда

Фото: MadeniPortal.kz

Шоу-бизнес
182

Жайдарманшы Дархан Оспановтың YouTube-тағы «Шәй әңгіме» подкасының 51-шығарылымы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бағдарламаға «Көз тимесін» командасының бұрынғы мүшелері Айбек Байназаров, Дәнекер Оразбаев, Ерлан Айтбаев және актриса Гүлбахрам қонақ болған. Подкаст барысында айтылған бір әңгіме желі қолданушыларының наразылығын тудырды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Подкастта Айбек Байназаров бойдақ кезінде пойызда болған оқиғаны еске алды. Ол өз әңгімесінде купеде бірге отырған бейтаныс қызға қатысты жағдайды баяндады:

“Бір күні пойызда келе жатырмын, сөйтсем купеде бір қыз отыр екен. Бастапқыда ешқандай арам ойым болмады, бірақ әдемі екен деп ойладым. Заттардың бәрін жайғастырып, досыммен мейрамханаға барып ішімдік іштік. Купеге келдім, екінші қабатына көтеріліп жаттым да, жаңағы қызға қарасам, айдың жарығымен “алма” болып жатыр екен. Жарты сағат бойы қарап тұрдым. Неше түрлі ой кетті. Кейіннен оған қарай түсіп, мойнына жақындаған кезде “болмайды” деген дауыс шықты. Бірден төсегіме жатып ұйықтап кеттім. Ол да мені ұнатқан шығар, мүмкін қабылдап қалады деген ойым болды”.

Аталған әңгіме желіде қызу талқыланып, көпшілік оны қорқынышты әрі жиіркенішті жағдай деп бағалады. Қолданушылар мұндай әрекеттерді әзіл ретінде айтуға болмайтынын жазып, оқиғаның қыздарға қатысты қауіпсіздік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарғанын атап өтті. Кейбір желі қолданушылары «Осы жігіт бұрыннан ұнамайды», «Студент қыздар үшін қауіпті», «Қыздарды қалай жалғыз жібересің?» деген сынды пікірлер қалдырып, өз алаңдаушылықтарын білдірді.

Сондай-ақ коуч Роза Әшірбаева да бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, ұйықтап жатқан бейтаныс адамға жақындау зорлық-зомбылыққа апаратын қауіпті әрекет екенін атап өтті.

Қоғамдық наразылықтан кейін подкасттың 51-шығарылымы YouTube платформасынан өшірілді. Ал жоба авторы Дархан Оспанов көпшілік алдында кешірім сұрап, түсірілім барысында әңгіменің ауыр контекстін толық аңғармағанын және мұндай жағдайдың норма емес екенін мәлімдеді.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Солтүстік Қазақстан облысындағы Ольшанка ауылында орын алған қайғылы оқиғаға қатысты жаңа деректер б...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Шымкенттегі техникалық қызмет көрсету станцияларының бірінде көлік мінген әйел адам ер адамды қабырғ...