Блогер, психолог Шолпан Тоқтархан Тұрсынбек Қабатов пен оның отбасы туралы ойын білдірді, деп хаба...
«Кісі өлтірген жоқ қой»: Қайрат Нұртастың анасы сотталған шоуменге араша түсті
коллаж MadeniPortal.kz
Қайрат Нұртастың анасы, продюсер Гүлзира Айдарбекова Нұрсұлтан Жақсыгенге шыққан сот үкіміне қатысты пікір білдірді. Ол жазаны жеңілдету мәселесін көтеріп, сотталған азаматтың отбасы мен балаларына алаңдаушылық танытты, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Бұған дейін Алматы облысының Қарасай аудандық соты Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған болатын. Сондай-ақ оған бес жыл бойы БАҚ пен әлеуметтік желілерде сөз сөйлеуге тыйым салынып, Фариза Сабырәлиеваның пайдасына 5 миллион теңге өндіру туралы шешім қабылданғаны хабарланды.
Гүлзира Айдарбекова жазбасында Жақсыгеннің жазасыз қалуын емес, жаза мерзімін қысқартуды жөн көретінін жеткізді.
«Мүмкіндік болса, соншалықты қатыгездік танытпауға да болар ма еді. Ортада бала-шағалары бар шығар. Кісі өлтіріп, қыз зорлап, ұрлық жасаған жоқ. Жеңілдеткені дұрыс-ау. Кімнің басынан не өтпейді, ешқайсыңыздың бала-шағаңыздың басына бермесін», – деп жазды ол.
Продюсердің пікірінше, екі жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айырудың орнына бір жылдық жаза жеткілікті болуы мүмкін. Ол түрмеден шыққан адамның мінез-құлқы өзгеріп кетуі ықтимал екенін де алға тартты.
«Жазасын алу керек, бірақ кішкене жеңілдетіп, 2 жарым жыл емес, 1 жыл да жеткілікті ме дегенім ғой. Ол жақтан түзеліп емес, қаны безер болып, бұзылып келуі де мүмкін ғой», – деді Айдарбекова.
Сонымен бірге ол Нұрсұлтан Жақсыгенді жақын танымайтынын және оның қандай адам екенін білмейтінін ашық айтты.
«Әйтеуір ата-анасы бар, бала-шағасы бар, ешкім жыламаса дегенім ғой», – деп түйіндеді продюсер.
Айта кетейік, Гүлзира Айдарбекова бұл пікірді әлеуметтік желіде Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты жазбада қалдырған.
