«Американы боқтадым...»- Рақымжан мырза, былтыр ғана Астанадағы Ұлттық академиялық кітап...
Шәміл Әбілтай, күйші: «Алма-Атаның» атында астар жатыр
Академик-күйші Шәміл Әбілтай Алматы қаласына бұрынғы «Алма-Ата» атауын қайта қайтаруды сұрайды. Оның айтуынша, «Алма-Ата» — қаланың емес, адамның аты көрінеді. Сол себепті адамның атын бұрмаламай, қысқартпай, бәз қалпында қолданғанды дұрыс деп санайды. Тіпті, дәулескер домбырашы «Алма-Ата» деген күй де шығарыпты. Редакциямызға арнайы келіп, бір қайырымы әлі қана қоймаған су жаңа туындысын орындап, «Алма-Ата» туралы кең-толғамды әңгіме айтып берді.
– Алматы деген атаудың жаңсақ аталып жүргеніне қолыма түскен мына қос кітап себепші болды – деп бастады әңгімесін. Өзімен бірге Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін», Асқар Селеубаевтың «Бәйдібек би» кітабын ала келіпті. –18 ғасырда жазылған «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» деген кітапты 10 жыл жастанып оқыдым. Кітапта «Алма-Атаның» тарихы, тайға таңба басқандай, жазылған. Тарихи шежіреге сенсек, бұл атау – Алма Арланұлы деген адамның аты екен. Ол кісі Жетісу өңірінде 1500 түрлі шөптен дәрі жасайтын емші әрі агроном болыпты. Емшінің адамның жүзіне қарап, құлағын ұстап отырып, диагноз қоятын қасиеті болыпты. Ғылыми тәсілмен алманы будандастыру арқылы үлкендігі қарбыздай, салмағы 1 келі 300 грам тартатын Құлжа деген алма сортын өсірген. Біздің апорт деп жүргеніміз сол Құлжа. Құлжадан бөлек, алманың жазбақ, тасалма, саржұрт, қызылтаң, сарсағым, түйедақ, айбақ, күнбақ, шыбыр, шидем, шөңке, түрен, мөңке деген тұқымдарын да өсіріп, олардың әрқайсының гүлдейтін, шеруендейтін, түйіндейтін кезін білген. Бағбан қысы-жазы көгеріп тұратын Тяншань шыршасын да өсірген. Алма Арланұлының емшілік қасиеті мен табиғаттың тілін түсінетін өнерін бағалаған жұрт оны құрметтеп, «Алма ата» деп атап кеткен. Алма ата деген сөз – алманың атасы дегенді білдірмей ме? Енді «Алматы» атауына келейік. Кері оқығанда аты алма болып шығады. Мұны 90 жылдардың тұсында Жоғары кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин: «Мадрид, Токио, Дели атаулары бөлінбеген. «Алма-Атаны» да бөлмей, «Алматы» деп атайық», дейді. Депутаттар бір ауыздан қолдап, қол қойып, бекітіп жіберді. Жұрт «Алма-Ата» атауын орысша сөз деп түсінуі мүмкін. Алайда «Алматының» өзін басқа халықтар дұрыс айтып жүрген жоқ. Екпінді ең соңғы «Ы» әрпіне түсіріп, сөздің қазақы бояуын бұзып айтады. Екінші кітап – Асқар Селеубаевтың «Бәйдібек биі». Онда да «Алма-Ата» сөзінің шығу төркіні, «Алма-Атаның» шежіресі туралы нақты деректер жазылған. Екі кітапты оқып, «Алма-Ата» күйін шығардым, – деп, қала атының төркіні тым арыда жатқанын түсіндірді.
Біз күйшіге «Бұл пікіріңізге тарихшылар не дер екен?» деп, күмәні көп күпті ойымызды жасыра алмадық. Қоңыр домбырасының құлақ күйін келтіріп отырған домбырашы екі кітапта келтірілген дерек пен дәйектің шындыққа өте жақын екенін, әрі оны көпшілік оқыса, «Алма-Ата» атауының қайта оралатынына сенімді екенін айтты.
– Тарихшылар не десе, о десін! Бұл туралы мен сізге көрсеткен мына екі кітапта анық жазылған – деді. – Мен пиар қуған адам емеспін. Әрі өз орнымды білемін. Түбінде «Алма-Ата» атауы қайта келуі керек. Себебі, көп жыл біз бассыз кеуде болдық. Сондықтан Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» мен Асқар Селеубаевтың «Бәйдібек би» кітабын ерінбей, жерінбей, өтірік демей, оқуымыз керек. Тарихымызды танығанда ғана қазақ бақытты ел болады, – деп сөзін аяқтады.