Бүгін Парижде өтіп жатқан 2024 жылғы Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар төрт сайыс түр...
«Біз Кеңес дәуірінде өмір сүріп жатқан жоқпыз»: Сабина Алтынбекова волейболшы қызға қол көтерген бапкерді сынға алды
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
Қазақстандық танымал волейболшы Сабина Алтынбекова Павлодарда өткен жарыс кезінде шымкенттік бапкердің ойыншы қыздың басынан ұрғанына қатысты пікір білдірді. Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында мұндай әрекеттерге жол беруге болмайтынын айтып, жаттықтырушыларды бақылау жүйесін күшейтуге шақырды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Сабина Алтынбекова спорттағы физикалық зорлық-зомбылықпен қатар, психологиялық қысым мен буллинг мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, кейбір жаттықтырушылардың мінез-құлқы мен жұмыс әдістері қайта қарауды қажет етеді. Сондай-ақ спортшы көптеген командаларда дәрігер мен психологтың жоқтығын сынға алып, федерацияны әрбір бапкердің кәсіби қызметін мұқият тексеруге шақырды.
«Физикалық зорлық-зомбылыққа да, психологиялық қысымға, соның ішінде буллингке де жол беруге болмайды.
Жаттықтырушыларды жан-жақты тексеріп, олардың мінез-құлқы мен жұмыс істеу әдістеріне ерекше назар аудару қажет. Өкінішке қарай, волейбол саласында кейбір жаттықтырушылардың қарапайым әдеп пен мінез-құлық мәдениетін сақтамайтыны байқалады.
Менің ойымша, федерация әрбір жаттықтырушыны мұқият тексеруі тиіс. Көптеген командаларда психолог түгілі, дәрігердің өзі жоқ.
Бұл оқиға – жалпы жүйені қайта қараудың уақыты келгенін көрсететін айқын белгі! Жаттықтырушылар спортшыларға психологиялық қысым көрсетіп, қол көтеретін болса, біз қалай дені сау, саналы әрі лайықты ұрпақ тәрбиелей аламыз?
Біз спорттағы физикалық зорлық-зомбылықты «мінезді шыңдау» деп ақтаған Кеңес дәуірінде өмір сүріп жатқан жоқпыз.
Мен зорлық-зомбылыққа, спортшылардың құқықтарын таптауға және буллингке қарсымын. Әсіресе мұндай әрекеттер балаға немесе қыз балаға қатысты жасалса, оған мүлде жол беруге болмайды!» – деп жазды Сабина Алтынбекова.
Осылайша, волейболшы Павлодардағы оқиғаны жекелеген бапкердің әрекеті ретінде ғана емес, спорт саласындағы тәрбие мен қауіпсіздік жүйесін қайта қарауға негіз болатын жағдай ретінде бағалады. Ол спортшылардың құқықтарын қорғап, жаттықтырушылардың жауапкершілігін күшейту қажет екенін атап өтті.