Давид Дегтярев Азия Пара ойындарының рекордын жаңартты

Фото: Туризм және спорт министрлігі

СПОРТ
93

Қазақстандық пара пауэрлифтинг шебері Давид Дегтярев Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында алтын медаль иеленді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, 19 қазанда 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы 192 келіні көтеріп, Азия Пара ойындарының жаңа рекордын орнатты. 

Айта кетейік, бүгін Қазақстан құрамасы тағы екі медаль жеңіп алды. Пара оқ атудан Еркін Ғаббасов алтын жүлдеге қол жеткізсе, пара пауэрлифтингтен Тұрсынай Қабыл 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 104 келіні көтеріп, күміс медаль иеленді.

Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында екі алтын және бір күміс медаль бар.

Пара пауэрлифтинг – мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған күш спортының түрі. Ол классикалық пауэрлифтингтен ерекшеленеді: спортшылар үш жаттығуды емес, тек жатып штанга көтеру жаттығуын орындайды.

Жарыс барысында спортшы арнайы орындыққа жатып, штанганы кеудесіне дейін түсіреді, содан кейін қолын толық жазып, жоғары көтереді. Әр қатысушыға үш мүмкіндік беріледі. Төрешілер жаттығудың техникалық талаптарға сай орындалуын бағалайды.

Пара пауэрлифтингте ерлер мен әйелдер дене салмағына қарай 10 санаттан бақ сынайды.