"Кимоно тіктіріп үлгермедім": Елдос Сметов жапон спортшысының кимоносын киіп белдескені туралы айтты

Фото: Buda Mendes / Staff / Getty Images Sport

Спорт
314

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов татамиге жапон дзюдошысының кимоносын киіп шыққаны туралы айтты.

Елдос Сметов Париж татамиінде әйгілі жапон дзюдошысы Наохиса Такатоның кимоносын киіп белдескен еді. Себебі 60 кг салмақ дәрежесінде Олимпиадаға баратын қазақстандық дзюдошы кеш анықталғандықтан, Сметов кимоно тіктіруге үлгермей қалған. "Олимпиада алдында кимононы тіктіріп күресемін деп ойладым. Токиода арнайы тапсырыспен жасатып күрескенмін. Бұл жолы да солай жасағым келген. Бірақ бұл жолы баратыным өте кеш анықталды. Тапсырысыма үлгермейтін болды. Такатомен бірдей өлшемде кимоно киемін. Тура тіктіру үшін одан рұқсат алуым керек. Ол тігетін компанияға рұқсатын беру керек. Одан кейін барып маған тігіп береді. Мен онымен сөйлесіп, кимоно тіктіріп беруін сұрадым. Ол сөйлесіп, уақытпен олар да үлгермейтінін айтты. Енді не істеймін деп қиналып тұрғанымды көріп, Такато өзінің киіп жүрген ақ кимоносын, әлі киілмеген көк кимоносын Олимпиадаға бара жатсың, менің атымнан сый ретінде қабыл ал деп салып жіберді. Ұнаса жарысыңа киесің, ұнамаса жаттығуға киерсің. Менің достық сыйлығым болсын деген ниетпен берді. Екеуміз 6 рет кездесіп, бәрінде оған есе жібердім. Бірақ екеуміздің белдесуіміз әрқашан қызықты болған, соңына дейін күресетінбіз. 10 жылдан бері бір-бірімізді танимыз, жақсы доспыз", - деді Елдос. 

Желіде Елдос Сметовтың финалдағы жеңісінен кейін туды алып желбіретер сәтте ұйымдастырушылар кедергі жасап, туды тартып алуға тырысқаны түсірілген видео жарияланған еді. Чемпион бұл туралы пікірін айтты. "Бәрі тез болды. Дұрыс түсінбей де қалдым. Қолымнан туды алдырған жоқпын, жыққан жоқпын, жұлдырған жоқпын, ешкімге берген жоқпын. Соңына дейін өзім ұстап, өзім алып кеттім", - деді дзюдошы.

Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанған соң, Париждегі такси жүргізушілерінің бірі оны танып, жеңісімен құттықтаған екен. "Жарыстарға бару үшін такси жалдадық. Жүргізуші айнаға қарап қояды. Бір уақытта, "you Сметов?" деп сұрады. Иә, десем. "Олимпик чемпион" деп құттықтап, қуанып жатыр. Парижде жұмыс істеп жүрген қарапайым адам қазақтың баласын танып қалғаны, мені таңғалдырды. Олимпиада чемпионы екенімді сезіндірді", - деді қазақстандық спортшы.  Сондай-ақ Елдос Сметов жаттықтырушы болу ойда бар екенін, 36 жасында тағы бір Олимпиада ойындарына қатысуы мүмкін екенін айтты. Еске салайық, Елдос Сметов Париж Олимпиадасының финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңіп, алтын жүлде еншілеген еді. Ал бүгін, 5 тамызда Олимпиада чемпионы елге оралды.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...