Көшпенділер ойыны көк туымызды көкте желбіретті

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Спорт
357

V Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны аяқталды, деп хабарлайды madeniportal.kz.

6 күнге жалғасқан Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны еліміз үшін айтулы шара болды. Ашылу салтанатынан кейін “жоғары деңгейде дайындалған” деген пікірді жиі естіп жүрдік. Әлеуметтік желіде шетелдік азаматтар Астананы, ұлттық тағамдарымызды, этноауылды көрсетіп видеолармен бөлісті. Этноауылға ағылшынның танымал фотографы Джимми Нельсон арнайы келіп, өзінің киіз үйін тіккен. Қытайдың танымал блогері қазақтың ұлттық киімі мен бөркін киіп, атпен түрлі өнер көрсетіп, желіде әдемі видеоларымен бөлісті. Осылайша дүбірлі доданың елімізде өткені ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үлкен үлес қосты. 

Ұлттық ойындардың еліміздің спортшылары үшін оң жамбасына келгеніне жарыс күнінің әр бір күні өткен сайын куә болып жүрдік. Күн сайын алтынның саны көбейіп, чемпиондарымыз қола мен күмісті де еншілеп отырды. Ерлеріміз ат құлағында ойнап, даланың қыран құсы мен тазысын баптаудан алдарына жан салмайтынын, керек десең қара күш иелерінің де ең мықтысы бізде екенін лайықты түрде көрсете алды.

Бүкіл әлем көз тіккен бұл додада Қазақстан ұлттық спорттан үздік нәтиже көрсетті. Жалпы есепте 114 медальмен бірінші орынды иелендік. Оның 43-і алтын медаль. Ең қуантатыны сайыстардың көбінде ел намысын қорғаған спортшыларымыз қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңіп отырды. Бұл артық сөздің болмайтынын, бәрі айқын екенін, жеңіске таза жеткеніне дәлел бола алды. Оқ бойы оза шапқан спортшыларымыз көкпарда қырғыз бауырларымызбен келіспей қалған кезі де болды. Бірақ бұл жағдайға бас бапкер ойын болған соң бәрі болатынын, бұл спорт екенін айтып түсіндірді. Бәріңізге белгілі қырғыз көкпаршылары марапаттау сәтінде медальдарын қалталарына салып, аяқталғанын күтпей кетіп қалды. Бұл үшін олар 2-3 жылға шеттетілуі немесе айыппұл төлеулері мүмкін екен. Айтқым келгені, жеңілгенді де мойындай білу батырлықтың белгісі деп ойлаймын. Бұл екі ел арасындағы кішігірім жарыс емес, Дүниежүзілік деңгейдегі ауқымды шара. Этика мен мәдениеттілікке жат дүниелерді қызбалыққа салынып ысырып қоюға болмайды.

Қызық пен шыжыққа толы ойынның нәтижесіне қатысты әзіл видеолар да өз кезегінде жарық көрді. Мәселен, “89 елден спортшыларды шақырып алып бүкіл алтынды өзіміз алып жатқанымыз қалай кетті?” деген әзіл аралас видеоның астына пікір қалдырушылар қазақ спортшыларын әр кез қолдайтындарын, басқасы басқа ұлттық спорт, дәстүрге келгенде біздің елден мықтысы жоқ екенін айтып жарыса жазды. Мұның барлығы спортшыларымызға жігер беріп, үздік ойын көрсетуге шабыт берді деп оймаймыз.

Кеше, яғни 13 қыркүйекте V Дүниежүзілік Көшпенділер ойынының жабылу салтанаты өтті. Келесі VI Дүниежүзілік Көшпенділер ойынын өткізу Қырғызстан мемлекетіне тапсырылды. Көршілес елге сәттілік тілеп, ұлттық спортымызды ұлықтап жүрген спортшыларымызға осы қарқыннан таймай, әрдайым жеңісті күндері көп болсын дейміз! 

Аяжан Маханбетова

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...