Қазақстандық 17 жасар киокушинкай каратэ шебері Елнұр Дауылбай Tokyo World Cup 2024 Кубогында жеңі...
«Сенің алтының еді, қалай беріп қойдың?»: Қырғыз балуанының Демеу Жадыраевқа айтқан сөзі жарияланды
Сурет: https://meta-ratings.kz
Грек-рим күресінен Олимпиаданың күміс жүлдесін алған Демеу Жадыраев үшін Париж кілемі құтты болды. 2017 жылы тап осы шаһарда әлем чемпионатының күмісіне қол жеткізген балуан араға 7 жыл салып, Олимпиада медалін мойнына тақты. Olympic.kz даңқты балуанның Париж ойындарынан кейінгі пікірлерін оқырман назарына ұсынды, деп хабарлады madeniportal.kz.
«Финалда ұтылған соң, көңіл күйім қатты түсіп кетті. Жан-жағымдағы жанкүйерлер мен ағайлар қолдауларын аяған жоқ. Геннадий Головкиннің өзі келіп: «Еңсеңді тік ұста!», - деді. Содан кейін еңсемді тіктеп алдым. Әйтпесе, бүкіл елдің намысы сынға түсіп жатқанда сүрініп кеткен оңай емес. Жартылай финалдан кейін мені көбісі чемпион деп ойлап кетті. Өзім де ақтық сын болмай жатып, өзімді жеңімпаз сезініп кеткендеймін. Финалда сол босаңсығаным әсер етті-ау...», - деп еске алды балуан.
Тіпті ол жеңіс тұғырына көтерілген кезде де көкейінде бір өкініш өшпей тұрғанын айтты.
«Тұғырда тұрғанда ішім алай-дүлей болды. Жапонияның туының орнында қазақтың көк туы тұрғанда деген өкініш бар. Десе де, осы жетістікке де шүкір етемін. Қасымда тұрған Ақжол Махмұдов та қолдап жатыр. «Қалай беріп қойдың, сенің алтының еді», - дейді. Енді спортта мұндай болады. Бабың қанша жақсы болса да, бағың жетпеуі мүмкін. Мұны тек сезініп көру керек. Алтынға бір қадам қалғанда жеңілу деген өте қиын. Өзім де түсінбей қалдым. Сын сәтте демеуін аямаған жанкүйерге рахмет», - деді Д.Жадыраев.