Қазаққа тұрмысқа шығып, екі ұл туған Марина Вольнова боксқа қайта оралды

Жаңалықтар
2080

Бокстан Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионаттарының күмісі мен қола медалін иеленген Марина Вольнова араға біраз үзіліс салып, үлкен боксқа қайта оралды. Отандық боксшы Шымкентте басталатын Қазақстан Спартакиадасында бақ сынап көрмек. Ол шаршы алаңға қайта оралуының себебін түсіндірді деп жазады Olimpic.kz.

"Араға бес жылдай уақыт салып, шаршы алаңға қайта оралдым. Бұл шешімімді жолдасым, ата-енем, әкем, барлығы қолдады. Командаға қайта қосылатынымды естіген боксшы қыздар да лебіздерін аямай жатыр. 

Бұрын 75 келіде бақ сынағанмын. Енді 69 келіде жұдырықтасып көремін", - дейді ол.

Марина Вольнова. Фото: olympic.kzВольнова үш жарым жыл бойы ешқандай жаттығу жасамағанын да жайып салды.

"Тіпті, жүгірген жоқпын... Уақыт өте келе, бокстың маған қажет екенін түсіндім. Әлі шамам бар, сондықтан, өзімді қайрап, сынап көрмекпін. 

Жалпы бокстан алшақтап қалғанымның себептері бар. Лондон Олимпиадасынан соң тұрмысқа шықтым, шекесі торсықтай екі ұлды дүниеге әкелдім. Бүгінде үлкенім 4 жаста, кіші ұлым екіден асты.

Затым әйел болғандықтан солардың тәрбиесіне мән беріп, үйде отыруды жөн санадым. Бүгінде ұлдарым өсіп келеді. Ал мені шаршы алаң қайта шақырып жатыр (күлді)", - деп ағынан жарылды боксшы ару.

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...