Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақ боксшылары жарыстарын тол...
Талғат Байсуфинов: «Бұл турнир — Ұлттар Лигасына дайындықтың алғашқы кезеңі»
Фото: MadeniPortal.kz
Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасының FIFA Series 2026 турнирі аясында Намибия құрамасына қарсы ойын алдындағы баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Жиын барысында ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов команда ойыншыларының физикалық жағдайы жақсы екенін атап өтті. Оның айтуынша, алдағы матчтағы басты мақсат — жеңіске жету. Сонымен қатар, бапкер қыркүйек айында өтетін Ұлттар Лигасы аясындағы ойындарға ерекше мән берілетінін жеткізді. Бұл турнир сол маңызды додаға дайындықтың алғашқы кезеңі екенін де айтып өтті.
Ұлттық құрама сапына жаңадан шақырылған ойыншылардың бапкерлік құрам талаптарына бейімделуі туралы құраманың жартылай қорғаушысы Айбол Әбікен өз пікірін білдірді:
“Біз бірінші рет келіп жатыр деп бөліп жармаймыз. Бапкерлер де жеке шақырып сөйлесіп, өзінің философиясын түсіндіреді. Бірден сіңісіп кетеді деген ойдамыз”.
Сондай-ақ, Айбол Әбікен ұлттық құрамаға қайта шақырту алғаны мен өзінің дайындығы туралы да айтты:
“Ұлттық құрамаға оралғаныма бас бапкерге рақмет айтқым келеді. Ойынға 100 пайызға дайынмын. Ұлттық құрамаға көмегімді, бар күшімді аямаймын”, — деді ол.
Баспасөз мәслихатында бұдан бөлек, Астана футбол клубы ойыншысы Бауыржан Исламханның ұлттық құрамаға шақырылмауы да сөз болды. Бұл мәселеге қатысты бас бапкер:
“Әрине Бауыржан да ойымызда жүр. Бүгіннен бастап бұл бірінші этап болады. Кейін маусым айында жолдастық кездесулер бар. Сол кезге өзіміздің жоспар бар, анализ жасап көреміз”, — деп жауап берді.
Осылайша, алдағы матчтар Қазақстан құрамасы үшін маңызды дайындық кезеңі болмақ.