Көңіліңде із қалдырған адамдар болады. Сол жанды қайда жүрсең де іздейсің. Әнін, сәнін сағынасың. Мә...
«Махаббаттан шабыт аламын»: Вокал ұстазы Сымбат Шахаевамен сұхбат
Сурет автордан
Шахаева Сымбат Төкенқызы Жамбыл облысында 1998 жылы 22 наурызда дүниеге келген өнер иесі. Art House production-ның вокал пәнінің ұстазы, ол орындаушылық және педагогикалық қызметте жетістікке жетіп, көптеген халықаралық және республикалық конкурстардың жеңімпазы атанған. 2014-2018 жылдары Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін тәмамдап, кейін Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында білім алған.
Сымбат өнер әлемінде өзіндік орны бар, жас дарын ретінде танылды. Ол тек қана орындаушылық қабілетімен шектелмей, өнер жолындағы көптеген жас таланттарға да тәлімгерлік жасап жүр. Оның жетекшілігімен көптеген шәкірттер халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болуда.
Әңгімемізде Сымбат ханым шығармашылығы, әнге деген махаббаты, ұстаздық жолы мен болашақ жоспарлары туралы кеңінен сыр шертетін боламыз.
Вокал ұстазы және әнші ретінде мансап жолыңызды қалай бастадыңыз?
Вокал ұстазы ретінде мансабым Алматы қаласындағы арнайы мектептен басталған болатын. Сол мектепте вокал ұстазы ретінде орналастым. Жасым сол уақытта 21-22 шамасында болатын. Сол уақытта қазақ және орыс балаларына вокалдан сабақ бердім. Сол жылы қараша айында Арт Хаус production мектебімде ары қарай мансабымды жалғастырдым. Қазіргі уақытта вокалдан сабақ беріп жүргеніме 5-жыл толып отыр. Әнші ретіндегі мансабым кішкентай кезімде ауылдағы сахнаға шығуымнан басталды. Сахнада ән айтып, түрлі ұлттардың биін билегенмін. Негізі биші де әнші де болғанмын. Екеуі де өнер саласы болғанымен екі бөлек болғандықтан, бірін таңдаймын деп ойладым. Бала болғаннан кейінде нақтылық болмады. Актёрлық шеберлігім де басым болды. Былайша айтқанда оқушы күнімде активист қыз болдым.
Музыкаға деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?
Музыкаға деген қызығушылығым бала кезден басталды. Кішкентай кезімде Ресей Эстрада жұлдыздарын тыңдап, өзіме көп мотивация алдым. Сол кісілердің әндерін сахнада ойнап, конкурстарға қатыстым. Ресей эстрада жұлдыздарының әсерінен музыкаға деген қызығушылығымыз, сахнаға, вокалға аяқ басуыма көп септігін тигізді. Бала кездің өзінде көп ізденіп, музыкаға деген қызығушылығымды оята білдім.
Вокалдық сабақтар беру кезінде қандай әдістемелерді қолданасыз?
Өзімнің методикамда дауыс аппаратының ерекшеліктерін, соның ішінде дауыс байламдарының, тыныс алу жүйесінің және резонаторлық кеңістіктердің анатомиялық ерекшеліктері мен функцияларын зерттеуді қамтитын вокалдық технологияны дамыту әдісін қолданамын. Сондай-ақ ән айтудағы жаттығулар,оның ішінде икемділік пен дауыс күшін дамытуға, сондай-ақ дыбыс сапасын жақсартуға әсері қарастырылады.
Техникалық әдістер,дұрыс тыныс алу, артикуляция, интонация, баса айту (фразировка) мен динамика, сондай-ақ дауысты ән айтуға дайындау үшін әр түрлі әндер мен вокалдық жаттығуларды қарастырамын.
Вокал үйренем деген жастарға қандай кеңес бересіз?
Жалпы вокал үйренемін деген жастар бала кезден өз қалауымен музыкалық мектептерде оқыған дұрыс деп санаймын. Кейін оқуға түсер кезде дауыстың болуы, интонацияның тазалығы, бір аспапты меңгере алуы қажет. Жоғарғы оқу орындарының, орта оқу орыгдарының қоятын талаптары. Осы талаптарға сай болу үшін вокал үйренемін деген жастар кішкентай кезінен өнермен айналысқанын қалайтын едім. Кейін өзіңе оңай болуы үшін болашақта көптеген жетістіктерге жетуі үшін, көптеген биіктерді бағындыру үшін ең бірінші жастарға өнерден сабақ алу қажет. Себебі, өнер адамы музыкаға, әдебиетке, мәдениетке, тарихқа өте икемді болуы керек деп санаймын. Екіншіден, міндетті түрде аспап білуі тиіс. Ерте жастан нота танып, концерттерде қатысып, өзің дамыту керек деп ойлаймын.
Өзіңіздің оқушыларыңыздың жеткен жетістіктері қандай?
Осы бес жыл ішінде республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты атандық. 2021 жылы (Ресей мемлекеті) "Имена России" вокалдық-халықаралық байқауында Бекмұрат Ақниет-Гран При жеңіп алды. 2023 жылы (Дубай қаласы) "DUBAI MUSIC FESTIVAL" халықаралық байқауында Рустамқызы Айша-2 ші орынға ие болды. 2023 жылы(Италия елі Rimini қаласы) "Все цвета искусство" атты халықаралық вокалдық конкурсында Жанат Дильназ-Гран Приге ие болды. Сонымен қатар: Қанатқызы Медина-1 орын, Қанатқызы Сабина-2 орын иегерлері атанды. 2023жылы (Өзбекстан елі, Ташкент қаласында) өткен "TASHKENT MUSIC FESTIVAL" вокалдық конкурсында Гран При ұтып алған-Бекмұрат Ақниет.Сонымен қатар, 1орынды-Бақтығожа Бақдаулет жеңді.
Шығармашылығыңыздағы ең маңызды жетістіктер қандай?
Ең маңызды жетістік деп Т. Қ. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын айта аламын. Себебі, ол жерге түскенде бар түспеген де бар. Арманда кеткен қаншама жастар бар. Менің қаншама таныстарым бар. Мен сол жердің табалдырығын аттап, 6 жыл білім алып, сол жерді қызыл дипломмен бітіру бұл үлкен жетістік деп есептеймін. Екінші мақтанатын жетістігім менің ұстазым. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор Л. Қажығалиқызының соңғы шәкірті атанып, сол кісіден білім алуым менің үлкен бір өмір жолымдағы азығым деп айтсам болады. Себебі, ол кісінің қолынан Мөлдір Әуелбекова, С. Майғазин секілді мықты өнерпаздар шыққан. Сол үшін мен сол кісінің ізің жалғаушымын деп есептеймін. Осы кісінің шәкірті болғаныма мақтан тұтамын. Және тәлімгер болып, қазақ балаларының өнер жолында жетістіктерге қол жеткізіп жатқанына мақтанамын.
Жаңа ән жазу немесе орындау кезінде қандай шабыт көздерінен әсер аласыз?
Жаңа ән жазу кезінде мен тақырыпты өзекті етіп таңдаймын. Себебі, әр ән жазған кезде бүкіл жан тәнімді саламын. Әр нотасымен, ақынмен, композитормен жұмыс жасаймын. Ән жазу деген ол дүниеге алып келу. Дүниеге алып келу деген кезде әрбір сүйегіне, тамырына жауаптысың. Мен ән кезінде үлкен процесске енемін. Сол себептен ән шырқаған кезде өз жұмысымнан ләззат аламын. Көбінесе махаббат туралы әндерді айтқанды жақсы көремін. Өмірімде шынайы махаббат болды. Сол үшін де өз өмірімде болған махаббаттан шабыт аламын. Және өзімнен шабыт аламын. Осы болмысымнан, Алла берген талантымнан, ата-анамнан, бауырларымнан, жақындарымнан шабыттанамын.
Жүргізушілік қызметтің қай аспектілері сізге ең қатты ұнайды?
Жалпы жүргізушілік қызметке келер болсам, бұл өте қиын әрі қызықты жұмыс. Бұл жұмысты басқару маған колледж қабырғасында жүрген кезде кіші концерттерді басқарудан басталған болатын. Кіші концерттерді жүргізіп жүріп мен үлкен сахнадағы үлкен концерттерді жүргізуші болуға бағдар алдым. Жүргізуші болуға үлкен сауаттылық, ұқыптылық, жинақылық керек. Себебі, әр адам жүргізуші болып кете алмайды. Мысалы менің мамандығым әнші, вокалист болғаннан кейін жүргізуші болып кететіндей көрінеді. Алайда, оның аспектілері өте көп. Соның ішінде маған ұнайтыны, сахнадағы образым. Сахнада жарқын-жарқын шыққан дауысым. Осы сахнадағы образым мен дауысымның әсерінен мен тізгінді қолыма алып, кез-келген концерттерді жүргізіп кете аламын.
Қандай шараларды жүргізу сізге ең қатты ұнайды?
Маған көбіне патриоттық іс шараларды жүргізу ерекше әсер қалдырады. Мысалы, конституция күні, 9 мамыр Жеңіс күні секілді. Туымыздың көтерілгені, әнұранымыздың ойналғаны, солдаттардың сапқа тұрып қимылдағаны маған қатты ұнайды.
Өнердегі табыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігін қалай сақтайсыз?
Менің ойымша екеуі екі жақты мәселе. Өнердегі табысым маған ғана қатысты. Мен қалай жұмыс жасаймын солай табыс табамын. Білімімнің арқасында көп табыс табады. Өнердегі табысым арқылы өз жағдайымды жасаймын. Жеке өмірдің тепе-теңдігін сақтау өнерде жүрген адамдарға өте қиын. Себебі, біз әрқашан сыртта жүреміз. Әрқашан әр нәрседен шабыт алып, қиялданып жүреміз. Сол үшін тепе-теңдікті сақтау ол өте қиын.
Сізге рухани күш беретір не нәрсе?
Жалпы маған рухани күш беретін ол-Алламен байланыс. Мен мәселелерімді адамға емес тек аллаға айтамын. Алламен дос болу, сырласу яғни Алламен байланысымды қалай арттырамын деп өзіме сұрақ қою арқылы рухани дамытамын. Және маған рухани күш беретін ол маған тау. Аптасына тауға шығып, қолыма кітабымды алып, кофемді ішіп, кітап оқығанды ұнатамын. Тауға шыққан кезде менде энергия көтеріледі.
Жақын арада қандай жобалар немесе шығармашылық жоспарларыңыз бар?
Жақын арада Стамбул қаласында өтетін вокалдық конкурсқа қазір дайындық үстіндеміз.Сол конкурсқа тағы да оқушыларыммен аттанбақшымын. Одан кейін өзімнің шығармашылық жоспарларыма келер болсам, келесі жылы өзімнің авторлық әнімді жазып, соған бейнебаян түсіруге жоспар құрып жатырмын. Шығармашылық жоспарлар өнер адамдарында аяқ асты шығып жатады. Сол себептен ашып ештеңе айта алмаймын.
Рақмет, Сымбат ханым! Өнердегі жетістіктеріңіз көп болсын.
Бақберген Айзат
Ұ. Бағаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы
Алматы облысы Кеген ауданы Алғалас ауылы