Қазақ «сөз өнері» өрісіндегі балалар әдебиеті – кенжелеп қалған, ал бүгінгі қалам...
Біз не жесек сондаймыз
Семіздік тамақты көп жегендіктен, немесе арықтық – аз ішкендіктен деп кесіп айтуға болмайды. Менделеев таблицасында кездесетін элементтердің барлығы адам организміне тұрақты түрде және үйлесімді мөлшерде тағам арқылы түсіп тұруы керек. Бұл үйлесім бұзылған жерде, күндердің күніңде адам әйтеуір бір ауруға шалдығады. Үйлесім бұзылған соң не семіреді, не азып кетеді. Құрамында темірі көп ет, балық сияқты тамаққа тойып алып, артынан шай ішсе, шайдың құрамыңдағы тұтқыр элементтер темірдің сіңуін нашарлатады. Сол бір ғана темір тапшылығы деген себеп бүкіл қазақ әйелдерінің 80 пайызға жуығын анемияға шалдықтырған. Анемияның үдейтін бір себебі – дұрыс тамақтанбаудан. Көп адамдар еттің өзін анда-санда жеп, бір жегенде тойып жеп, артынша қою қара шай ішіп, өзін-өзі аурулы етіп жүргенін байқамайды.
Ал арықтыққа келсек, аштықтың да арықтығы бар, дұрыс тамақтанбаудан болатын арықтық бар. Молшылықтың ортасында отырып та ауруға шалдығуға болады. Қара уылдырық пен қызыл уылдырықты өте асыра жейтін адам біртіндеп жүрек-қантамыры ауруына ұшырайды. Егер «ет зияңды, майлы тағам опа бермейді» деп, мүлде жемейтін болса, ол да ауруға шалдығады. Зиян – асыра сілтеушіліктен, асты мөлшерден көп немесе мөлшерден кем жеу. Алтын аралықты ұстанған, салауатты тамақтануға ден қойған адам сау болады.
Тамақтану мәселсінде ұлттық ерекшеліктерді де ескеру керек. Еуропалықтармен салыстырғанда, экваторға жақын белдеудегі, қоңырқай түсті нәсілдердің жеген тамағының сіңірілуі, қорытылуы, бойына құт болуы екі түрлі жылдамдықпен, әртүрлі денгейде жүреді екен. Әр ұлттың, этностың ферменттік жүйесі, организмге түскен тамақты ыдырататын, қорытып, бойына сіңіретін қабілеті әртүрлі. Грендландияда жүрген эскимостарға өзбекстан мақтасының майын апарып ішкізсе, іші өтуі мүмкін. Өйткені өсімдік майының құрамыңдағы полиқанықпаған майларды қабылдауға эскимостың ферменттік жүйесінің қабілеті жетпейді. Ыдыратып, қорыта алмайды. Бірақ олар атеросклеороздан қырылып қалған жоқ. Сол өсімдік майының құрамындағы организмге қажет қанықпаған май қышқылдарын эскимостар теңіз жануарларынан алады. Чукчаларға, кейбір азиат халықтарға, оның ішінде қазақтарға, жапондардың бір бөліктеріне 100 грамм арақ берсеңіз, бір апта шала мас болып, алкогольдің қалдық уытын шығара алмай жүруі мүмкін. Қазір Қиыр Шығыстағы Ресей құрамына кіретін аз ұлттар орыстанып, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрінен, тілдерінен, мінезінен өзгерістер көрініс берді. Ресей империясы «огненная вода»-самогонның күшімен қаншама жылдар бойы олардың алмазын, алтынын, бағалы аң терілерін алып келеді. Кысық көздері болмаса, қалған мінезі мен дәстүрін түгелімен жоғалтты. Неге олай болды? Өйткені чукчалардың ферменттік жүйесінде, бауырында алкогольді ыдырататын алкогольдегидрогеназа деген фермент жоқ. Сөйтіп, олар рухани жағынан да, физикалық тұрғыдан да азғындап кетті. «Уызында жарымаған оңбайды» дейтіні содан қазақтың. Ананың сүті – тірі тағам. Оның құрамында ауруға қарсы тұратын иммунитет құдіретін, белоктарды (протеиндерді), көмірсуларды, витаминдерді бәрін үйлесімді түрде тоғыз ай тоғыз күн көтерген баласына жинап береді. Баланы адам қылатын сол нәр. Кеңес Одағы кезінде «баланы 3 сағатта бір емізу керек» деген ұстаным болды., «әлі үш сағат болған жоқ» деп баласына жылап жатса да емшек бермегендер болған. Керісінше, үш сағат бұрын еміп алып рахаттанып, тойған қозыдай томпиып ұйықтап жатқан баланы шырт ұйқысынан шымшып оятып, «3 сағат болды, давай, ем» деп мазасын алатындар да болған. Тамақтану деген – табиғаттың ең күрделі бір саласы.
Бүкіл адамзаттың семіздік пен арықтыққа шалдығу себебі, қолына не түссе, соны жеп, ұлттық ерекшеліктерін елемей тамақтанғандықтан, қарын тойғызса болдымен жүргеңдіктен. Ішіп-жеген тағамы арқылы алған энергияны сай мөлшерде жұмсамағандықтан. Баяғы қазақ бір табақ етті жеп алып үнемі ат үстінде жүргендіктен, 4000-5000 килокалорияға дейін энергия жұмсаған. Бір табақ ет орнын табады. Қазіргідей үйінен лифтімен шығып, «Мерседеспен» жұмысқа барып, қазы-қартаға тойып алып, компьютердің алдында артық қимылсыз отыратын адам семірмегенде қайтеді?
Енді арықтаудың жайына келейік. «Мисс Ақтоғай», «Мисс Қапшағай» боламын деп, 90x60x90 стандартын қуып, ешбір ғылыми негізге сүйенбей, тамақты шектеп жеп, арықтықтан аяғын баса алмайтын «арулар» пайда болды. Бір жақты тамақтанып, модель, культурист, атлет болу үшін дене бұлшық етін қосымша таблеткалармен талқандап жатыр. Осылайша Алла Тағаланың жаратқанына қарсылық білдіреміз. Бойы 180 см., салмағы 45 келіден аспайтын қыздардың «тазы» «таз» емес, «тазик» дер едім. Ал ғалымдар салмағы 45 келіден төмен қыздардың бала туу қабілеті, тіпті сексуалдық қабілеті төмен болатынын айтады. Ұзын, арық қыздарды сұлулықтың эталонындай көріп, «она такая сексуальная» дейді. Ешқандай да сексуальная емес! Сексуалдылық – ішкі құбылыс, басқа жынысты сиқырдай тартып, ынтызарлық тудыру. Ал 90х60х90-ның көпшілігінің сырты жылтырап тұрғанымен, ішкі жыныстық гормондық үйлесімі жоқ.
Арықтықтың енді бір себебі - «қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дегендей, жасы егде тартқан адамдардан ет қаша бастайды. Өйткені жасы ұлғайған адамдардың ферменттік жүйесі бұзыла бастайды. Жалпы, адам ауырып барып арықтауы мүмкін, керісінше, тым қатты арықтап кеткеннен кейін ауру үдеп кетуі мүмкін. Арықтық та, семіздік те – аурудың екі шеті.
Ал, бүгінгі қытайдың бізге не жегізіп жатқанын «ішің білсін әлу-ай»... Ол өз алдына бір әңгіме..