Мәдениеттің ғылымдағы рөлі қандай?

ТАНЫМ
2060

Кез келген этнос пен қауымдық топтың, халықтың,  ұлттың өзіндік болмысы мен дүниетанымы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани және материалдық мәдениеті оның тек жанды тілі арқылы ғана дәйектеледі.  Яғни, кез келген тіл белгілі бір ұлттың эталондық  көрсеткіші болады. Оған этномәдени біртектілік, ұжымдық сана, территориялық біртұтастық, қауымдық  құрылым тоғысады. 

Тілдің сапалық белгісі коммуникативті қасиетке ие ақпарат беруші таңбалар жүйесінен ғана тұрмайды, ол осы кешенділік сапаның бәрін қамтитын  ұлттық мәдениеттің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады. 

Мәдениет - жеке адамның өзіне тән қасиеттерінен басталып, бүкіл ұлттық менталитетті, ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани-материалдық байлықтың бәрін қамтитын күрделі ұғым. Мәдениетті жасайтын және оны тұтынатын – адам. Сондықтан мәдениет, ең алдымен адам әлемі ретінде саналады. Өйткені мәдениеттің қандай түрі болмасын онда адамның ақыл-ойы, парасаты, наным-сенімі, дүниетанымы, эстетикалық талғамы заттандырылып, материалдық және рухани игіліктер көрініс тауып отырады.

Мәдениет деген сөз қазақ тіліне араб тілінен енген. О баста арабтың маданият деген сөзі “қала”, “қалалық” деген ұғымды білдірген. Мұның өзі орта ғасырлардағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланысты. Мәдениеттанушылардың атап көрсеткеніндей мәдениетке берілген анықтамаларды альтернативтік (қарсы қоюшылық) деп атауға болады. “Мәдениет” ұғымын талдауды мәдениеттанушылар көне заманнан бастайды. Көне заманда мәдениет “жерді өңдеу” деген ұғымды білдірген. Бұл тұста көзге түсетін нәрсе – мәдениет пен табиғатты қарсы қоюшылық. Кейінірек Цицеронның еңбектерінде (б.з.д. 45 ж.) бұл сөздің мағынасы тереңдеп “жанды жетілдіру” деген ұғымда жұмсалады. Уақыт өте келе Европада мәдениет сөзі “білім беру”, “даму”, “қабілеттілік”, “құрметттеу” сияқты мағыналарда қолданыла бастайды. 

Сондай-ақ, бүгінгі ғылымтануда заттық мәдениет, материалдық мәдениет, рухани мәдениет, этнос мәдениеті, этникалық мәдениет, ұлттық мәдениет, шығыс мәдениеті, постфигуративтік мәдениет (дәстүрлік мәдениет), конфигуративтік мәдениет (замандастық мәдениет), предфигуративтік мәдениет (жас ұрпақтық мәдениет), тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениеті, тұрмыс мәдениеті, тамақтану мәдениеті, киіну мәдениеті, төл мәдениет, жалпы адамзаттық мәдениет, аймақтық мәдениет, жазу (жазба) мәдениеті, кәсіби мәдениет т.б. Мұның сыртында көркемөнер мәдениеті, экологиялық мәдениет, оқу мәдениеті, ғылым мәдениеті, экономикалық мәдениет т.б.  сияқты  топтастырушылық та жоқ емес. 

Демек, мәдениет адамзаттың адам болуынан бастап, оның бүкіл рухани ізденісі, шығармашылығы, тәжірибесі жинақталған мыңдаған жылдардың жемісі. Бұл орайда Н.В. Гончаренконың мына бір пікірін келтіруге болады: “Мәдениет – адамзат танымындағы ең ұлы ерекшелік. Табиғаттың асау мінезіне тойтарыс беріп, оны өзіне бағындыра білген ұыл бар, ол – мәдениет” депті. 

Рухани құндылықтарға  ұлттық дүниетаным мен діл, ұлттық психология мен моральдық этикалық нормалар, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр, ырым-жоралғы және т.б. жатады. Рухани мәдениетке белгілі мәдениеттанушы, философ-ғалым Садуахас Темірбеков, ең алдымен, адамгершілік құндылықтарын жатқызады. Зерттеушінің пайымдауынша, ар-намыс, парасаттылық, адамгершілік, сенімділік, мейірімділік, кішіпейілділік, кешірімділік және тәуелсіздікке, еркіндікке, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылыс, өзін-өзі бағалау сияқты құндылықтар жинағы – халықтың рухани мәдениетінің негізі, іргетасы. Мәдениеттанушы ғалым: “Мәдениеттің қалыптасу кезеңі адамның адам болуынан, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қажет қарапайым норма, ереже, тыйым, бұйрықтардан басталады, ал рухани мәдениетке жатқызатын әдебиет, өнер, дін, бұқаралық ақпарат құралдары т.б. кейінгі уақыттың жетістігі”, - деп жазады. 

Заттық (материалдық) мәдениетке адамның өмір сүруіне қажетті ішер асы, киетін киімі, тұратын баспанасы, көлігі, қолөнерінің бұйымдары, ауылшаруашылық және малшаруашылық құрал-саймандары, өнім өндіретін шикізаттары, қару-жарағы, аңшылық, саятшылық жабдықтары, саз аспаптары, ыдыс-аяқ, жиһаз т.б. жатады. Яғни “материалдық мәдениеттің шындық өмірдегі, күнделікті тұрмыстағы заттармен тығыз байланыста қаралатыны белгілі”. Яғни материалдық мәдениет заттар әлеміне барып саяды. Этнографтар табиғат сыйынан тыс, адам қолынан шыққанның бәрі мәдениеттің айғағы бола алады деп санайды. 

Қазақ халқының рухани болмысы мен ой-арманы, қиял-ғажайыбы, іс-әрекеті нәтижесінде  күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті құрал-сайман, киім-кешек, қару-жарақ, тұрмыстық заттар мен қолөнер бұйымдары сияқты сан алуан материалдық заттар әлемі дүниеге келгені белгілі. Яғни ұлт мәдениетінде рухани мәдениет пен материалдық мәдениет етене тығыз байланыста дамыған. Әйтсе де бүгінгі ғылымтануда шартты түрде болса да рухани мәдениет және материалдық мәдениет деп топтастыру  кездеседі.


Оқи отырыңыз: Қуат Бораш. Made in:Niet һәм ниетпен жасалған мәдениет



Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...