Какудзо ОкакураКакудзо Окакура (1862-1913) — Жапонияның дәстүрлі мәдениетін қайта тірілтушілер...
Өзбекәлі – қазақтың біртуар азаматы
Фото: ашық дереккөзден
1963 жылдардың басында Семей облысының Шұбартау ауданында басталған «қой бағу» ұраны бірнеше жылда Қазақстанды жайпап кетті. Ұранның әсерлі болғаны сонша, мектепті алтын медальға бітірген оқушының өзі қой бағып өкіметке ет өткізуді абырой санаған. Осындай ұранның тұзағына түсіп қалған аңғал қазақтың бірі-тарихшы Қойшығара Салғараұлы. Ол Торғайда Өзбекәлімен қызметтес болған екен.
«Мектепті жақсы оқыдым. Кітапты бір оқысам, түгел жаттап алатынмын. Мені бәрі Алматыға барып, ғылым қуып, ғалым болады деп ойлаған. Аудан деңгейінде танымал болып қалғанмын. 1957 жылы «Лениншіл жас» газетінде қой бағуға кетіп бара жатқан жастардың тартымды фотосуреттері шықты. Ол кезде тоғызыншы класта оқимын. Сол ұранға елтіп, жатсам-тұрсам «100 қойдан 130 қозы алу» деген арман ілесіп, сабағым нашарлап кетті. Кітап оқуға ынтам азайды. Мектепті бітіре сала өзім сұранып, малға аттандым.
Бір күні ауылға бұрыннан таныс, көзі ашық райкомның бір басшысы келеді. Ол Қойшығараны көріп:
– Әй, сен бала, мұнда не істеп жүрсің?– деп сұрайды.
– Қой бағып жүрмін, – дедім майданның шебінде тұрған жауынгерге ұқсап.
– Мен сені ғалым болады деп ойласам, – деді ол күрсініп.
– Отанымызға ет керек. Ол үшін мал басын көбейту қажет. Бұл да бір ғылым, –деп соғып тұрмын.
– Әй, басты қатырма! Қойды жаздың басына дейін бағасың. Сосын Алматыға оқуға жіберем, дайындала бер.
– Мен бармаймын. Бәріміз оқу қусақ қойды кім бағады? Өкіметке кім ет береді?
– Сен бала не білесің? Мұның астында не қисық саясат жатыр. Елге шамшырақ болып, жол көрсететіндей өзіңдей ақылды азаматтар қой бағып жайына кетті. Ертең осының кесірінен ел азады. Тіліңмен жағыңа сүйенбей Алматыға бар. Не саясат екенін барғаннан соң көресің, –деді.
Райкомның айтқаны айнымай келді. Сол кезде Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне түскен соң қазақ ұлтының қандай аянышты халде екенін көрдім. Журналистика бітірген тұлғалармен тілдескенде бұл тақырыпқа тереңдей түстім. Бақсақ бақа екен дегендей, қазақтың төл тарихын оқуға тыйым салынған екен. Осыған ерегісіп мен кейін тарих ғылымына ауысып кеттім.
Дәл осындай оқиға Әбіш Кекілбаевтың да басынан өткен. 1955 жылы Гұртас Оңдасынов ұлт мүддесін қорғап жүріп, қызметі төмендеп сол кездегі Гурьев облысының Атқару комитетінің төрағасы болып бекітіледі. Сол жылы мектеп бітірушілерді қой бағуға жіберіп жатқан. Нұртас оның алдында Әбіштің бір мақаласын газет бетінен оқып, жазу қабілетін байқаған еді. Қой бағып жүрген жастар бригадасының тізімінен Әбіш Кекілбаевтың атын оқып қалады. Дереу оны өзіне шақырып, мән-жәйды түсіндіреді де, Алматыға оқуға жібереді. Ұлтжанды Нұртас болмаса кейін Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы болған, сөз зергері Әбіш Кекілбаевтың кім боларын бір Алла ғана біледі.
Бірде Өзбекәлі Кентауға жиынға барады. Облыс басшысы «жақында Кентаудың жастары мал бағуға аттанады, «100 қойдан 130 қозы алатын батырлар бізден шығады» деген ұранды түйдек-түйдегімен төгіп тұр екен. Өзбекәлінің қаны басына шауып, шыдай алмай:
– Білдей облыс басшысысыз. Біз қазақ жастарын өнеркәсіптің сан саласына бейімдей алмай жатырмыз. Маманданған қазақтың саны санаулы. Аз қазақты тиімді пайдаланудың орнына оларды неліктен қарға қуып жатырсыз?– дейді.
– Жо-жоқ, мені дұрыс түсінбедіңіз. Қой бағуға қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілі бірге аттанады –деп басшы ақталғандай болады.
– Осы сөзіңізге өзіңіз сенесіз бе? Қойшылыққа қазақтан басқа орыс не татарды ерікті жібере алмайсыз ғой!
Осындай оқиғаның бірі Отырар ауданында да жүріп жатты. Шәуілдір ауданының басшысы Тайбеков мектеп бітірген жастардың қолына комсомол дың қызыл туын ұстатып, қойшы ауылға лек-легімен аттандырып жатты. Өзбекәлі оған тосқауыл қоюға тырысып:
– Ең болмаса қыздарға тиіспесеңдерші, қойшыға күйеуге тисе, онсыз да қойшы болады ғой. Бәрін бірдей малға салатындай бастарыңа не күн туды? –дегенде, «Амал жоқ, тапсырма солай!» деп шынын айтып қойды.
Бұл оңбаған ұран еді. Бір жылдың ішінде-ақ қаладағы үлкен оқуға аттанған қазақ жастарының саны екі есеге кеміп кетті.
Қалай дегенде, қазақты қараңғы халыққа айналдыру үрдісі іске қосылды. Миы Коммунистік партияның идеологиясымен уланған облыс пен аудан басшылары астына «Волга» мініп, қолына қызыл ту алып, ұрандатып шауып жүрді. Мұндай үлкен қозғалысқа жалғыз Өзбекәлі қарсы тұра алмады. Оның үстіне сол кездегі Қазақ ССР-нің хатшысы үнсіз қалды. Ұранға елтіген жастар лек-лек болып қойшы ауылға аттанып жатты. Жамандықты көш жерден сезген Өзбекәлі мұның түбі ұлттық апат екенін түсінді. Өзбекәлі күрестің басқа тәсілін таңдады. Қойшылар оқу-ағарту өнімдері мен мәдени құндылықтардан кесіліп қалмас үшін оларды осы тарапынан қолдап, мәдени өніммен қамтамасыз жағын қолға алды. Мал бригадаларына портативты радиоқабылдағыштарды жөнелтті. Ол арқылы қазақ радиосы мен «Шалқар» ақпараттарын жайлауда жүріп қиналмай тыңдайтын.
Мүмкіндік бар аймақтарға шағын электр станйияларын орнатты. Көшпелі моншаға тапсырыс арттырды. Апта сайын ыстық су арқалаған көліктер шопандарды аралап моншаға түсіретін. Оқу-тоқу ісінде қарайып қалмасын деп, жайылымдарда оқу пункттерін ашқызды, газет-журнал мен көркем әдеби шығармаларды жылдам жеткізу жолға қойылды. Өзі Қазақстан Комсомолының бірінші хатшысы бола тұра жастар бригадаларын жиі аралап жүрді. Осы стратегияның ұтымды болғаны сонша кейбір шопандар қаладағы онша-мұнша оқымысты қазағыңмен аттан түспей сөйлесетін деңгейге жетті.
Ұранға еліктеген түйсігі төмен ақындар мен композиторлар малға баратын жастарға арнап өлеңдер жазып жатты:
Шопан ер, естіп пе ең Мұқан ерді?
Неше рет осы топқа талай келді.
Омырауда қос Орден жарқылдаған
Шіркін-ай жақындатқан талай жерді.
...................
Атақты шопаным бар Біргебаев
Табысы қанаттанған ірге жайып.
Жүз қойдан жүз қырықтан төл өсірді
Табыскер өресі өскен елге лайық.
Совет үкіметі кезінде қолдан жасалған қаһармандар ғана насихатталған. Осының кесірінен қазақтың жас буыны өмірдің асыл мұратын дұрыс көздей алмай кетті. Осындай қауіпті түсінетін кейбір зиялылар қолынан келгенше ықпал ету аймағын пайдаланып, студент шәкірттерінің санасына енгізуге тырысатын.
Актер Тоқсын Құлыбеков естелігінде «Біз сегіз бала екінші курстан бастап атақты Асқар Тоқпановта оқыдық. Тоқпановтың тоқпағынан небір өнер адамдары тәрбиеленген, профессор Райымбек Сейтімбетов, өнер абызы Асанәлі Әшімов т.с.с.
Тоқпановтың әр сабағы Абайдан басталатын. Бірде ол менен:
– Сен қай жақтансың ? – деп сұрады
– Талдықорғаннанмын – дедім.
– Наймансың ба, әлде Жалайырсың ба?
– Жалайырмын.
– Жалайырдың игі-жақсыларынан кімді білесің?
– Екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов, Жазылбек Қуанышбаевтан бастап, қызылшадан батыр болғандарды тізіп жөнелдім.
– Әй, атаңа нәлет, – деді бір кезде Асекең. – Ескелді, Балпықты неге айтпайсың? Қабан жырауды, Бақтыбай ақынды неге айтпайсың? Сенің «дважды геройларың» маған бес тиынға да керегі жоқ. Маған өкіметтің қолдан жасаған «геройларын» айтпа, – деді. Содан кейін маған екі сағат Ескелді, Балпық туралы лекция оқыды.
Сонымен артынша 1965 жылдары Республикалық «Казсельхозтехниканың» бастамасымен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен қыз-келіншектерден трактор бригадаларын құруға бастама көтеріледі. Арнайы қаулы қабылданатын болады. Сол қаулыға Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қарсы болып, қол қоймайды.
1965 жылы Қазақстан партиясының Орталық комитетінің хатшысы Г.А.Мельниктің (1963-71жж.) кабинетіне шақырып: «Қаулы жобасына неге қол қоймадың?» дегенде Григорий Андреевич: «Солярка сасыған қызға қандай жігіт жолайды? Қыздың келешегін ойлау керек. Мыңдаған еркек кеңселерде қағаз кеміріп отыр, трактор айдайтын адам табылмаса, соларды жіберейік. Керісінше, қыз-келіншектер кеңсеге ауысса, ұқыптылық пайда болады», дейді.
Сол кезде «Сельхозтехника» басшысы М.Батриков:
– Көрдіңіз бе, бітіп тұрған шаруаны комсомол хатшысы әдейі қиындатып отыр,– деп безілдейді.
– Ендеше, өзіңіз әйеліңіз бен қызыңызды тракторшылардың курсына жіберіңіз, мен құжатқа қол қояйын.
Сол кезде үнсіз отырған Ауыл шаруашылық министрі Г.Рогинец (1957-71жж.):
– Хатшы дұрыс айтады. Әйелден бригада құруға мүдделі адамның бірі менмін, бірақ қарсымын. Соғыс кезінде талай әйел трактор айдаған, солардың 30 пайыздан астамы кейін бала көтере алмай қалды, –деген екен.
Ақылдаса келе арнайы қаулы керек емес. «Бригада құрғысы келген қыз-келіншектерге алдымен жағдай жасасын»деп ұрандатқанды тоқтатады.
Комсомолдың хатшысы болашақ карьерасын бәйгеге тігіп, не үшін хатшымен, министрмен тіресіп отыр? Себебі «қыз-келіншек бригадасы» дегеннің астарында «қазақ қыз-келіншектері» деген солақай саясат жатқанын жақсы білді. Мұндай ауыр жұмысқа жегілген үлбірген қазақ қызының нәзіктігінен төрт-бес жылда түк те қалмайды. Бұл жұмыстың ауырлығы табиғаты қолайлы оңтүстік облыстарда онша біліне қоймас. Бірақ ауа райы қатал солтүстік өлкеде трактор айдаған әйелдер бала таппайтын бедеу болып қалар еді.
Дәл осы тұста орыстың қыз-келіншектері Алматыға тіркеліп, оп-оңай пәтер алып, астың асылын, тонның қамқасын киіп, сенбі-жексенбіде «Медеуде» коньки теуіп жүретін. Бұл қаулының түбін қазсаң, жіптің ұшы кремльге тірелетін. Ондағы сұмпайы коммунистер Қазақстанда мәдени геноцид жүргізіп жатқан.
Қазақтарды қалаға жақындатпайды. Жігіттері тұрмақ, қызының өзін оқуға түсірмей, қара жұмысқа жегеді. Баласын қазақша оқытуға мүмкіндік бермейді. Қазақ мектептері мен балабақшаларын жауып жатты. Осыншама тегеурінді мәдени геноцид күшінде түрғанда 34 жастағы Өзбекәлі қорықпай, өкіметтің саясатына қарсы қимылдап тұрды. Ол билік тетігін жақсы білетін. Тәртіп бойынша комсомолдың бірінші хатшысы қол қоймаса, партияның ешбір қаулысы жүзеге аспайтын. Өзбекәлі комсомолдың бірінші хатшысы қызметінен кейін Коммунистік партияның Орталық комитетіне хатшы болуы керек еді, осындай ұлтжанды қайсар мінезі үшін орталық биліктен алыстатылып ылғи шетқақпай көріп, мәдени айдауда жүрді.
Қайда қызмет атқарғанда да ұлттың мүддесі үшін жан аямай қайтпастан еңбек етті. Өзбекәлінің ұлтжанды қызметтерін замандастарының естеліктерінен байқауға болады.
Өзбекәлімен қатар Шер-ағаң, Шерхан Мұртаза: «Отыздан жаңа асқанымда «Лениншіл жас» газетіне бас редактор болып келген соң газетке ұлт мүддесі жөнінде мақалалар жарияланғаны үшін Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық комитетінің бюросында талқыланатын болдым. Орталық комитеттің хатшы маған ұлтшылдық жөнінде дүрсе қоя берген.
Сонда Өзбекәлі :
– Сіз өнеркәсіпке жауап бересіз, бұл мәселеде қандай қатысыңыз бар?– деп атып тұрды. Сөйтіп мені арашалап қалды, мен үшін көпе-кернеу отқа түсті. Мен ол кезде комсомолдың бірінші хатшысы Өзбекәлімен ешбір таныстығым жоқ еді» деп еске алған.
Тәуелсіз Қазақстан бастауында тұрған М.Жолдасбеков Премьер-министрдің орынбасары (1991-93 жж.) кезінде Қазақстанның тұңғыш президентін таққа отырғызу (коронация) процесін қалай жүргізу керектігіне үлкен жұмыс атқарғанын айтады.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау кезіндегі еңбегі де ерекше. Елімізде «Наурыз» мерекесін тойлауды өткізу жолында аянбай еңбек еткен.
Өзбекәліні жерлеу комиссиясының төрағасы болған академик Өмірзақ Айтбаев Өзбекәлінің өмірін «ұлтқа адал қызмет етудің символы» деп атап көрсеткен.
Ешбір адамнан тайсалмай, туралықтың жолында адалдықтың ақ туын көтеріп өткен Ақселеу Сейдімбек:
–Ахаң десек, Ахмет Байтұрсыновты, Мұхаң десек, Мұхтар Әуезовты, Бәукең десек, Бауыржан Момышұлын, Шер-ағаң десек, Шерхан Мұртазаны білетіндей, Өзбекәліні қазақ Өз-ағаң десе болады,– деген ұсынысы бар еді. Жоғары жақтағылар қолдамаған болуы керек, үнсіз қалды.
Жалпы, Өзбекәлі шындығын айтқанда, Советтік Қазақстанда трайболизмнің, Тәуелсіз Қазақстанда іштарлық пен пендешіліктің құрбаны болды деуге болатын шығар. Қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Төлеген Айбергеновтың сөзіме айтқанда:
Күншілдер өле берсін күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде – дегендей, өз биігінде өткен тұлға.
Ерғали ДІЛДӘБЕК