2021 жылғы 31 тамызда Ыстанбұлда «Томирис» фильмінің Түркиядағы премьерасы өтті, деп хаб...
Данияр Саламат: Киноны құтқару керек немесе күріш пен күрмек
фотосурет автордың жеке мұрағатынан
949
Үндемей-ақ қояйыншы дегем. Болмады.
Ішім толып екі күн отырдым.
Сосын, жазайын дедім.
«Айтылмаса, сөздің атасымен» бірге кино да өліп барады екен…
Қазақ кино өнері төңірегінде кейінгі кезде шу да көп айқай да көп. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін былайғы жұртқа аңғару қиын… Бәріңізге белгілі, айқай жүрген жерде жұмыс жүрмейді, айқайдың жаңғырығының өзі мың құбылып көптің ермегіне айналады. Осындай қалың шудың арасында есіл өнер, онсыз да бауырын жаза алмай келе жатқан - ұлттық кино өнері шалажансар кепке түседі.
Өткен аптада ғана кезекті 2024 жылғы сценарий қоржынынан Ұлттық киноны қолдау орталығының питчингі өтті. Питчингте 87 киножаба талқыға салынып, Сарапшылар алқасының сүзгісінен 29 фильм жобасы өтіп, іріктеліп шықты. Ішінде мен пақырдың «Күміс қоңырау» атты жобам да бар еді. Ол жобалар енді соңғы инстанция - Ведомство аралық комиссия (ВАК) құзырына жолданылды.
Сонымен «жаужүрек 29 жоба» 5-шілде күні Астанадағы министрлер үйінде ВАК сарапшылары талқысына салынады. Құрамында Мәдениет және ақпарат министрі, әртүрлі (қаржылық, заңдық) ведомство өкілдерімен қоса қос депутаты бар комиссия жобалардың қаржылық, идеологиялық әлеуетін саралайды.
Енді қызықты қараңыз, менің Питчингтен - Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Сараптау кеңесінен жеткілікті балл жинап өткен «Күміс қоңырауым» осы ВАК отырысынан өте алмай сүрінеді ғой… Дұрысы, сүріндіреді! «Ту сыртынан шоқпар тиіп, жайрап қапты жүйрігім…»
Не үшін? Не себепті? Неліктен?
«Күміс қоңырау», құрамында Д.Жолжақсынов, Н.Мұқышева, Ә.Бөпежанова т.б. секілді кино, әдебиет, өнер майталмандары бар Сараптама кеңесінен сұрақсыз өткен. Идеологиялық қателігі болса, сол кісілерден қырағы ешкім жоқ, тоқтатар еді. Ал, қаржылық жағына келсек, тарихи фильмге бар жоғы 350 миллион теңге ғана сұралған, артық қаражат көрсетілмеген. Не үшін құлатқан ВАК киножобамды?
Кімнен не сұрарыңды білмей, айнала шарқ ұрып шырылдайсың да қаласың…
Министр А.Балаеваның қатысуымен (мүмкін, төрағалығымен), өтетін бұл комиссия отырысы «ауызы-мұрыны жоқ отау», ешкімге ешқандай түсінік бермейді……
Бұл ВАК-ның маған көрсеткен (киноға көрсеткен) бірінші құқайы емес, кеше ғана Халықаралық Шанхай фестивалінен қара үзіп келеген «Талақ» та осы ВАК-тен 2020, 2021 жылдары еш себепсіз (Еш себепсіз!) құлатылған еді. Тек Сарапшылардың табандылығы арқасында үшінші рет дегенде ғана, 2022 жылы ВАК «қылкөпірінен» әупірімдеп өтіп, өндіріске кетті. Енді қараңыз, екі жыл қатарынан сұлатылғаннан кейін «кино деген бәлеге» қолымды бір сілтеп «қой бағып» кеткенімде не болар еді? «Талақ» дүниеге келмейтін еді ғой? Ұлттық киноның мерейін асырып, ұлы аламанда ұран сала шауып, қара үзіп қазақтың атын, Бейімбеттің есімін әлем жұрты алдында асқақтата алмас едік қой? Ұлтына мың жылдық рухани азық болар дүние жатырда өліп, жөргегінде тұншығар еді ғой?
Құдайдың құдіреті деймін де, жай адами логикаға салайықшы, қайта мынадай үлкен жетістіктен кейін Мәдениет министрлігі «алтын шыққан жерді белден қаз» қағидатымен «Талақтың» авторларымен ары қарай жұмыс істемес пе еді? Бірлесе жоспар құрысып, он төрт жыл жазылған, әбден көркемдік тұрғыдан иі қанып, шыңдалған «Күміс қоңырау» киножобасын қолдап, бұл жетістіктен де биік тұғырға бірлесе ұмтылмас па едік? Ұлт киносының өркендеуі мен дамуына тікелей жауапты адамдардың (Мәдениет және ақпарат министрлігі жұрағатының) алдындағы ұлы парызы емес пе еді бұл? Жоқ, керісінше болды бәрі…
Күзде фильмді өз халқымызға кең көлемде көрсетуді жоспарлап отырмыз, шын бағасын жұртым береді енді…
Былтыр да Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына ұсынылған жобалардың тең жартысы сарапшылар назарына ұсынылмастан «балталанып» күресінге жіберілген еді... Жобалардың дені жастардікі еді. Ешкімнің жүрегі дір етпеді. Ешкімнің «бұл қалай» деп жаны ашыған жоқ. Ол жобалардың ар жағында қанша үміт, қанша сурет, қанша тағдыр тұр еді…
Әлқисса.
Енді эмоциямызды барынша тізгіндеп, «қандай фильмдер өндіріске жіберілуі керек» деген сұраққа жауап беріп көрейік. Әсірелеп айтсақ, кино деп көзіміз ағарып, тісіміз сарғайды ғой, көзім жеткен нәрселермен бөлісейін.
Ия, бізге кино керек.
Осындай қалың шудың арасынан киноны арашалап алып қалу керек.
Ол үшін ұлттық киноның (кино төңірегіндегі қалың шудың емес), қазіргі қазақ киносы қандай күйде екенін түсінуіміз қажет. Алдымен еліміздегі қазіргі кино жасауға ұмтылушылардың кімдер екенін аңдап алайық. Негізі ұлтқа қандай кино керек, ал біз қандай кино көріп жүрміз?
КИНО ӨЗЕНІНІҢ ҚОС ЖАҒАЛАУЫ
Қазақ киносы қазақ қоғамы тәрізді екі лагерьге бөлінген.
Қазақ әдебиеті – біртұтас. Қазақ театр өнері – біртұтас. Қазақ живопись өнері – ол да біртұтас. Тіпті, қазақ эстрада өнері де – біртұтас. Тек, кино өнері ғана – екіайыр. Екіжік. Екідай.
Бірі – басқа мәдениеттің шылауынан шыға алмай өз киносын басқа мәдениет пен түсінік трансформациясын салып, кино өнерін ориенталистік бағытта жасайтындар. Олар – киноның тілін жақсы меңгерген болуы мүмкін. Әдебиет, өнер, кино тілі десе жортақтап сөйлеп «ә солай екен ғой» дегізіп аузымызды аштырып қоюы мүмкін. Олар түрлі беделді кинофестивальде беделді сыйлықты қанжығаларына бөктерген болуы мүмкін. Олар аса білімдар келеді. Олар тіпті, қазақ тілін меңгерген, қазақ тілінде орта мектепті бітірген де болуы мүмкін. Бірақ өсе келе «қағынан жеріп» басқа бағытқа, басқа таптаурын, жүруге жеңіл жолға түсіп алғандар. Олардың дені шет елде, Мәскеуде оқып келген. Мәскеуде жиған білімдерін енді еліміздегі өнер білімі ошақтарында төгіп, соңынан өздері қалыпты біраз жұртты еліктіріп әкеткен.
Екіншісі – ұлттық бағытты ұстанғандар. Бұлар ала-құла. Дені – жастар. Олар төл әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрін жақсы біледі және оны жан-тәнімен қорғайды. Олар алдыңғы топқа жалтақтап көп қарайды. Олар әзірге бауырын көтере алмай жатыр. Кей жағдайда ақ пен қараны ажырата алмай, алдыңғы топтың шылауында да кетіп жатады. Бұлардың дауысы әлсіз, былайғы жұртқа (алдыңғы топты үлгі тұтқандар үшін) істері қораш.
Енді бір топ бар.
Өте маңызды топ.
Ол топ – қазақ киноөнеріне баға берушілер һәм үйлестірушілер.
Біздің лебізіміз – осы үшінші, негізгі топқа арналады.
Бұл топ екі қабаттан тұрады. Бірінші қабат – кино саласындағы шенділер. Яғни, Президент аппаратындағы идеологияға жауапты азаматтар, Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрі, министлік, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшылығы.
Екінші қабат – сол шенеуніктерге ақ пен қараны анықтап беруші орган – Ұлттық киноны қолдау орталығындағы Сарапшылар кеңесі. Яғни қазақ ұлттық киносындағы шөп пен жөңгені ажыратып беріп, саралап, әділ бағасын беретін жандар. Оларға әлбетте, бірінші қабаттағы шенділер құлақ асуға тиіс. Бірақ өкінішке қарай Сарапшылар алқасы тек ұсыныс беруге ғана құқылы. (ВАК та солай)Яғни соңғы шешім құзыры - бірінші қабатта.
Енді әлбетте, қалғаны – әділдік! Әділдіктен үміт. Егер әділдікке құлақ асар болсақ, келесі бөлімге де көз тоқтата салыңыз.
ОРҒА ТАРТҚАН ОРИЕНТАЛИЗМ
Ориентализм дегеніміз не?
Бәріміз үшін оңай жолы интернет желісіне жүгінейік: Ориентализм (от лат. orientalis — восточный) – стилистическое направление в искусстве, преимущественно западном, которое использует сюжеты, мифологию, культурную и архитектурную атрибутику стран Востока- дейді қысқаша алсақ. Яғни, көркем өнерде бір елде болып жатқан құбылысты екінші елдің шығармашылық өкілі көзқарасымен бейнелеу. Ол әлемдік әдебиетте де, сурет өнерінде де бар. Кино өнеріне жақындау болған соң бейнелеу өнерін мысал ретінде қарастырамыз. Әлемдік сурет өнерінде ориенталистер көптеп саналады. Батыстық суретшілер шығыстың экзотикалық көріністерін (монша, нәзік нақыш-өрнектер, гарем, сәлде т.б) алдыға ұстанып олардың өмірін өз көзқарастары арқылы бейнелеген.
Солардың бірі - Джулио Розати. 1858 -1917 жылдар аралығында ғұмыр кешкен, итальяндық суретші-ориенталист. Академиялық сурет бағытын ұстанушы.Майлы бояумен іргелі полотнолар салған, сонымен қатар акварелді де ғажап меңгерген. XVIII ғасырға тән, сол жүзжылдықтың рухы сақталған туындылар жазғанды жаны сүйген, сонымен қатар шығыс өмірін мазмұндайтын дүниелер тудырған. Ортағасырлық арап теңізшілері Магри́б деп атап кеткен Египеттен шығысқа қарай сұлап жатқан елді мекен жайлы өмір бойы картиналар салып кеткен. Мына қызықты қараңыз, сол өзі жырлап өткен Магрибке Джулио Розатидің ғұмыры табаны тиіп көрмепті. Туындыларын сонда барып қайтқан саяхатшылардың әңгімелері бойынша, өз еліндегі (Римдегі) антикварлық бұйымдар сататын орындардағы заттар бойынша рухтанып, салған екен.
Ал енді Ресей империясы, Брянск қаласында туып, жиырмадан асқан соң қазақ жеріне келіп, өмірінің соңына дейін Алматы қаласында тұрып, жұмыс істеген Никола́й Гаври́лович Хлу́довтың еңбектерін алайық. Суретші, иконжазушы, пейзаж шебері – Хлудов өткен ғасырдың бас кезіндегі қазақ өмірі жайлы көп туынды жасады. Қарап көріңіз... Ориентализм деген – сол. Хлудовтың шебер суретші екені рас. Қазақ живопись өнеріне елеулі еңбек сіңіргені рас. Атақты ұлт живопись өнерінің басында тұрған Әбілхан Қастеевке аз уақыт ұстаздық әсері болғаны да рас, десек те, Әбекеңнің салған дүниелерімен салыстыруға келмейді. Шеберлік емес, ұлтық жан, ұлттық реализм мен философия тұрғысында.
Мысалы Хлудовтың 1889 жылы жазған «Жүн сабап жатқан әйелдер» картинасын алайық. Киіз үйдің ішінде алқа-қотан отырып алып бір топ қыз-келіншектер жүн сабап жатыр. Бірнешеуінің кеуделері жалаңаш...
1890 жылы салған «Кір жуу» картинасын алайық. Сыртта қыз әлде, келіншек кірленді алдына алып кір жуып отыр, кеудесі жалаңаш...
Енді ой жіберейік, жалпы жүнді үйдің ішінде сабаушы ма еді? Сыртта сабамай ма? Жақсы, оған да мән бермедік дейік, бала емізгенде кеудесін қымтап отыратын қазақ әйелі кеуделіктен шешініп тастап олай айра-жайра отыруы мүмкін бе? Сыртта, кір жуып отырғанда жалаңаштануы тіпті сорақы. Суретші қанша эстетикалық сұлулық іздесе де ақиқаттан аттамауы керек. Себебі, көркем туындыға қиял араласуына болады, өтірік араласуына болмайды. Бәрі де ұлттық мінез бен таным шеңберінде болуы керек. (Мысалға, Хлудовтың «Көл жағасында» шығармасына ештеме айтпаймыз, ол ақиқат шеңберінде.) Тек мұндай тұрмыстық-ғұрыптық ерекшелік қана емес мұнда адамдардың дене тұрқымен бет әлпеті, антропологиялық та қиыс кету бар, оны картинаны көрген адам анық аңғарады.
Мұны неге сөз қылып отырмыз? Біздің ұлттық киноның да кеспірі осындай қазір. Ана тілін білмейтін (болмаса, ауызекі ғана сөйлейтін) бір бет ана тілінде әдеби кітап оқымаған кинорежиссерлер кино түсіреді. Кейіпкерлері, оқиғасы, суреті, костюмы, тұрмысы «кейіпкерсындылық» (Станиславскише айтқанда) мәнерде жасалады. Яғни жоғарыда айтқандай, өмірі Африка құрлығында болмаса да Магриб жұрты тіршілігі жайлы картина салып өткен Джулио Розати, болмаса, Ресейде ер жетіп, қазақ елінің жаны мен тәнін сіңірмей жатып картина тудырған Хлудовтай сенімсіз дүниені өмірге әкеледі. Ондай фильмдер елімізде өте көп. Олар шет елден үйіп беделді сыйлықтарды топырлатып әкеліп, жылда киножобаларын өндіріске жіберуде... Олардан елімізге не пайда? Ұлтымызға не пайда? Ол туындылардан жусанның исі шықпаса, топырақтың жұпары білінбесе, қазақ экраннан қазақты көрмесе, рухани өмірімізге құнар бола ма?
Сол себепті қай Сарапшылар алқасы болмасын, (ВАК та) осыны қаперінде ұстаса деген ұсыныс.
ӨЗІН КЕМ СЕЗІНУ КОМПЛЕКСІ
Қазақ киносында осы комплекс мықтап орнығып алған.
Киноның құлағын ұстаған азаматтар мен азаматшалар басқа мәдениет жұпары аңқыған адамдарға оң иығын беріп тұрады. «Ауылдағылардың ауызы сасық». Жоқ олай емес! Керісінше. Ауылдың шаңын кешкен, тезек түтінін кеуде кере жұтқан, халық әдебиетімен ауызданып, әлем әдебиетімен қанатын бекіткен жаннан ғана шын өнер, ұлттық өнер туады. Олардың алар шыңы биік, тұғыры алтын болмақ.
Кеше ғана ВАК сараптауынан өткен жұмыстарды қараңыздаршы. Дені орысша ауа жұтып, шет жұртша дем шығарып тұр. Сценарийлердің атауларының өзі зерделей қараған адамға қазақша емес екені анық байқалады. Болмаса, биылғы питчингке тапсырған сценарилердің жетпіс пайызы қазақша болды дегенді құлағымыз шалған. Соншама көп дүниеден қазақы қаймақты дүниені айыра алмағанымыз үлкен қынжылыс тудырады. Бүгін ғана көзім шалды, «Неге» сайтында Динара Мыңжасар қарындасымыздың режиссер ағамыз Талғат Досымғалиұлы Теменовтен алған интервьюі жарияланыпты. Тақырыбы сойқан: ««Не «Қазақфильмді», не Ұлттық киноны қолдау орталығын жабу керек!» деп аталады. Сонда Тәкеңнің мына сөзіне назар аударыңыздаршы: «Ал кім өтті дейсің бе? (Питчингтен авт.) Тимур Бекмамбетовтің сценариі өтіпті. Сондай-ақ, Ұлттық киноны қолдау орталығы аты айтып тұрғандай, ұлттық киноға емес, мәскеулік жас режиссер қыздың Ә.Молдағұлова туралы фильміне дауыс берген. Ол қазақтың өмірін, тағдырын қайдан біледі? Сондықтан менде «Қазақ киносының болашағы, ертеңі не болады?» деген алаңдаушылық басым». Менің біраз сөзіме осы лепес дәлел бола алады. Тимур Бекмамбетов деген кім? Оған неге жарты ауыз сөз айтса, жалп етіп жобасын өткізе қояды? Тимур қазақтың ұлттық руханиятына не бермек, алғаннан басқа? Басқа «тимуршылар» не бермек? Ол 2007 жылы «Қазақфильмде» жалаулатып бастаған «Алтын адамының» аяғынан шығып алсын да? Басын таудай қылып бастап, соңын тышқанның құйрығындай сүйірлеп кетпеп пе еді?
«Өзін қор санау комплексі» дегеніміз - осы. Болмаса, Тимурға («тимуршыларға») кеткен қаржыны толымды ұлттық кино жасау үшін неге Әлішер Жәдігеровке («Жетімдер»), неге Әрібибек Өралтай («Өтүкен») деген жалындаған рухты, талантты жастардың талантты жобаларына бермеске?
СІРГЕЖИЯР ҚОРЫТЫНДЫ
Біз осы жоғарыда сатылаған дүниелерді ескере отырып, қорытынды жасауымыз керек. Киножобаларды Питчингтен (ВАК) өткізгенде осы мәселелерді қатаң ескеруіміз керек. Болмаса, білмедім...
Бұл өткен жобалар да өндіске кетер. Ертең фильм болып шығар. Бұрын күріш ішінен күрмек терсек дейтін ек, енді күрмек ішінен күріш іздейтін халге түсеміз бе деп қорқам. Тәмам.