(Аударған Т.Ғабитов)1 ТАРАУӘріптер мен категориялардың атауларыҮшінші бөлімКатегорияларӘлемдегі затт...
Бүркіт Ысқақ және балалар әдебиеті
Сурет автордан
Қазақ «сөз өнері» өрісіндегі балалар әдебиеті – кенжелеп қалған, ал бүгінгі қалам ұстаған қауым сол шалғайдағы «ауылға» көп ат шалдырмайтын мөп-мөлдір, көп көсемсуді көтермейтін, асыра шешендікті де жақтырмайтын, тек өзіне ғана тиесілі қайталанбас табиғаты бар аңғал да ақкөңіл, жан тазалығын ерекше қажет ететін тәп-тәтті жанр.
Саналы ғұмырын сол салаға арнағандардың бірі де бірегейі – қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, шығармалары қалың жұртқа көптен таныс ақын – Бүркіт Ысқақ. Оның өлеңдерінде үр жаңа үн, өзгеше-өңге қалып, өзгеріске аса төзімді боп келер өнеге-өсиет, ұлт үшінгі ұлағат менмұндалайды.
Б. Ысқақ ‒ аудармашы, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, ұстаз, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, қазақ балалар әдебиетінің өкілі, көсемсөзші, «ұлтшылдығы» және «ЕСЕП»-ті («Елін сүйген ерлер партиясы») құрғаны үшін абақтыға қамалып, тағдыр тауқыметін тартқан арлы азамат. Осы тұрғыдан келгенде, әдебиеттанушы-ғалым, жазушы, сыншы Елдос Тоқтарбай «Бүркіт Ысқақовтың түрмеде жазған жырлары» мақаласында мынандай бір дерек келтіреді. Біз қаламгердің қажырлығына және сабырлығына айрықша таңырқадық: «Ақын өзінің шығармашылығы туралы: «Кейбіреулер менен: Осындай ауыр жағдайда жүріп, өлеңді қалай жаздыңыз?» деп сұрайды. Мен оларға былай деймін: «Маған мұндай сұрақты қоймас бұрын әуелі Юлиус Фучик, Мұса Жәлел, Назым Хикметтердің фашизмнің тас түрмесінде отырып қалай шығарма жазғанын еске түсіріңіздерші. Ал, оларға қарағанда менің жағдайым жеңілірек болды ғой. Біріншіден, мен өз елімде, өз жерімде, өз халқымның арасында болдым ғой. Мені Америкаға немесе Жапонияға айдап жіберген жоқ. Ал, өз елің қандай жағдайда және қандай уақытта болсын, ол – алтын бесік. Екіншіден, менің елім – Совет Одағы, дүниежүзіндегі ең демократиялық және гуманистік елден саналады. Басқалар фашизмнің тас түрмесінде (тас қапшығында) отырып шығарма жазғанда, мен өз елімде, өз жерімде, өз халқымның арасында отырып өлең жаза алмасам, осындай мүмкіндікті пайдалана алмасам, онда менің кім болғаным? Үшіншіден, адамдардың бәрі бірдей аң емес, жұрттың бәрі бірдей жыртқыш емес. Мен прокурор З. Қажыбековты, шахта участогінің бастығы Ә. Бөпеевті, лагерь басшылары Н. Кибенко мен С. Әбуевтерді осы күнге дейін ізгі сезіммен еске аламын. Сондай жақсы адамдардың арқасында өлең де жаздым, өзімді де, өлеңімді де аман сақтам қалдым» [1]. Бүркіт Ысқақтың «Қыста қызық жұмыс бар» деген өлеңінде ойын баласының болмысы, табиғаты тамаша ашылған-ды.
Көше бойы омбы қар,
Жиналамыз топтала.
Демей бетім домбығар,
Соғамыз зор ақ қала.
Ауыл сырты – биік жар,
Бізді күтіп, тұр қарап.
Төбесіне шығып ап,
Жөнелеміз сырғанап.
Көктің жүзін бұлт торлап,
Жерді жапса күміс қар.
Үйде ұстамақ кім зорлап,
Қыста қызық жұмыс бар!
Б. Ысқақ 1924 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Көкмөлдірде туған. Жастайынан білімге, оқуға құштар, ізденімпаз жас халық ауыз әдебиетімен сусындап өседі, тарихқа, өнерге ынтызар болады. Ал, тырнақалды жырларының бірі өзінің кіндік кесіп, кір жуған туған өлкесі ‒ Көкмөлдірге арналған:
Жағасында Нұраның,
Жер бар, аты ‒ Көкмөлдір.
Болғанмен бірі жыраның,
Суы қандай мөп-мөлдір!
Бойы-бітік бетеге,
Жасыл құрақ-жағасы.
Төскейі ‒ гүл текемет,
Балдан тәтті ауасы.
Халық сүйген қарт Қайып,
Осы жерде туыпты.
Ақын Сәкен жантайып,
Суына бетін жуыпты.
Атам соны қоныс қып,
Мен де сонда туыппын.
Сонан маған ол ыстық,
Сондықтан да сүйіктім! [2: 13 б.]
Бүркіт Ысқақтың «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» (Абай Құнанбайұлы. – Ә.Б.) жырлары – балдырған үшін таптырмас базарлық. Автор жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, мазақтама, аңыз, әпсана, ертек секілді ел жанына жақын, фольклорлық мазмұндағы туындыларында мұсылманшылық, қайырымдылық, жыл мезгілдері, жан-жануарлар әлемі, табиғат құбылыстары, өсімдіктер дүниесі, мамандық таңдау тақырыптары кең-молынан қамтылған-ды. Оның күшенбей, қайта қаламын еркін сілтей, көркем шығарма жазарда көсіле түсетіні байқалады. Балдырғанға ой салатын жырлардың тез, әрі кібіртік-кідіріссіз оқылатыны да сондықтан болса керек. Өте-мөте табиғи, жасандылықтан ада. Мәселен, Бүркіт Ысқақ «Ұшты зымыран аспанға» өлеңінде баланы қиялдауға, заман ағысына қарай бейімделуге шақырады, ғылымға үндейді, инновацияға икемдейді:
Көшемізде көп бала,
Жиналады топтала.
Соқпайды олар аққала,
Жүгірмейді доп қаға.
Ойнамайды «соғысты»,
Ұнатпайды бұл істі.
Баяғыдай асықты,
Атудан да қашыпты.
Енді олардың өнері –
Зымыранның моделі.
Бірі қазып үңгірді,
Орнатар мықты тұғырды.
Қояды оған төндіріп,
Зымыранын қондырып.
Енді бірі газ беріп,
Басқасы қарар мәз болып.
Шүріппені бірі басқанда,
Ұшты зымыран аспанға...
...Ғарышты құшар кез келіп,
Ойын да кетті өзгеріп.
Туындыдағы ғарыш, көк аспан, зымыран секілді бала дүниетанымына жақын ұғымдарды автор ойнақы жеткізген. Сондай-ақ, мұнда жас түлекті жаттауға бейімдеу, дағдыландыру, тілін жаттықтыру, білім көкжиегін кеңейтуге мән берілгені де рас. Өлеңде ерекше өрнек, өскелең ұрпақты оқуға бағыттау, баулу сарыны анық байқалады. Б. Ысқақ жеткіншек санасындағы көмескі тартып, көрбілтелене бастаған бұрнадағы образдарды оятып, соны жандандыруға бейім. Ол «Жас техник» өлеңінде қазақ баласын індете ізденуге, жаңа, тың салаларды игеруге үгіттейді:
Жас техник дегендер –
Жай балалар демеңдер.
Техника тетігін,
Меңгерген шеберлер.
Жас техник дегендер –
Жай балалар демеңдер.
Электрді ерттеген,
Ержүрек ерендер.
Жас техник дегендер –
Жай балалар демеңдер.
Радионы басқарған,
Өнерлі өрендер.
Жас техник дегендер –
Жай балалар демеңдер.
Ғарышқа жол салар,
Солар болар кемеңгер!
Б. Ысқақ еңбекке ерте араласады. Өмірдің қиындығымен қатар, сұрапыл соғысты да көреді, сөйтіп жүріп есейеді, сөйтіп жүріп қабырғасы қатып, бұғанасы бекиді. Туған жерге, атамекенге, өз еліне деген махаббат, өз еліне деген сүйіспеншілік ‒ Бүркіт Ысқақ поэзиясының өзегі. Бұнымен қатар, адалдық, шынайылық, кісі ой-пікірін еркін білдіру, қадір-қасиетті биік идеал тұтуға, адамға деген құрмет ‒ ақын азаматтық лирикасының негізі.
Ақтамаған ақ сүтін,
Ана менен атаның.
Ел басына туса күн,
Демеймін қорғар Отанын.
Ағайынға жаны ашып,
Қараспаған туысқа.
Шығуына шүбәм бар,
Отаны үшін ұрысқа.
Опасыздық етсе егер,
Досы менен жарына.
Ол адам деп ел сенер,
Айта алмаймын тағы да.
Шырылдатып баласын,
Тастап кетсе далаға.
Отаны үшін отқа ол,
Сірә да түсе ала ма?!
Жанындағы жолдасын,
Жықса апарып апанға.
Ол қастандық етпес деп,
Айта алмаймын Отанға.
Туған тілін менсінбей,
Тәкаппарсып қараған ‒
Өз еліне де жерсінбей,
Өзгені артық санаған.
Елінің білмей ерлерін,
Шырқамаған ата әнін.
Сүйеді деме өз елін,
Сүйеді деме Отанын!
Ол халқының азаттығы үшін, қаймана қазақтың қамы үшін басын бәйгеге тігіп, бүкіл жастық шағын айдауда, түрмеде өткізді. Нұра бойының сүбелі, құйқалы-құнарлы жерлерін жұртынан тартып ап, онымен қоймай тізесін батырған орыс отаршылдарының озбыр әрекетін бала Бүркіт жадына тоқып, көкірегіне түйіп өседі, Алаш арыстарын құрмет тұтады, солардың ерен еңбегін біліп жетіледі. Ақын, әдебиетші Қарағанды оқытушылар институтының Тіл-әдебиет факультетінде жүргенде-ақ ел жағдайына бей-жай қарамайтын ұл-қызды жиып, «ЕСЕП» ұйымын құрады. Алғашында оны «Жас Алаш», сонан соң «Жас қазақ» деп атамақшы болған екен. Алайда, ақылдаса келе, «ЕСЕП» атауына тоқтайды: «Өзінің аты көрсетіп тұрғандай-ақ, біздің партия, біздің ұйым нағыз халыққа қызмет ететін партия болмай ма? ‒ деді Бүркіт маған күлімдеп қарап» [3: 13-14 б.]. Автор «Үндістан ұраны» жырында азаттық, тәуелсіздік туралы сөз қозғайды, өткір мәселе көтереді. Соғыстан оралған соң Б. Ысқақ «Советтік Қарағанды», «Пионер», «Білім және еңбек», «Лениншіл жас» басылымдарында қызмет етеді, отты жырлар, мазмұнды мақалалар жазады. «Аттың жақсысы ‒ кермеде, жігіттің жақсысы ‒ түрмеде» деген заманда, ол саяси көзқарастары үшін қуғындалады, СтепЛаг-та кесілген мерзімін өтейді. Сөйтіп, 1956 жылы ақталып, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына жұмысқа тұрады. Оның қаламынан «Сенің Отаның», «Москваны тыңдаймын», «Өнерпаз болсаң...», «Жылдар жырлайды», «Шабыт шуағы», «Жеткіншек», «Әлімнің әлегі», «Өлеңді жылдар», «Шындық даусы», «Кішкене театр», «Кішкене көмекші», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» сияқты жыр жинақтары, ойлы кітаптар туды. Сондай-ақ, ақын, аудармашы Бүркіт Ысқақ А. Пушкин, М. Лермонтов, П.И. Пестель, С.И. Муравьев-Апостол, К.Ф. Рылеев, М. Ганди, Н. Хикмет, Қ. Мұхаммади өлеңдерін, венгер халық жырларын қазақша сөйлетті. Ол ‒ «Қазыналы Қарағанды», «Арқаның алып жүрегі», «Нұрлы Нұра бойында», «Қазақ-татар әдеби байланысы», «Қазақ-башқұрт әдебиет қатынастары тарихынан», «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары», «Қазақ және Еділ бойы халықтары әдебиеттерінің идеялық-творчестволық байланыстары» іспеттес ғылыми, әдеби-көркем кітаптардың авторы, құрастырушысы.
Осы ретте, жазушы, ғалым Мұхтар Мағауиннің мына бір естелігін келтіре кетсек дейміз: «Үйде өз қолыммен мәшеңкеге түсіріп, «Білім және Еңбек» журналына апардым. Мұнда бөлім бастығы болып, ол кезде жасы қырықты алқымдаған Бүркіт Ысқақов отыр екен. Сыртынан ғана білем, кейін жақынырақ таныстық, ақын әрі әдебиетші, туа біткен ұлтшыл, сол ұлтшылдығы үшін жиырманың ішінде ұсталып, жиырма бес жылға каторгаға айдалған, одан замана кеңейген кезеңде ғана шыққан, сонша талқыдан өтсе де, әуелгі мұратынан айнымаған абзал адам еді. Мақаланы жақсы құптап қабыл алды, «Асан Қайғы» деген тақырыптан соң қолма-қол, жіті шолып шығып, үкімін айтты, жақсы екен, осы жаңа жылдың ар жақ, бер жағында шығарамыз деді. Менің жайымды сұрап, қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет тарихынан көлемді зерттеу жазып біткенімді естіп, риза болып қалды, тілектестік білдірді. Бүркіт аға қабыл алған «Асан Қайғы» деген мақала «Білім және Еңбек» журналының 1966 жылғы 2-санында басылған еді» [4: 413-414 б.]. Қаламгердің «Тас еденнің ызғары» өлеңдер циклы оқырман қауымға, қарақты көзге бірден ұнады, көңілінен шықты. Бұл туралы әдебиеттанушы, сыншы М. Қаратаев: «Бүркіт Ысқақовтың «Тас еденнің ызғары» атты өлеңдер топтамасының қазақ поэзиясынан алатын орны ерекше. Оның бұл өлеңдерінен Сәкеннің сыры, Бейімбеттің мұңы, Ілиястың үні естілгендей болады», ‒ деп ой қорытса, фольклорист-ғалым Р. Бердібай: «Б. Ысқақов бұл өлеңдерімен қазақ совет поэзиясында бұрын болмаған «Тұтқын жыры», «Лагерь өлеңдері» деп аталатын поэзияның жаңа түрін, жаңа жанрын бастады», ‒ деп үлкен баға береді. Ал, Қазақстанның Халық жазушысы Сафуан Шаймерденов «Ғасыр асуы алдында...» мақаласында Б. Ысқақ хақында былай деп ой қорытады: «Албасты да қас-қабаққа қарап басады. Қарын ашқан кезде күштісі әлсізін, әкесі баласын жеп қоятын акула секілді бір-бірімізге шоқпар сілтей берсек, келешегіміз күмәнді. Тірі жанның бетіне тіке қарамаған ғалым-жазушы Бүкеңе, Бүркіт Ысқақовқа кезінде жала жауып, айдатып жіберген жазушысымақтар бүгін арамызда мұртынан күліп жүр». Расында да, көңілге қаяу түсіретін жағдай. «Үй сыртында кісі бар...» дейтін қысылтаяң сәттерді, қызыл қырғынды бастан өткерсе де, еш сынбаған, қайта қайраттана түскен арынды ақын өзінен кейін аз мұра қалдырған жоқ. Сөз соңында айтарымыз, мұндай қалам иелерінің шырайлы шығармаларын ұмытпауға тиіспіз, сонымен бірге, оларды мектеп, лицей, колледж, университеттің оқу бағдарламасына енгізіп, тұрақты түрде оқытып, айтып, насихаттап, зерттеу жүру – біздің міндет.
Филология ғылымдарының кандидаты, ғалым Алмагүл Үмбетова «Орталық Қазақстан» гәзетіне жарық көрген «Ақиқат сөз, әділ істі жақтаған... (Белгілі ақын, әдебиет зерттеушісі Бүркіт Ысқақов жайлы сөз)» мақаласында автордың әдеби, ғылыми әлеуетін, Алашқа қылған қызметін айта келе мына бір құнды деректі алға тартады: «Режиссер Ә. Хайдаров тұңғыш жасап шығарған жасөспірімдер мен балаларға арналған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деп аталатын мультфильмнің мәтінін жазған да Бүркіт Ысқақов болатын. Қазақ баласының ұғымына жеңіл, сюжеті қызықты бұл шығарма ел игілігіне айналып, талай ұрпақтың қиялын қанаттандырды» [5]. Міне, балаларға арналған бұл туындыны білмейтін қазақ кемде-кем. Б. Ысқақтың қазаққа, қазақ әдебиетіне, қазақ руханиятына, қазақ ғылымына сіңірген еңбегі өте зор. Соны кейінгі ұрпақ ұмытпаса екен, біліп, оқып жүрсе екен дейміз. Өйткені, Алашқа аянбай еңбек еткен ерді естен шығару ‒ ұятты іс. Биыл аталған тұлғаның 100 жылдығы! Торқалы той құтты болсын!..
Әлібек БАЙБОЛ, Абай атындағы
ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Абай
ҒЗИ-дың ғылыми қызметкері,
Қазақстан Жазушылар
одағының және «Қыр баласы» ҚҚ мүшесі,
әдебиеттанушы-ғалым,
алаштанушы, жазушы-драматург