Алматы үлкен мегаполис болғандықтан, мұнда жұмыссыздардың қарасы да мол болатыны түсінікті. Әсіресе,...
Монополистер электр қуатының тарифтерін негізсіз көтеру арқылы 29 млрд. теңге пайда тапқан – Бас прокуратура
Бүгін Астанада ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың төрағалық етуімен ҚР Бас прокуратурасының алқа отырысы болып өтті. Жиналыста еліміздегі электр қуаты мен жылудың бағасын қалыптастырудағы заңдылықтар жан-жақты талқыланып, аталмыш саладағы күрмеулі мәселелер қарастырылды.
Алқа жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғабит Байжанов, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші Орынбасары Мәулен Әшімбаев, орталық мемлекеттік органдар мен монополист-кәсіпорындардың басшылары қатысты.
Бірінші кезекте Бас Прокурор Қ. Қожамжаров қатысушыларға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазан айындағы Қазақстан халқына Жолдауын айтылған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және табиғи монополиялар көрсететін қызметтердің ақысын өсірмеу туралы тапсырмасын басты назарда ұстау керек екенін баса ескертті.
«Елбасы монополистердің қызметіне тиімді мониторинг жасауды және баға белгілеу кезіндегі қызметтердің барынша ашық болуын қамтамасыз етуді талап етті. Тариф мәселесі халық үшін өте маңызды, өйткені отбасылық бюджеттен коммуналдық қызметтерге айтарлықтай қаржы жұмсалады», - деп атап өтті Бас прокурор.
Өз баяндамасында еліміздің бас құқық қорқаушысы тариф белгілеуге қатысты бірқатар салалық проблемаларды, соның ішінде Энергетика және Ұлттық экономика министрлігі тарапынан мемлекеттік бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмегенін тілге тиек етті.
Тексерістер барысында еліміздегі көптеген электр стансалары тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасын жоғарлатуға әсер еткен негізсіз тарифтер бойынша ұзақ уақыт жұмыс істегені анықталды.
Қ. Қожамжаровтың мәліметтеріне сүйенсек, бірқатар энергия беруші және жабдықтаушы ұйымдар тарифтерді негізсіз көтеру арқылы 29 млрд. теңге мөлшерінде пайда тапқан.
«Мысалы, «Астанаэнергосбыт» тарифті қалыптастыру кезінде электр энергиясын 11,8 теңгеден сатып алатынын көрсеткен, алайда, іс жүзінде олар электр энергиясын 2 есе арзанға сатып алып отырған. Осының нәтижесінде елорда тұрғындарынан 2,6 млрд. теңгеге артық қаржы алынды.
Дәл осындай жолмен Атырау, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы электр стансалар заңға томпақ әрекет етіп,
1 млрд. теңге көлемінде негізсіз пайда тапқан.
Монополистер прокурорлық шаралардың нәтижесінде 5 млн. тұтынушыға 13 млрд. теңгеге жуық шығынды өтеді. Сонымен қатар, 14 өңірде электр қуаты мен жылудың бағасы төмендетілді», - деп атап өтті Қ. Қожамжаров.
Оның айтуынша, бұған дейін Қапшағай қаласында бір бөлмелі пәтерді жылыту үшін шамамен 9,5 мың теңге төленсе, қабылданған шаралардан кейін ақысы 4,5 есеге төмендеп, 2,2 мың теңгені құрады.
Тұрғындарға жылу есептейтін құралдарды орнату кезінде мемлекеттік қаражат тиімсіз жұмсалған.
Мәселен, Қарағанды облысы Саран қаласында орталықтандырылған жылудың жоқтығына қарамастан, 2015 жылы 215 млн. теңгеге 274 жылу есептеуіш құралы орнатылған.
Бұл әрекет бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Тексеру нәтижесінде жалпы 15 лауазымды тұлға жіберген олқылықтар үшін жазаға тартылды, монополистерге 159 млн. теңге айыппұл салынды, 10 қылмыстық іс қозғалды.
Сөзін қорытындылай келе Бас Прокурор табиғи монополиялар субъектілерінің басшыларына қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, жұмыс тәсілін өзгертуге шақырды.
«Энергия қорының елеулі бөлігінің қолдарыңызда болуы сіздерге тұтынушылардың мүдделеріне назар аудармау құқығын бермейді. Прокуратура органдары құқық қорғау функциясын ескере келе, тарифтерді белгілеу мәселелерін жүйелі түрде бақылайды», - деп сөзін түйіндеді Қ. Қожамжаров.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша тарифті қалыптастыру кезінде ашықтық деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар қабылданды.
З. Самалбекұлы