СҰРАҒАН РАҚМЕТҰЛЫ: «Талант – қайрақ пен сананың ортасында өмір сүретін құбылыс»

ӘДЕБИЕТ
2941

Сұраған Рақметұлы. Көбіне үнсіз. Нақты бір сұрақтар не жағдайлар болмаса сөйлету қиын секілді. Биыл алпыс жасқа шыққан қазақтың үлкен ақыны. Жақында Астанада кеші өтті. Көзқарасы адамның өңменіне өтердей. Аз кідірістен соң еркін әңгіме басталып жүре берді.

Кемталант адам жүйелі іздену арқылы толық талантқа айнала ала ма?

Кемталант дегеніміз керісінше сұрақ. Бірақ ол өмірде бар. Ал кемталанттың ізденісі деген ол аксиома. Болуы мүмкін емес. Кемталант болатын болса ол қалай ізденбек.Ал таланттың ізденісі дегеніміз тоқырамаудың шегі.Тоқырамау үшін, кідірмеу үшін ізденістерге барады. Сол үшін талант өзін-өзі қайрайды. Талант – қайрақ пен сананың ортасында өмір сүретін құбылыс. 

Мағауин әр сәтін қатаң ізденіске арнады. Қатаң түрдегі ізденіс ақын үшін қаншалықты маңызды?

Мағауин – классик жазушы. Ақынның ең керемет таланттысы ізденіс үстінде шарқ ұрып өмір сүретіні. Ізденіс дегеніміз сәт сайын өзіңді іздеп отыру керек. Бұл қажет құбылыс. 

«Нағыз оқу кітапты жапқан соң басталады» дейді. Көп оқисыз ба, әлде көп ойланасыз ба?

Ең бастысы оқитын кітабыңды тауып алу. Оның ішінен әрине өзіңді іздейсің. Кітаптың ішінен өзіңді, әлемді көресің.Кітапты оқып біткеннен кейінгі дүниеде адам екі күйге бөленуі мүмкін. Бірі – жаңадан ұл туған анаға ұқсаса, бірі яғни нашар кітап оқыған адам  шала туып қиналған ананың кейпінде болуы мүмкін. Сондықтан жаман кітап оқығаннан сақтасын.

Өмірде бейтаныс адамды көріп, сол бір адамды неше жылдардан соң қайта іздейтін кезіңіз бола ма?

Бір адаммен кездессем деп ойлайсың. Оның атын да, затын да білмейсің. Қасыңнан өтті. Уақыт сияқты. Уақыттың дәмі сияқты. Не іздеп жүрмін деп ойлайсың? Сол адаммен кейіннен қайта кездескенде алғашқы сәттей ләззат ала алмауың мүмкін. Егер де алмасаң оны таппай жүрсің. Егер алсаң оны таптың. Ал, брақ адам адамға қонақ деп айтады. Немесе адам шала туады. Екіншісі оны толықтарды. Мүмкін бір шала екеніңді ұмыттыруың үшін кемел адамды іздеуің мүмкін. Ал, кемел адамды тапқан соң өзіңнің шала екеніңді ұғынуың мүмкін. Бұл – трагедия.

Шығыстың жеті шайырының құдіреттілігі неде?

Олардың өз дәуірі, өз ғарышы, өз Тәңірі бар. Олар Тәңірмен тен уақыттың ішінде өмір сүрген адамдар. Трагедиясы күшті, әрине. Табысы зор. Бірақ оларды адамзат толық тани алды ма , алмады ма ол басқа мәселе. Сол шайырлардың кішкене элементері бүгінге дейін жалғасып келеді. Ұлы Абай, Шәкәрім, немесе Белгер, сол шайырлардың заңды жалғасы. Немесе солардың жарық нұры.

Жастар жайлы?

Ақынды, жастарды шоудан қорғау керек. Даңқтан, даңғаза абыройдан қорғау керек. Жас ақынды элиталық, жоғарғы деңгейде көтеру үшін, өлеңдерін өлтірмей сақтау үшін мемлекеттің мейірімді болуы керек. Ал, енді, қазіргі деңгейде үлкен хаос жүріп жатыр. Солардың ішінде ақындар ғұмыр кешуде. Ең үлкен қателіктердің бірі – жас ақынға тақырып тауып беру. Жас ақынға тақырыппенен өлең жаз дейтін болса, көмілетін жеріңді өзің таңдап ал деген сөз. Қоғамдық сұраныс бойынша өлең жаз дейтін болса, ол құлдыққа көндіру. Қазір біз жас ақындарды қорғайтын кезеңге келіп отырмыз. Жаһанданудың ең қатерлісі – шоу. Осыдан жастарды қорғайтын кез жетті.

Қызметтен кетіпсіз. Не себеп?

Жалпы мен өмірде өз еркіммен жүруді ғана ойлаймын. Ықтиярсыз, өз еркіммен кеткенім – бір жақсылықты таңдауға арналған  харекетім болуы мүмкін. Ол ақша емес, жақсы тұрмыс емес, ол басқа мәселе. Бізде қазір уақыт қалған жоқ. Уақыт өте аз. Сол аз уақытың ішінде ойлаған дүниелердің бәрін қағазға түсіруіміз керек. Сосын оны элиталық текті оқырмандарға ұсыну маңызды. Сол үшін осы жұмыспен қоштасып кеттім. Бір өткел бар, содан өту үшін келе жатырмыз. 

Қызмет пен шығармашылық үйлесе ме?

Қызмет дегеніміз  кәсіп. Ең бір қитұрқы нәрсе, ақпаратардың ішінде айналып жүру. Журналда, не радиода істеу  өлең жазу кедергі келтірмейді. Керісінше, жұмыс ақынның қайрағы болуы мүмкін. Ақынды шыңдауы да мүмкін. Істейтін, қуатың бар уақытта істеген дұрыс, өлең онсыз да саған өзі құйылады. Өлеңді сен жазбайсы, ол саған түседі. Ол ғарыштық дүние.

Қазақтың құдіреттілігі неде?

Адамды орыстар не деп атайды, өзбек не дейді, түріктер не дейді, жаратылыстың ең түпкі бастауы Адам ата мен Хауа ана болса, қазақтар ғана сол бастапқы атымен адамды «адам» деп айтады. Неге испандықтар айтпайды, неге француздар айтпадйы, тек қазақтар айтады. Мәселен. Шығыстың тең жартысы көшпелі мәдениетпен қатысты деп ойлаймын. Біз Шпенглерді оқыған жоқпыз. Білгіміз келмейді. Тарихи өркениетті түсіну үшін біз Тойбинді де оқымадық. Оны оқымағасын бізге өркениет туралы айтудың керегі жоқ. Бізге қазір әртүрлі хаостық дүниелерге еліктеудің керегі жоқ. Бізде әлемге ұсынатын керемет жоба бар. Оны бізден кім сыпырып алып кетті? Әрине, Кеңестік дәуір сыпырып алды. Біздің көшпелі өркениеттің киімін сыпырды. Сол көшпелі дәуірдің қайта жаңарған түрін біз ұсынуымыз керек. Таң дәуіріндегі таңғажайып өлеңдер кімдікі, көшпенділердікі. Қара өлеңнің бір ғана шумағын Испан тіліне немесе неміс тіліне аударсаң олар жаңалық қылып көреді. «Сен ар жақта қалқатай мен бер жақта, қара арғымақ шұлғиды бау шарбақта» дейді, мұның мәні тереңде тұр. Осыны төл қалпында аудара алсақ , қазақтың ұлылылығы әлемге танылар еді..

Кафканы жақсы көресіз бе?

Кафкадан гөрі Камюді жақсы көремін. «Бөгде» деген шығармасы керемет дүние.

Әлі күнге «Робинзон Крузоның» авторы мен болмағаныма өкінемін. Мынаны мен неге жазбадым деген кітабыңыз бар ма?

Неге мен мұны жазбадым деген сөз – мен неге сен болмадым деген сөз. Мен сен емеспін, сен мен емессің. Егер Тәңір сені дара етіп жаратқан болса, сенің өз ұстанымың, өз көзқарасың, өз терезең болады. Ал, біреудің терезесімен әлемге қарау деген сөз, ол – трагедия. 

Жас күнде Есенинге еліктедіңіз бе?

Бізде Есениншілдер көп. Бұл бір кездегі дерт болған дүние. Есенғалидың бір өлеңі бар «Есенин боп планета айналып жүр, Есенғали ауылда қой бағып жүр» деген. Ол Есенинді ойлап жүріп, өз даралығын білдірген шумақ еді. Неге қазақтың өз Есенин болмау керек? Еліктеу шарт емес.

Кітаптарыңыз неге көбірек көрінбейді?

–«Көлеңкенің сүгіреті» деген кітабым баспада жатыр. Баспа жайлы бірер сөз айтайын. Баспаға автор кітабын апарып бермеуі керек, жақсы кітапты баспа өзі іздеп тауып алуы керек. Керексе, конкурс жасау керек, қаламақы төлеу қажет. 

Шынайы әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Батырхан СӘРСЕНХАН

"Қазақ әдебиет"

author

Сұраған Рахметұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...