“Дала Қырандары" жастар қоғамдық бірлестігі 2024 жылдың 5 маусым күні қолдан жасалған алкоголь...
Елімізде тұңғыш рет «Майра мектебі» ашылады
Павлодар облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Павлодар қаласында Майра Шамсутдинова атындағы мектеп ашылады. «Майра мектебі» шәкірттеріне Майра Шамсутдинованың әншілік өнерін насихаттай отырып, қазақтың дәстүрлі ән өнерін және балалар шығармашылығын дамытады. Шәкірттер дәстүрлі ән, терме, жыршылық өнердің қыр-сырын, сондай-ақ баян аспабымен ән айтуды үйренетін болады.
Облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының басшысы Жарқынбек Амантайұлы:
- Майраның біздің өңірге сіңірген еңбегі орасан зор, оны жаңғырту - біздің міндетіміз. Бұл - республикадағы алғаш рет ашылайын деп жатқан мектеп. Осы мектептің аясында көптеген жас өнерпаздар, өнегелі жастар Майраның әндерін меңгеріп, өнерін жалғастыруға мүмкіндік алады. Қазіргі кезде аймағымызда, Майраның елінде баянмен ән айту дәстүрі өз деңгейінде насихатталып отқан жоқ. Осыған орай облыстық «Шаңырақ» орталығы осы олқылықтың да орнын толтыруды мақсат тұтып отыр.
Айта кетейік Майра Шамсутдинова 1890 жылы қазіргі Павлодар қаласында дүниеге келген. 13 жасынан гармон тартып, ән салған. Әміре Қашаубаев және Иса Байзақовпен бірге Баянауыл және Қоянды жәрмеңкелерінде өнер көрсеткен. Қазақ әндерімен қатар татар, орыс әндерін де нақышына келтіре орындаған. 1927 жылы дүниеден озған. Жерленген жері қазіргі Химқалашығы аумағындағы мұсылмандар зиратында болған деседі. Бірақ әлі күнге дейін нақты жерленген орны табылмаған.
Фото: Есенжол Исабекұлы