Рюноскэ Акутагава. Түнектегі диалог

ӘДЕБИЕТ
3344

(новелла)

Аударған Б.Қожабекова

1

Дауыс: - Сен мен ойлағаннан мүлдем өзге адам болып шықтың.

Мен: - Ол үшін мен жауапты емеспін.

Дауыс: - Алайда осы қатенің болуына сен өзің жағдай жасадың.

Мен: - Мен еш уақытта ешкімге жағдай жасаған емеспін.

Дауыс: - Сен сұлулықты сүюші едің - әлде сұлулықты сүйетін түр көрсеттің бе?

Мен: - Мен әдемілікті әлі де сүйем.

Дауыс: - Нені сүйем дейсің? Әдемілікті ме? Әлде бір і ана әйелді ме?

Мен: - Екеуін де сүйем.

Дауыс: - (Кекете күліп). Сыңайы, сен бұл екеуі бір - біріне кереғар нәрселер деп ойламайтын болсаң керек.

Мен: - Ал кім солай ойлайды? Әйелді сүйген адам, көне фарфор тостақты жаратпауы мүмкін. Бірақ бұның мәнісін түсіндіру оп-оңай: бар болғаны әлгі адамның көне фарфор тостаққа деген сүйіспеншілік сезімі жоқ.

Дауыс: - Демек, сен тұрлаусыз екенсің ғой.

Мен: - Егер бұны тұрлаусыздық санасаң, онда денесін ұдайы сулы сүлгімен ысқылайтын тыныс жолы қабынған науқас қана ең тұрлаулы, тиянақты адам болды ғой.

Дауыс: - Қайратты адам сияқтанып қоқилануыңды қойшы. Сен рухани әлсіз адамсың. Бірақ бұлай сөйлеуіңнің сыры белгілі, өзіңді қоршаған ортаның, қоғамның қаһарлы кәріне ілікпеудің амалы.

Мен: - Бұл жағын да ескеретінім рас. Өзің ойлап көрші: егер мен қорғанбасам, түптің түбінде таптауға түсем ғой.

Дауыс: - Қандай ұятсыз адам едің!

Мен: - Титтей де ұятсыз емеспін. Менің жүрегім болымсыз нәрсеге бола қан жылайды, жамандық көрсе мұз тигендей жиырыла қалады.

Дауыс: - Сен өзіңді бар қайраты бойында тұрған, кемеліне келген адам санайсың ба?

Мен: - Енді ше, бар қайраты бойында тұрған, өмірге құштар жанның бірі сөзсіз менмін. Бірақ тірліктегі ең қайратты, күшті жан емеспін. Егер мен ең күшті болсам, Гете есімді адам бірден жансыз тұлғаға айналар еді.

Дауыс: - Гетенің махаббаты мөлдір, сезімі қылаусыз болған.

Мен: - Бұл - өтірік. Әдебиет тарихшыларының өтірігі. Гете 35 жасында Италияға қашқан. Иә. Бұл нағыз бас сауғалап қашу болатын. Ал енді осы құпияны Гетенің өзінен басқа бір ғана адам - Штейн ханым білген.

Дауыс: - Сенің бұның ақталудың амалы. Ақталудан оңай нәрсе жоқ.

Мен: - Ақталу оңай іс емес. Егер ол оңай болса, адвокат аталатын мамандық өмірге келмес еді.

Дауыс: - Әй, мекер мылжың-ай! Енді ешкім сенің маңайыңнан жүрмес-ау.

Мен: - Мына тірлікте жүрегімді жылытатын, толқытатын ағаш, өзен-су барда мен жалғыз емеспін. Бұдан басқа жапон, қытай, шығыс пен батыс кітаптары бар, ұзын саны үш жүзден асады.

Дауыс: - Бірақ сен оқырмандарыңды мәңгілікке жоғалттың.

Мен: - Менің оқырмандарым болашақта болмақ.

Дауыс: - Болашақтағы оқырмандарың - аузыңа нан сала ма?

Мен: - Қазіргілердің де жарытқаны шамалы. Бір бетке он иен ғана төлейді, бұл менің ең жоғарғы қаламақым.

Дауыс: - Сен дәулетті сияқты едің.

Мен: - Менің бар дәулетім - Хондзеидегі ұлтарақтай жер. Айлық кірісім ең тәуір дегенде үш жүз иеннен асқан жоқ.

Дауыс: - Бірақ сенің үйің бар. Жаңа әдебиет хрестоматиясын құрастырдың.

Мен: - Үйімнің ішінде тынысым тарылады, еңсем езіледі. Хрестоматияны сатқаннан түскен пайданы саған бердім, өйткені бар тапқаным төрт жүз - бес жүз йен.

Дауыс: - Бірақ сен сол хрестоматияның құрастырушысың. Соның үшін де ұялуың керек.

Мен: - Оған несіне ұяламын?

Дауыс: - Сен ағарту ісінің қайраткерлері қатарына кірдің.

Мен: - Өтірік. Біз емес, ағартушы - қайраткерлер біздің қатарымызға кіріп алған. Мен тек олардың жұмысын өзіме қайтарып алдым.

Дауыс: - Сен Нацумэ - сэнсэйдің шәкірті емес пе едің?

Мен: - Нацумэ - сэнсэйдің шәкірті екеніме еш күмән жоқ. Сен мүмкін әдебиетпен шұғылданған Сосэни - сэнсэйді білерсің. Бірақ сен басқа Нацумэ - сэнсэйді, Мәжнүнге ұқсас данышпан Нацумэ - сэнсэйді білмессің.

Дауыс: - Сенде ешқандай идея жоқ. Ал егер бірлі - жарлысы бар болса-дағы бәрі қарама-қайшылыққа толы.

Мен: - Бұл менің ұдайы алға ұмтылатынымның айғағы. Тек нақұрыс қана күннің күбіден кіші екеніне шүбәсіз сенеді.

Дауыс: - Менменшілдігің, әйтеуір, бірде түбіңе жетеді.

Мен: - Кейде мен: өз төсегінде жатып өлетін адам мен емес шығармын деп ойлайтынмын.

Дауыс: - Сонда өлімнен қорықпайтын болғаның ба? Солай ма?

Мен: - Мен өлімнен қорқам. Бірақ өлгеннің еш қиындығы жоқ. Мойныма әлденеше рет бұғау салып та көрдім. Алайда жиырма секундтай қиналған соң бірте-бірте бойыңды әлдебір жағымды сезім шымырлата бастайды. Мен ажалмен бетпе-бет келгенде емес, әлдебір жағымсыз жағдай кезіккенде еш кібіртіктемей өлуге әзірмін.

Дауыс: - Ендеше, неге өлмей жүрсің? Бәрі сені қылмыскер санайды, заң да осыны растайды.

Мен: - Бұнымен келісем. Варлен, Вагнер, болмаса ұлы Стринберг келіскендей келісем.

Дауыс: - Бірақ күнәңді жеңілдетіп, кінәңді өтеуге әрекет қылып жүрген сен жоқсың.

Мен: - Жоқ, әрекет қылып жүрмін. Азаптанудан асқан өтеу жоқ.

Дауыс: - Сен түзелуден кеткен оңбағансың.

Мен: - Мен ізгі адаммын ба деймін. Егер оңбаған болсам, бұлай азаптанбасам керек-ті. Онда сөзімді саудаға салып, әйелдердің қалтасын қағар едім.

Дауыс: - Онда нақұрыс шығарсың.

Мен: - Иә. Нақұрыс болармын. "Ақымақтың ақталуын" жазған да маған рухани жағынан жақын нақұрыс.

Дауыс: - Сен өмірді білмейсің.

Мен: - Егер өмірді білу ең басты нәрсе болса, онда іскер адамдар елдің бәрінен биікте тұрар еді.

Дауыс: - Сен махаббатты еріккеннің ермегі санайтын сияқтанатынсың. Алайда енді әуел бастан махаббатты тірліктегі бар нәрсенің бәрінен жоғары қойып келгенің белгілі болды.

Мен: - Жоқ, еш уақытта махаббатты бәрінен жоғары қойған емеспін. Мен ақынмын. Суреткермін.

Дауыс: - Әкеңді, анаңды, жарың мен балаларыңды сол бір ғана махаббат үшін тастап кеттің емес пе.

Мен: - Өтірік айтасың. Әкем мен шешемнен, әйелім мен балаларымнан тек өзім үшін ғана кеттім.

Дауыс: - Демек, сен өзімшілсің.

Мен: - Өкінішке орай, мен өзімшіл емеспін. Бірақ өзімшіл болсам деп едім.

Дауыс: - Сорыңа қарай, сен осы заманғы өзімшілдік дертін жұқтырып алғансың.

Мен: - Осы заманғы адамның бәрі осындай.

Дауыс: - Осы заманғы адам көне дәуір адамдарының ширегіне де келмейді.

Мен: - Көне дәуір адамдары да өз кезінде "осы заманғы адам" болған.

Дауыс: - Әйелің мен балаларыңды аямайсың ба?

Мен: - Оларды аямау еш мүмкін емес, кім де болса аяйды. Гетеннің хаттарын оқысаң осыған көзің жетеді.

Дауыс: - Сен кері ісіңнің бәрін дұрыс деп ақтауға әзір тұрасың.

Мен: - Егер ойымда тек ақталу тұрса, сенімен сөйлесіп нем бар.

Дауыс: - Демек, сен өзіңді ақтамайсың ғой?

Мен: - Мен тек тағдырға мойынсұнам.

Дауыс: - Ал адамдар алдындағы жауапкершілігіңді қайтесің?

Мен: - Мендегі жақсы-жаман қасиеттің төрттен бірі - ата-бабамнан ауысқан, енді бір бөлігін өзімді қоршаған ортадан алғам, үшінші бөлігі - кездейсоқ жабысқан, төртінші бөлігіне ғана жауапкермін.

Дауыс: - Қандай күйкі, ұсақ адам едің?

Мен: - Жұрттың бәрі мен сияқты ұсақ.

Дауыс: - Демек, сен сатаниссің .

Мен: - Өкінішке орай, мен сатанист емеспін. Әсіресе қара басының қамын ойлайтын сатанистерді жек көрем.

Дауыс: - (Біразға дейін үнсіз қалады). Қалай болғанда да сен азаптанулысың. Ең құрығанда осыны мойындашы.

Мен: - Асырып сөйлеме! Мүмкін, мен азаптанғанды тәуір көретін шығармын. Ол аз десең, "Кім көп алып үйренсе, сол беруден, бірдеңені жоғалтудан қатты қорқады", ал рухы күшті адамдар жоғалтқаннан қорықпайды.

Дауыс: - Мүмкін, сен шектен тыс адал боларсың. Әлде жай сайқымазақсың ба?

Мен: - Өзім - дағы осы мен кіммін деп ойлаймын.

Дауыс: - Сен өзіңнің реалист екеніңе сенімді едің ғой.

Мен: - Ол кезде шектен тыс идеалист болатынмын.

Дауыс: - Мына түріңмен арам өлесің ғой.

Мен: - Мені жаратқан күш екінші мәрте қайта жаратар.

Дауыс: - Онда азабыңды тартып, ит тірлігіңді кеше бер. Мен сенімен қош айтысамын.

Мен: - Тоқтай тұр. Көзіме бір көрінбей-ақ сырласыма айналған, сан - қилы сұрағыңмен ойлануға мәжбүр еткен сен кімсің?

Дауыс: - Мен бе? Мен таңсәріде Иаков ібіліспен айқасқан періштемін.

2

Дауыс: - Сен ғажап қайратты жансың.

Мен: - Жоқ, қайратты да, ер жүрек те емеспін. Егер мен ер жүрек болсам, арыстанның аузына алдын-ала ұмтылмас едім, оның мені азуына басқанын күтер едім.

Дауыс: - Бірақ сенің істегеніңде бір адамшылық қасиет бар.

Мен: - Адамшылық қасиетпен қатар хайуандық бірдеңе де бар.

Дауыс: - Сен ешқандай да жаманшылық жасаған жоқсың. Тек қазіргі қоғамдық құрылыстың әділетсіздігінен азап шегіп жүрсің.

Мен: - Тіпті қоғамдық құрылыс өзгерген күннің өзінде менің істегендерім, әйтеуір, біреуді бақытсыз етері сөзсіз.

Дауыс: - Бірақ, әйтеуір, өзіңе-өзің қол салған жоқсың ғой. Яки ерік-жігерің мықты деген сөз.

Мен: - Талай рет өзімді-өзім өлтіргім келген. Мәселен өз ажалынан өліпті деп айтсын деген оймен күніне ондаған шыбын жұтатынмын. Шыбынды әуелі мыжғылап алып, соңынан жұта салу оп-оңай. Бірақ шайнау сонша жиіркенішті.

Дауыс: - Оның есесіне сен ұлы адам боласың.

Мен: - Мен ұлылықты көксемеймін. Тілегенім тек тыныштық. Вагнердің хаттарын оқып көрші. Ол сүйікті әйелім мен екі-үш баламды асырап-сақтауға молынан жететін ақшам болса, ұлы өнер туындысын жасамай-ақ өз өміріме қанағаттанар едім деп жазады.

Тіпті Вагнер осылай ойлайды. Асқан өзімшіл Вагнердің өзі осындай.

Дауыс: - Қалай болғанда да сен азаптанып жүрсің. Демек, ұятың бар адамсың.

Мен: - Менде ұят деген жоқ. Тек жүйке ғана бар.

Дауыс: - Сенің отбасылық өмірің келіспеді.

Мен: - Бірақ әйелім әрдайым маған адал болды.

Дауыс: - Сенің бақытсыздығың саналы, есті бақытсыздық. Өзгелерде олай емес.

Мен: - Өтірік айтасың. Мен өмірді өзгелерден нашар білемін. Ойсыз өмір сүремін.

Дауыс: - Бірақ сен адалсың. Өзің сүйген әйелдің күйеуіне барып, бар шындықты айтып ағыңнан жарылдың.

Мен: - Бұл да өтірік. Мен мойындамау мүмкін болмаған кезге дейін жасырып жүрдім.

Дауыс: - Сен ақынсың. Суреткерсің. Сондықтан не істесең де жарасады.

Мен: - Иә, ақынмын. Суреткермін. Сондай-ақ қоғамның бір мүшесімін. Яки қоғамға қызмет қылуға тиіспін. Бірақ менің бітіріп жүргенім шамалы.

Дауыс: - Сен өз басыңды жоғары бағалауға тиіссің. Өзіңнің артықшылығыңды әрдайым сезініп, қара халыққа жек көрінішпен қара.

Мен: - Өз артықшылығымды сенсіз - ақ білемін. Бірақ халықты жек көре алмаймын. Бағзы бір күндері: "Асыл тас жарылғанмен оның қауашағы ешқашан жарылмайды" деген едім. Шекспир, Гёте, Тикамицу Мондзаэмон, әйтеуір, бір күндері сөзсіз өледі. Бірақ оларды тудырған халық мәңгі өлмейді. Кез келген өнер қанша жаңарып, өзгеріп отырса да ол халық қайнарынан шығады.

Дауыс: - Сенің жазғандарың дара дүниелер.

Мен: - Ешқандай да даралығы жоқ. Бұл тірлікте дара не бар дейсің? Таланттардың таланты жазған дүниелердің өзі өмірден көшіріліп алынған. Солардың тасасында тұрып мен де талай ұрлық қылғанмын.

Дауыс: - Алайда сен өзгелерді үйретесің ғой.

Мен: - Мен оларды тірлікте болмайтын істерге үйретем. Егер мүмкін нәрсе болса өзгелерді үйреткенше өзім - ақ істер едім ғой.

Дауыс: - Сенің екі аяқты пенде еместігіңе еш күмән жоқ.

Мен: - Жоқ, мен кәдімгі адаммын. Біз бәріміз де жай адамдармыз. Заратустра ғана жай пенде емес еді. Бірақ сол Заратустраның қалай, қандай күйде өлгенін Ницшенің өзі де білмейді.

Дауыс: - Тіпті сен - дағы қоғамнан қорқасың ба?

Мен: - Қоғамнан қорықпайтын кім бар?

Дауыс: - Үш жылын түрмеде өткізген Уайльдқа қарасаңшы. Уайльд: "Өзіңді-өзің өлтіру -қоғамнан жеңілгеніңді мойындағаның",- деп айтқан екен.

Мен: - Уайльд түрмеде отырғанда талай рет өзін-өзі өлтірмек болған. Ал өзін-өзі өлтірмеген себебі, қалай өлудің әдісін, жолын таппаған.

Дауыс: - Жақсылықты да, зұлымдықты да жоқ ет, аяққа тапта.

Мен: - Мен қайырымды болғанды қалаймын.

Дауыс: - Сен тым қарапайымсың.

Мен: - Жоқ, мен тым күрделімін.

Дауыс: - Бірақ басқа уайымдаса да сен уайымдама. Саған оқырман табылады.

Мен: - Авторлық құқығымды жоғалтқаннан кейін де табылса жөн болар еді.

Дауыс: - Сен махаббат азабын тартып жүрсің.

Мен: - Махаббат азабын? Бұндай тәтті сөзді маған айтпа, ол енді ғана жазуды бастаған жас әдебиетшілерге жарасады. Мен тек сүйіспеншілікке сүрініп кеттім, бар болғаны осы.

Дауыс: - Сүйіспеншілікке кім де болса сүрінеді.

Мен: - Бұл әркімнің-ақ ақшақұмарлыққа салынуы мүмкін екенін айғақтайды.

Дауыс: - Сен тіршілік бағанына шегеленгенсің.

Мен: - Бұл мақтаныш қылатын жағдай емес. Өзінің ашынасын өлтірген қанішер де, өзгенің ақшасын ұрлаған ұры да тіршілік бағанына таңылған.

Дауыс: - Өмір сонша сиықсыз емес.

Мен: - Өмір ат төбеліндей ғана таңдаулылар үшін ғажап, ал басқалар үшін ол ауыр азап. Ал ат төбеліндей таңдаулылар - нақұрыстар мен оңбағандардың екінші аты.

Дауыс: - Онда қалағаныңша қинал, азаптан. Сен мені білесің бе? Әдейі сені жұбату үшін келген менің кім екенімді білесің бе?

Мен: - Сен төбетсің. Бір кезде төбеттің кейпіне кіріп, Фаусттың жан дүниесін жайлап алған ібіліссің.

3

Дауыс: - Сен не істеп жүрсің?

Мен: - Тек жазып жүрмін.

Дауыс: - Неге жазасың?

Мен: - Жазбай отыра алмайтын болған соң жазам.

Дауыс: - Онда жаз. Өле-өлгеніңше жаз.

Мен: - Әрине, сөйтемін, басқа істейтін ісім де жоқ.

Дауыс: - Сен тым жайбарақат жансың.

Мен: - Жоқ, мен жайбарақат жан емеспін. Егер сен мені жақсы білетіндердің бірі болсаң, бұлай демес ең. Мен көп қиналам, көп азаптанам.

Дауыс: - Жүзіңдегі күлкі қайда кеткен?

Мен: - Көктегі тәңірге қайтып оралған. Төңірегіңе күле қарау үшін жайлы мінез керек, екіншіден ақша керек, үшіншіден, мықты жүйке керек, ал менің жүйкем жұқарып біткен.

Дауыс: - Байқауымша, көңілің біршама жайланып қалғанға ұқсайды.

Мен: - Иә, сәл де болса көңілімнің жайланғаны рас. Бірақ оның есесіне жалаң иығыма бір ғұмырға жететін жүк арқалап алдым.

Дауыс: - Сонымен енді саған өзіңше өмір сүргеннен басқа ештеңе қалған жоқ. Әлде, сеніңше...

Мен: - Иә. Өзім қалағандай өлгеннен басқа ештеңе қалған жоқ.

Дауыс: - Сен енді мүлдем жаңа адамға айналасың, бұрынғы қалпыңа еш ұқсамайтын адамға...

Мен: - Мен әрдайым өзім болып қаламын. Өзгеретін өңім ғана. Терісі түлеген жылан секілді тек сырт кейпімді өзгертем...

Дауыс: - Сен бәрін білесің.

Мен: - Менің білмейтінім көп. Өзге түгілі, өз жанымды да жете білмеймін. Толық ашылмаған Африка сияқты өзіме де беймәлім қасиеттерім қаншама. Мен білмегенімнің бәрінен қорқам. Біз жайласқан жарық дүниеде құбыжықтар жоқ. Бірақ біз білмейтін шексіз - шетсіз түнектерде әлі де әлдебіреулер ұйықтап жатқаны күмәнсіз.

Дауыс: - Сен де менің перзентімсің.

Мен: - Сен кімсің? Бетімнен өпкен сенбісің? Жоқ, мен сені білемін.

Дауыс: - Сеніңше, мен кіммін?

Мен: - Сен мені тіршілік қызығынан айырған, ғұмырлық философиямды жойған әзәзілсің. Бүлдіргенің жалғыз менің өмірім емес. Сенің кесіріңнен біз көне Қытайдан шыққан дананың уағыздаған шектен аспау қасиетін жоғалттық. Сенің құрбандарың қайда да бар. Әдебиет тарихында да, газет мақалаларында да.

Дауыс: - Сонда сен мені қалай деп атайсың?

Мен: - Сені қалай атайтынымды анық білмеймін. Бірақ өзгелердің сөзіне сүйеніп айтсам, онда сен адамдарды жеңген беймәлім күшсің.

Сен біздің жан дүниемізге билік ететін перісің.

Дауыс: - Өзіңді құттықтап қоюыңа болады, мен ешкімге тілдесуге келмеймін.

Мен: - Жоқ, сенің келуіңнен сақтануым керек, иә, өзгелерден гөрі менің сақтанғаным жөн. Сен келген жерде тыныштық жоқ. Бірақ бәрібір рентген сәулесі құсап адамның іші -сыртынан өтесің.

Дауыс: - Ендеше, бұдан былай сағырақ бол.

Мен: - Әрине, бұдан былай сақ боламын. Тек қолыма қалам алғанда ғана...

Дауыс: - Қолыңа қалам ұстаған кезде кел деп мені шақыр.

Мен: - Кім сені кел деп шақырсын. Мен көп жазушының бірімін. Және көп жазушының бірі болғым келеді. Әйтпесе тірлігім тірлік болмас. Бірақ қолыма қалам ұстаған кезде, мүмкін, тұтқыныңа түсермін де.

Дауыс: - Ендеше, әрдайым абай бол Мүмкін, бірте - бірте сөзің көңіліме қонар, ой-ниетіңді жүзеге асыруға көмектесермін де. Ал әзірге аман бол. Күндердің бір күні тағы да келермін.

Мен: - (Жалғыздан-жалғыз). Акутагава Рюноскэ! Акутагава Рюноскэ! Тамырыңды жерге тереңірек бойлат! Сен - жел өтінде тұрған жіңішке бұтақсың. Мүмкін бір күні төбеңнен төнген қара бұлт сейілер. Тек қалтылдамай нық түр. Өзің үшін, балаларың үшін нық тұруға тиіссің. Мықтымын деп дандайсып кетпе. Бірақ өзіңді-өзің кемсітпе. Сонда ғана сен бойыңды тіктей аласың.


author

Акутагава Рюноскэ

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

АҚШ-та жойқын жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды madeniportal.kz. Жер сілкінісі АҚШ-тың Калифор...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде қазақстандық трансгендердің соққыға жығылған видеосы  тарады, деп хабарлайды...