Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова Қытай елінің тойын көрсетіп, 18 жыл бұрынғы оқиғаны есіне алды....
Тоқаевтың қазақ тіліне жаны ашитыны рас па?
Соңғы кездері Президент Тоқаевты Мемлекеттік тіл - қазақ тілінің жанашыры етіп көрсету дәрібі жүріп тұр. Бұған оның твиттерде "Алдымен қазақ тілін, содан кейін орыс тілін, үшінші кезекте ағылшын тілін негізге алуымыз керек" деген сыңайдағы жазбасы себеп болды. Мұны естіген ақпарат құралдары: "Ойбай, Тоқаев нағыз көреген екен, ұлтын сүйеді екен" деп дабырлай жөнелді. Әрине, ұлтын сүйсе сүйетін шығар. Бірақ оның ежелден орыс десе ішкен асын жерге қоятынын, орыс тілі десе оң бүйрегі бұрып тұратынын білеміз. Өзінің туабітті тілі – орыс тілі екенін жасырудың өзі ұят.
Меніңше, жеке пікірім, бұ кісі елдің өзіне ықыласын арттыру үшін солай етіп отыр. Ол да тіл саясатында Назарбаевтың мұрагері деуге болады. Әкесі қазақтың белгілі жазушысы болғанына қарамастан, Тоқаев - қазақ тілінің мүддесін қорғауға соншалықты құлық танытып жүрмегенін бұған дейінгі істерінен анық байқағанбыз. Оған Тоқаевтың 2016 жылы Сенат отырысындағы мына бір ісін мысал етсек те жеткілікті. 2016 жылдың басында қазақ тіліне шалажансар Сәрінжіпов деген сол кездегі Білім министрі Парламентке папкаларын қолтықтап келмей ме? Баяндама жасау үшін. Соған Сәрсенбай Еңсегенов деген депутат: "Сіздің қазақша баяндама жасауыңыз сиреп барады. Мұны қалай түсінеміз?" деп төте сұрақ қояды. Мұны естіген Сәрінжіпов сасқалақтап, кібіртіктеген ғой. Сондағы Тоқаевтың сөзі мынау:
"Депутат Еңсегенов, нақты заңға байланысты сұрақ қойыңыз. Сіздің сұрағыңыздың біз талқылап отырған заңға еш қатысы жоқ". Депутат болса, аузынан сөзі түсіп, кешірім сұрап әзер құтылды. Сонда бұл кімнің мемлекеті, кімнің Парламенті? Телеарналар Тоқаевтың сол сөзін толық жариялаған. Көріп отырып, Тоқаев үшін біз ұялдық. Көңіліміз қалды. Құдай-ау, белгілі жазушының ұлының өзін жоғары мәртебелі лауазымға лайық көрген халқына жауабы, жанашырлығы осы ма? Түсіне алмадық.
Сондықтан, менің айтайын дегенім, құрметті халайық, біз Тоқаевтан ұлт жанашырын жасауды қоюымыз керек. Ол қазақ тілін көктетеді дегенге өз басым сенбеймін. Ал қазақ тілін енді дұрыстап дамытпасақ, болашақта тіптен опық жейтін боламыз. Назарбаев бізді 30 жыл бойы алдап-сулап келді. "Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін" деді де, өзі орысша сөйледі. "Орыс тіліне ешкім қысым жасамауы керек. Соңғы кезде орыс ұлтының өкілдеріне қазақша сөйлейтін мемлекеттік қызметкерлер пайда болыпты. Оларды тексеру керек", – деді тағы да доқ көрсетіп. Барлық іс-қағаздар 2015 жылға дейін Мемлекеттік тілге көшіп болады деп сонау ғасырдың басында айтқан. Бірі де орындалған жоқ. Басыбайлы құлдық сана емей не бұл?.. Тоқаев та соның жолын қуады, көр де тұраңыз.
Біз абайлайық. Осы жолы Мемлекеттік тілдің дамуына шын жаны ашитын Президент сайлайық. Экономика ақылды мамандар бар жерде орнына келеді. Ал тіл - ұлттың жаны.
Тілеуқабыл ТҰРЫСБЕКОВ, зейнеткер.