Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
1779

Қазақта «Аманат» деген үлкен ұғым бар. Қасиетті дінімізде де аманаттың жолы ауыр екенін дәрменсіз пенденің қаперіне қайта–қайта салып отырады. Дәуірлерді көктей өтіп біздің заманымызға көлемін бұзғанмен дәйегін бұзбай жеткен осы бір қастерлі ұғым, үйі ағаш, ұраны Алаш болған өр қазақтың бітім–болмысының айшықты бедері іспетті. Қаншама ғасырдан бермен қарай қара сөздің құнын кемітпей, қара қылды қақ жарған би-шешендер, қолынан байрағын түсірмей, алаштың айбары болған батырлар, шырын сөздің майын тамыза, таңды таңға қосып жырлаған жыраулар кәрі су Сырдың бойын мекен етті. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешіп, бітісетін жерінде тұрыса білген бабаларымыз расында да асқан ақылға иелік қылғандай көрінеді. Жер Ананың үстін мекендеген қаншама ұлттар мен ұлыстар арасында Қазақ тілі, алты жүз елу мың сөздік қорымен үшінші орын алады екен. Мәшһүр Жүсіп атамыз «Түркі тілдестер ішіндегі ең жауһары – қазақ тілі»–деп, ұлтымызға тиесілі байланыс құралына шынайы бағасын беріп кеткен. Бабалардан қалған жыр-терме, толғау-дастан, хисса-әпсана, аңыз-ертегі секілді жауһарларымызды бұған дейін де жинақтап, орайы келгенде баспадан кітап етіп шығарып та келдік. Бірақ, тарихы сан ғасырлардан тін тартатын, сол замандарда әдебиеті мен мәдениеті қарыштап дамыған Қазақ халқы үшін бұл аздық қылары айдан анық еді. 

Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы көшпелі дәуірдегі қазақы құндылықтарымызды түгендеп, тарихи санамызды жаңғырту бағытында атқарылатын жұмыстарға соны серпін берді. Айтулы мақалада көзделген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Облыс Әкімінің қолдауымен, Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Рақымжанқызы Әбуованың бастамасы бойынша «Жыр мұра» жобасын іске асыру қолға алынды. Облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы «Дәстүрлі өнер» бөліміне тапсырылған бұл жобаның халыққа берері мен келешекке қалдырар игіліктері орасан зор болмақ. Осы жоба аясында ақпан айының он сегізінші жұлдызынан бастап облыс көлемін түгел қамтыған «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты фольклорлық экспедиция ұйымдастырылып, нәтижесінде ел ішінен көптеген руханиятқа тиесілі дүниелер алынды. 

Экспедиция өз жұмысын ақпанның 18 жұлдызында Арал ауданынан бастады. Арал аудандық өнер орталығы жанынан құрылған, «Ұлағат» өнер ардагерлері бірлестігі мүшелерімен жеке-жеке әңгімелесіп, сол өңірден шыққан би-шешендер, батырлар, шашасына шаң жұқпаған жыраулар жайлы тың мағлұматтарға қанықтық. Алашқа аты мәлім Жаңаберген жыраудың әкесі Бітімбай жырау, Дәріқұл жырау оның шәкірті Берекет Омаров туралы көптеген мәліметтермен қатар Берекет жыраудың дауысының көшірмесі жазылып алынды. 

Аудандық Өнер орталығының жұмысымен танысып Байнияз Тілепов,Үмбетәлі жыраудың баласы Тәжібай ақсақал, Жұбатов Қызылбай жыраудың баласы Мықтыбай, Үркімбаев Дайрабай ақсақалдардың, Айбек Тәңірбергенов, Ғанибек Дәріқұлов, Гүлжамал Бейісова және орталық жанынан ардагерлерден құрылған «Ұлағат» ансамблінің орындауындағы шығармаларын, өнер иелерінің айтқан әңгімелерімен терме-толғау, әндері мен күйлері жазылып алынды. Темірхан Бейісов Арал өңірінде билік құрған Төртқараның Тәлтекем аталығынан шыққан Сапақ бидің шөбересі, атасы туралы әңгімелер айтты. Шижаға ауылындағы жыр-терме үйірмесінің жетекшісі Асқар Жоламановтың өткізген ашық сабағын, Қызылжар ауылындағы мәдениет үйінде өткен жырау, Берекет Омаровты еске алу кешін, Аманөткел ауылдық клуб үйіндегі өткізілген жыр кештерін таспаладық. Марқұм Рысбек Әшімовтың дауысының көшірмесі және де жас жыршы –термешілердің орындауындағы шығармалар жазылып алынды. Қазалы ауданы: Белгілі шайыр Байназар Өтеповтың дауысы және қолжазбасының сканерленген нұсқасы алынды. Аудандық мәдениет үйі жанынан ашылған жыраулар бөлімінің жұмысын, ондағы шәкірттердің талаптарын байқадық. Облысқа, ауданға белгілі Болатбек Рсалиев, Едіге Айдаров, 66-жастағы Тұрмағанбетова Даража апай, Әйгілі Ердәулетов Болатбек жыраудың баласы Кеңес, Байтөрин Әлім, Мылтықбай Балауса, Оразымбетов Мырзабай, Жәмет жыраудың немересі Ақнұр, Ербасов Ақан, Әбілхан Асылзат, Ағыраев Ермекбай, Құрмаханов Жәнібек, Өмірзақ Жанболат, Сандуғаш Бисенбаева секілді орындаушылардың жыр-термелері жазылды. Арнайы әуез мектебіне барып ондағы жыр сыныбының оқытушысы Сандуғаш Бисенбаеваның жасап жатқан жұмыстарымен танысып көңіліміз марқайды. Жыр үйретудің әдіс-тәсілін Арал-Қазалы өңіріне тарату жөнінде ұсыныс айттық, Сандуғашта өз тарапынан қуана келісімін берді. Бекарыстан би, Қожабақы, ауылдарында ақсақалдармен әңгімелесіп Бекарыстан бидің, Сердалының Бекшорасы, Басықара, Көбек билер туралы көптеген мәліметтерге қанықтық. Жанқожа батырдың тірлігіндегі тұрағы туралы да әңгіме өрбіткен Бекарыстан би ауылының тұрғыны Файзулла ақсақал Мойнақ батыр туралы да тың мәліметтер берді. 

Бұрынғы өткен Жәмет, Берекет секілді жыраулардың көзін көрген қария Бермешов Жеткерген Жәмет жыраудың мақамдарының домбырадағы үлгісін көрсетті. Дауыс қосуға үлкейіп қалғандығынан шамасы жетпейтінін байқап отырдық. Қармақшы ауданындағы сапарымыз аудандық «Жыраулар үйінен» белгілі жырау Бидас Рүстембековті таспаға түсіруден басталып, Ақжар, Тұрмағанбет, Т.Көмекбаев ауылдарындағы жыр-терме үйірмелерінің шәкіртерін жазумен жалғасты. Т.Көмекбаев ауылының тұрғыны Әлиакпар ақсақалдан ескі әңгімеге қанығып, жер-су атаулары, ескі мешіттерді кім салдырғаны туралы да біраз мағлұмат алдық.Тұрмағанбет ауылының байырғы тұрғыны Сағынов Қалидулла ағамыздың жинаған ескі дауыстар жазылған таспалар алынды. Қуаңдария ауылында тұрған әрі ақын, әрі жырау болып дүниеден өткен Әмзе Оспанов ағамыздың баласы Оспанов Оңдасыннан әкесінің қолжазбалары алынды. Облысымызда жыр мектептерінің ашылуына мұрындық болған, өнердің жанашыры, марқұм Сүйінбай Ақбаевтың, алпысқа тарта мақам-саздарды топтастырған таспасы да Қалидулла ағамыздың жеке қорынан алынды. 

Жалағаш ауданындағы жұмысымыз Бұқарбай батырдың шөбересі Қалдан ағамызға барып, батыр туралы тың әңгімелер сұраудан басталды. Жаңаталап, Аққыр ауылдарына барып, көнекөз қариялармен сөйлесіп,  Мақпалкөл ауылындағы ескі әңгіме айтудың шебері Өміртай ақсақалға келіп, көптеген сырларға қанық болдық. Атап айтқанда; осы жерде өткен Қалам би, бай Қуаң, Ашай, Жүрген, Қара, Зарқұм, Кішкентай, Ерсейіт, Дәуімшар би, Жаппас Мұңайтпас секілді елге тұтқа болған тұлғалар туралы ел аузында сақталған әңгімелер жазылды. Мәдениет ауылының тұрғыны Болатбек Нұржанов ағамыздан Бексал, Тоба билер, Қаракөл-Тәутікке қоныстанған елдің тарихы туралы ескі әңгімелермен қатар Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен ағамыз Ерішов Әбдірейге тиесілі «Шәкір-Шәкірат» дастанының сыр бойында орындалатын нұсқасының көшірмесін алдық. 

Таң ауылында өмір сүрген белгілі жыраулар Тасбергенов Жадырасын, Әубәкір Есжановтардың дауыстарымен көптеген қолжазбалар олжаладық. Бұқарбай батыр ауылының тұрғындары белгілі Қырғи бидің ұрпақтары Рысбек, Қабыланбек ағаларымызға барып батырлар, билер жайлы көптеген әңгімелерге қанық болдық. Сырдария ауданындағы жұмысымыз Тереңөзек кентіндегі аудандық мәдениет үйіне жиналған өнерпаздарды тыңдаудан басталып, Қалжан ахун ауылындағы Төлебай ақсақалмен әңгімелесуге жалғасты. Шиелі ауданындағы жұмыс күніміз «Нартай өнер мектебінің» жұмысымен танысудан басталды. Өнердің ақсақал өкілдерімен кездесіп, әңгімелерін тыңдадық. Облыс жұртшылығына танымал күйші Дүйсебеков Тынысбек Танаш ұлының орындауындағы күйлерді жазып алып, сонымен қатар облыс өнерінде өзіндік қолтаңба қалдырған ақсақал Есіркеп Қоңқабаев туралы көптеген әңгімелер жазылды. Нартай ауылының қарт тұрғыны Байжан ақсақалдың айтқан әңгімелері жазылды, көп дүниенің ұмытылып қалғанында әңгіме барысында түсініп отырдық. Қарғалы ауылының тұрғыны Пернебай Ізмәмбетұлы заманында палуандықпен аты шыққан, компазитор әрі әнші, күйшілігі де бар туысы Есенбектің әндерін оның тарихынан хабардар етті. Сәрсенбек Баймағанбетов, Бағдат Тойманов, Сәбит Әбжаппаров секілді әншілермен қатар жас талап Нұрланұлы Досханды да таспаға түсірдік. Жаңақорған аудандық мәдениет үйі жанындағы Манап Көкенов атындағы шығармашылық мектебінде ардагер өнер өкілдері кезінде Отырар сазы оркестрінде ойнаған, 75 жастағы атақты күйші Айсынов Бәден ақсақалдан бастап ақын Асанова Тынышкүл апай, ардагер өнерпаз Жақсыгүл Бегманова, полиция қызметінен зейнетке шыққан, полиция майоры Әлібек Сүгірбаев, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Нәрділдаев Ізәтілла ақсақалдарды таспаға түсіріп, 

Манап ауылындағы Манап ақынның шаңырағына барып інісінен, баласы Убайдулладан ақын туралы мәліметтер алынды. Жаңақорғандағы әуез мектебінің «жыр» сыныбы бойынша оқытушысы Бота Шәйкенованың шәкірттерін тыңдап, талантты жастардың өнеріне тәнті болдық. Міне, Сырдың жағасын жайлаған елді аралап, ақсақал-қарасақалдармен дидарласып, бұрынырақта фольклор жинаушылардан қалған сарқыт дүниелерді жинап ұрпаққа үлгі қалса дедік. Ендігі міндет жиналған материалдарды халықтың игілігіне жарату жолдарын қарастырып, талапкер жастың қолына аманаттау.

Берік Саймағанбетов

ҚР Мәдениет қайраткері

Облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының маманы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...