Қытайдағы ең атақты һәм ең көрнекті қазақ жазушысы, Қытайдың шын мәніндегі Мемлекеттік сыйлығының ие...
Сағатпен соңғы сырласу немесе Жыр-Аза (Ескі альбом)
Жарасқан Әбдірашевтің Сағат Әшімбаев қабірінің басында оқыған өлеңі
Әй, Сағат-ай, қадіріме жетпедің,
дәл өзіңдей досым көп қой деп пе едің?!
Мақтау өлең жазайын деп жүргенде,
Жоқтау өлең жаздырғаның неткенің!
Түседі еске баяғыдай келсе күз:
ептеп енді көтерілген еңсеміз –
бозбаламыз, аз ғанамыз өзіміз,
жас шамамыз: он жеті мен он сегіз.
Алматыға жиналғанбыз алыстан,
арманымыз – айға атылған арыстан!
Бетімізден ешкім қағып көрмеген,
шетімізден сияқты едік данышпан!
Арамызда жоқ болса да сорлымыз,
айғай-шусыз алатынбыз жолды біз...
Ел күлері айдан анық – естісе,
екеуміздің белгілі еді орнымыз.
Салт екен ғой – жастық шақта сілкінбек,
шарт екен ғой – тас құрсақта іркілмек!
Ойдан қияс – көрдік небір зәбірді,
қойдан жуас қоңыр болдық біртіндеп...
Уақыт кейде – Атымтайдай жомарт-ау,
бақыт кейде – хамелеондай нәмарт-ау,
Бұққанменен, ыққанменен сыртымыз,
ішімізде жатты тулап жанартау!
Мен оңаша жырдың қамын жеуші едім,
сен оңаша сынның қамын жеуші едің.
«Аһ ұрғанда өлең жазып аршылар –
ақындарда арман бар ма!» деуші едің.
Тауыспай тым тілеулестер тағатын,
сағатымыз туды ақыры соғатын.
Менің кенет минуттарым іркіліп,
сенің кенет тоқтап қалды сағатың!..
«Қырды асатын кездеріміз – алда әлі,
сырласатын кездеріміз – алда әлі!» –
деген ұдай көңіл бізді алдады...
Неге бұлай өмір бізді алдады?!.
...Әй, Сағат-ай, қадіріме жетпедің,
дәл өзіңдей досым көп қой деп пе едің?!
Мақтау өлең жазайын деп жүргенде
Жоқтау өлең жаздырғаның неткенің!
Өжеттіктен өрмелеген өрдегі,
өшпек емес өміріңнің өрнегі!
Есіміңнің өлмесіне ел кепіл,
бесігіңнің жұмсақ болсын жөргегі!
1991 жыл, тамыз.
Суретті өңдеп, түрлі-түсті жасаған Нұржан Мәделхан
Құлтөлеу Мұқаштың Фейсбук парағынан алынды