Абай Мауқараұлы. Тобырлық санадан ұлттық санаға дейін...

ТАНЫМ
4930

Абай Мауқараұлы, жазушы-журналист.Абай Мауқараұлы, жазушы-журналист.

(діни-пәлсапалық эссе)

Сана деңгейлері

Адам санасының деңгейін саралағандағы Құранның ғажаптығына таңқаласың. Бұл да, Құранның Жалғыз Жаратушыдан жіберілгенін дәлелдейтін бір айғақ. 

Өйткені, адамдардың өз санасын өздері саралаған өлшемдері үнемі өзгеріп, ескіріп жатады: Ертедегі мифтік өлшемдерде адам санасын құдайлардың санасы мен құлдық санаға ғана бөліп қараған, мұны қазір мойындайтындар жоқтың қасы. 

Ал, Тарихи материализм теориясы адам санасын таптық саналарға яки қоғамдық формацияларға бөлді яғни сананы тұрмыс билейді деп дәлелдегені, өзін ақтай алмады. Практикада сондай коммунизм деген бүкіл адам тең қоғамды қанды төңкеріс арқылы жасамақ болғаны адамзатқа қасірет әкелді. 

Енді, бұл заманда адам санасын технократиялық интелектіге жеткізсе бәрі шешілетін секілді ғылыми қиялдармен адамдар алдануда... Алайда, бұл да алдыңғы теориялар секілді бір жақты өлшем екенін Құран өлшемін көргенде еріксіз мойындауға тура келеді. 

Себебі, Құрандағы өлшемдер уақыттан тыс. Құран сөзі бұл дүние жаралғанға дейінгі уақытсыз кезеңді және бұл дүние аяқталған соңғы мәңгілік бақи кезеңді қамтыған абсолют өлшеммен сөйлеген. 

Және, Құран өтпелі уақыттың үш шағын да өзіне түгел сиғыза алған. Сүрелердегі бұрынғы замандарды суреттеген қиссаларда өткен шақ та, осы шақ та, келер шақ та бір сәтте қатар баяндалады. Бұндай керемет синтезбен айтуға адамның ақыл шамасы жетпейді. 

Әрі, Құран аяттары эволюциялық даму деген теорияны жоққа шығарады. Атеистердің, материалстердің айтқанындай бұл әлем бұрыннан бар, өзінен-өзі дамиды, тіршілік кездейсоқ қолайлы жағдайдан пайда болған деген пікірдің қаншалықты ақымақтық екенін тіршіліктің керемет нәзік заңдылықтарын түсінген адам пайымдай алады. Сансыз жұлдыздар мен ғаламшарларды қамтыған миллиардтаған галактикалардың шексіз кеңістіктегі мінсіз қозғалысын, біздің тұрақ болған жердің мүлтіксіз айналысын Бір Басқарушы ғана реттеп тұрған ғажап құбылыс екенін ғылыми дәлелдермен Құран баяндайды. 

Ұлы Жаратушының адамзат баласын топырақтан жаратып, өз рухын үрлеп бірден кемелдікке жеткізгенін терең ілімдерімен дәлелдейді. Құранда Адам Атаны жаратқан соң Құдай оған айнала дүниедегі барлық затты, құбылысты өзі үйретті, дейді. Яғни, ата-анасы жоқ Адам Атаның ұстазы да, үйретушісі де Жаратушының өзі. 

Сондықтан, бүкіл діни кітаптарда Адам Атаны «сапи адам» яғни кемелденген адам деп, атауы тегін емес. 

Құран бүкіл адамзатты үш ұлтқа яғни үш топқа ғана бөледі: Сенуші, Сенбеуші және екеуінің арасында жүретін Алдаушы, деп. 

Және, адамзаттың бұл дүниедегі жаратылу мақсатын Құранның басынан аяғына дейін өте айқын айғақтармен үзбей айтады: Адамзат мәңгі ақырет дүниесіндегі ғажайып мекен Жәннатқа лайықты болу үшін жаратылған. 

Ол үшін Жатарушының нағыз құлы ретінде жолдаған бұйрықтарын бұлжытпай орындап, жіберген елшілеріне бағыну шарт, дейді. Ондай адамдар бұ дүниеде рухани кемелдікке жетеді.  Сөйтіп, мінсіз жәннат дүниесіне лайық болады. Соның бір мысалы, ақырғы пайғамбардың ең жақын досы саналған он сахабаның тірі кезінде жәннатпен сүйіншіленуі. Өйткені, олар Құранның бұйрығы мен пайғамбардың үкімін мүлтіксіз орындағандар еді. 

Мұндай дәрежеге жеткен адамдар қияметте қайта тірілгенде тәнімен, бүкіл дене мүшелерімен, бұрынғы рух-жанымен мәңгілік ғажайып өмірге қауышады. Адамның жаратылуының, бұ дүниеде өмір сүруінің ең жоғарғы мақсаты имани кемелдену екенін Ұлы Жаратушы Құран арқылы хабарлайды, уәде етеді, серт береді. 

Ал, осы басты мақсатқа бағынғандар мен бағынбағандардың сана деңгейін мынандай нақты өлшемдермен анықтайды: 

Сәбилік сана: бүкіл адамзаттың балиғатқа толмаған балалары пәк, күнәсіз. Егер, олар бұл дүниеде  бала шағында өлсе, мәңгі ақырет дүниесінде асыл маржандардай әдемі, сүйкімді қалпы Жәннат балалары болып, мәңгілік өмірі жалғасады. Өйткені, Жаратушы адамдардың рухын жаратып, өзін оларға таныстырғанда бүкіл рух иесі бір ауыздан «Сен біздің Жаратушымызсың» деп, рухани иманға келгендіктен сәби балалар түгелдей иманды саналады. 

Тұрмыстық сана: бүкіл адамның басынан өткізетін ең төменгі сана, ішіп-жеу, ойнап-күлу, көбею үшін ғана қарекет етушілер. Олар өзінің адамдық мақсатын бір күндік тірлік, бұл дүниелік күнелту, өзінше қызық көру деп біледі. Рухани, имани құндылықтарға көңіл бөлмейді. Не оны ең төменгі дәрежеде ермек көреді.

Кәсіптік сана: адамдарға Жаратушының берген қабілеті бойынша, көптеген адамдардың әртүрлі кәсіби мамандыққа жетуі. Бұлар да өмір сүру мақсатын материалдық  деңгеймен өлшейді, өз мақсаттарын жақсы тұрмыс құру, жайлы әлеуметтік жағдайға жету, сый-сияпатқа бөлену, той тойлау... дегеннен ары аса алмайды. Рухани, имани құндылықтарды осы мақсаттың қызметшісі деп, пайымдайды.

Ғылыми сана яғни логикалық сана: бұл Жаратушыдан ерекше қабілет берілген адамдардың жететін деңгейі. Олар Жаратушының бұл дүниедегі қойған заңдарын ашады, мәселен математика, химия, физика, астрономия, медицина, философия, қоғамтану, тарих, кәсіби жазушылық... секілді көптеген пән ғылымдарын игереді. 

Бұндай санаға жеткендер де адамзат қоғамында ғылыми төңкерістер жасап, қарапайым тұрмыстық жағдайды жоғарғы технологияға жеткізуді, робот жұмсап, өзге ғаламшарға жетіп, ағза ауыстырып ұзақ жас жасауды... мақсат етеді. Осындай өркениетті қоғамда жоғарғы адамгершілікпен, гуманистік  моральмен өмір сүруді басты бағдарлама етіп қояды. Рухани, имани құндылықтарды соның бір саласы деп құрметтейді. 

Имандылық сана: Адамзат қоғамындағы ең жоғарғы сана имандылық сана. Бұл сана иелері Ұлы Жаратушыдан жолданған ақиқатты бірден қабылдап, соған жан-тәнімен мойынсұнатын ерекше адамдар. Және, олар өзіне берілген дана қабылеті арқылы айнала дүниенің Жаратушыны тану үшінгі көрініс, құбылыс екенін түсінеді. Өзінің бұл дүниеге келуінің кездейсоқтық емес екенін, бұл өмір мәңгі ақырет дүниесіне дайындық жасау үшін берілгенін жете ұққан  адамдар осылар. 

Олар хақ діннің ақиқат қағидалары бойынша Имани жоғарғы санаға жетеді. Жаратушысын танып, Соған ғана жалбарынады, ғибадат етеді. Ондай адамдар өзін рухани жетілдіруге бүкіл қабылетін жұмсайды. Өзін өзі тани алады. Ондай санаға жеткендер бұл дүниедегі материалдық жетістіктен рухани жетістікті жоғары қояды. Адамдарды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тию үшін адал, жанкешті қызметтер атқарады. Өтпелі өмір үшін емес, мәңгі ғұмыр үшін саналы өмірін арнайды. (Қазақтың рухани көсемдерінің дана сөздерінен мұны анық көре аламыз)

Әулиелік сана: Бұдан да жоғарғы адамзат баласы жете алатын сана деңгейі әулиелік сана. Мұндай адамның бүкіл болмысы Ұлы Жаратушымен ғана байланыста, оған бүкіл болмысымен берілген достықта болады. Мұндай адамдардың тәні пәни дүниеде өмір сүрсе де, рухани жан дүниесі рухтар әлеміндегі пәк жандармен бірге бола алады. 

Олар Жаратушысын хақ діннің ақиқаты бойынша ақылмен ғана емес, адамға берілген басқа тылсым сезімдері арқылы да толық таныған кемел адамдар. Сондықтан, ондай адамдар кемшілікті өзгеден емес, өзінен ғана іздейді. Халқымыз «Өз мінін білген әулие» деуі содан. Әулие адам бүкіл адамға жанашырлықпен, мейіріммен ғана қарайды. Сондықтан, әулиенің бұл өмірде досы да, жауы да жоқ. Азғырушы лағнат әулиеге жақындай алмайды. Қазақ халқының Құдайдан кейін әулие адамдарды пір тұтуы осыдан. 

Бірақ, адамдардың осы аталған сана деңгейлері бір-бірімен жалғасқан түрде, байланысты жағдайда мінез-құлқымен, іс-әрекетімен, қоғамдағы көріністермен ажыратылады. 

Жоғарғы имандылық сана мен әулиелік санаға жеткендер Ұлы Жаратушының жаратылғандарға ұқсамайтын теңдессіз сипаттарын тани алады: 

Ұлы Жаратушының дара жалғыздығын; ұқсасы болмайтынын теңдессіз екенін; мінсіз-мұңсыз, мұқтажсыз болатынын; Жаратушының өзі тумаған, өзінен тудырмаған серіксіз екенін; жоқтан бар ететін құдіретін; шексіз естуші, көруші екенін;  ілімімен бәрін қамтитынын; не қаласа соны болдыратынын; адамды махаббатымен жаратып, оған ойлайтын қабілет беріп, кемел пішін сыйлаушы екенін; өлтіріп-тірілтуші, өмір беруші Ие болғандығын және шексіз жаратылыстағы құбылыстар Оның киелі есімдерінің айнасы екендігін; ең ақырғы қияметқайым сағатында саналы жаратқандарының  бәрін бір сәтте қайта тірілтіп есеп алып, мәңгі өмірде сый мен жаза беруші шексіз билікке ие екеніндігін... хикметті іліммен санасына сіңіргендер. Олар өзіндегі адами ерекшеліктерді толық таныған, оның пайдасын іске асырған біртуар адамдар. Ондай адамдар өзін тудырған халықтың рухани көсемі, ұлтының көшбасшысы ретінде өшпес қызметтер атқарады. Қазақта ондай тұлғалар көп. Ал, бұған немісте Гете, орыста Пушкин, Толстойларды атауға болады. Басқа халықтарда да ондай адамдар бар.

Пайғамбарлық сана: Ал, адамзаттың ең жоғарғы сана иесіне пайғамбарлық жатады. Алайда, оған жететіндер Ұлы жататушының сүйген құлдары ғана. Мұндай мінсіз сананы адамға Жаратушының өзі нәсіп етеді, оған біліммен, еңбекпен ешкім де жете алмайды. 

Мәселен, бүкіл адамзаттың ақырғы пайғамбары Мұхаммедке с.а.у. пайғамбарлық келген кезде ол кісі қырық жаста еді алайда, жаза алмайтын, оқи да алмайтын сауат ашпаған адам болатын. 

Иса алейһиссәлам тіпті, сәби кезінде даналық сөз айтып, пәндік білімі болмаса да ғылым ғажайыптарын көрсете алатын еді. Пайғамбарлық сана иелері жеке халықтар мен бүкіл адамзатқа Жаратушыдан арнайы жіберген рухани ұстаз болғандықтан олардың қалдырған тағылымы мен адами үлгілері, салып кеткен сара жолы екі дүниенің бақытына қатар жеткізетін кемелдік мектебі саналады. 

Пайғамбарлыққа дейінгі саналардың деңгейі адамның тума қабілетімен, өз талабымен, қажырлы рухани еңбегімен жете алатын сана өлшемдері. Яғни, қарапайым адамнан кемел адамға дейінгі жете алатын рухани аралық, рухани деңгей.

Бұл сана иелерінің жеке-жеке мысалы Құран сүрелеріндегі қиссаларда толық айтылғанын оның тәпсірінен анық танып, ұғуға болады.

Тобырдың тегі

Осы жеке адамға қатысты сана деңгейлерін қоғаммен байланыстырғанда Имандылық санаға жетпегендерді түгел «тобырлық санадағыларға» жатқызады. 

Мысалы, Нұқ пайғамбардың соншама көп қауымы бола тұра, оның ұзақ жылдар бойы жасаған уағыз, шақыруымен Иманға жеткендері небары сексендей адам болды, дейді. Көбі тобырлық санада қалған. 

Ибраһим алейһиссаламды пұттарды қиратқаны үшін елінің патшасы Нәмруд биік төбеден отқа лақтыртады. Сонда, Жаратушының ерекше жәрдемімен от-алаудың ортасында аман қалған пайғамбарды соншама қауым өз көзімен көріп тұрса да, пайғамбарға емес, патшасына бағынады. Тіпті, туған әкесі де иманға келмейді. Сондықтан, Ибраһимді көп кәпірдің ішіндегі жалғыз қауым ретінде бағалайды.

Және, Мәриямұлы Иса пайғамбар өзінің пайғамбарлығының дәлелі ретінде қанша ғажайыптар көрсетсе де (өлгенді тірілту, аспаннан дайын тамақ түсіру, көместі білу, дауасыз деген ауруды жазу...) артынан ергендерінің саны он екіден аспаған. 

Алайда, осынша тобырдың ортасынан тұрмыстық санадағы, кәсіптік санадағы кейбір адамдар Имандылыққа жетуі мүмкін. Мұндай адамдардың иманға жетуінде өзіндегі ізгі ниет, таза көңілдің әсері көп яғни осы үшін Жаратушының ерекше разылығына ие болып хақ жол нәсіп болған адамдар деуге де болады. Жаратушының сүйген құлына хидаят беруші екендігі, елшілердің тек ескертуші, сүйіншілеуші екені осыдан анық байқалады.

Ал, ғылыми санаға жеткен адамдардан Иманға қол жеткізген ұлы адамдар туралы деректер бұрын да, қазір де көптеп кездеседі. (Салыстырмалық теориясын ашқан Энштейн, немістің дана жазушысы Гете, орыстың ғұлама қаламгерлері Пушкин, Толстой, т.б.) Ғылым арқылы Жаратушыны танып мойындаумен келген мұндай имандылықты нақты иман деп те атайды. Перғауынның сиқыршыларының иманға келуі осы ғалымдық санадан.

Солай бола тұра, ғылыми санасы қанша биікке жетсе де ол арқылы Жаратушысын мүлде танымаған, ғылымның ғажайып сырын ашқандығын өзінің жеке даналығының нәтижесі деп көретін ғалымдар жер бетінде жетіп артылады. Яғни, бұл өз ақылын өзі құдай санап тәкаппарланудың көрінісі. Сөйте тұра, өзіндегі осындай ақыл-ойдың тетігі болған миды, көруді, естуді, сөйлеуді беруші кім, менің Ием бар ма, деп ойлануға қадам баспағандықтан осындай өзімшіл қырсық мінез оның иманға жетуіне бөгет болды. 

Құран бойынша айтсақ, көкірегі мөрленіп, құлағы мен көзі перделенгендер дегендер осындай пенделер.

Олай болса, имандылық санаға жетпеген тобырлық санадағыларды да ішінен екі топқа бөлуге болады: 

Бірі білімсіз тобыр, екіншісі білімді тобыр. Немесе, жоғары дәрежелі шонжарлар мен төменгі дәрежелі қара халық яғни байлық иелері мен күнелтуші кедейлер тобы. 

Бұлардың сыртқы жағдайында үлкен айырмашылық болса да, рухани жағынан екеуі де тобыр деген сөз. Мәселен, Перғауын мен оның қаумы, Нәмрудтың өзі мен қауымы, Ад, Самудтың ақсүйектері мен қырсық қауымы, Меккенің мансаптылары мен бәдәуилер т.б.

Құран қиссаларында бұлардың бәрін адамдық жаратылу мақсатына талпынбағаны үшін яғни иманға жетпегені үшін «хайуаннан да төмен» деп атайды. Адам пішінді мақұлыққа, санасыз көп тобырға санайды.

Тобыр дегені, адамшылығынан хайуандығы басым дегені. Ондайлар тойып ішіп-жеуді мақсат етеді, күлуді, ойнауды, тойлауды жаны сүйеді, терең ойлауға, ғылымға қызығуға, парасатқа бетбұруға келгенде құлқы жоқ. 

Бірақ, мылжың сөйлеуге, мәнсіз қарекетке, уақытын босқа өткізуге жаны өте құмар, бұл жағынан өзара жарысқа түседі. Тобырдың өзіндік дүниетанымы, талғамы дәулет-байлық, жоғарғы мәнсап, даңғаза атақ, сыйлық-сияпат, мадақ-мақтан, мәнсіз дыр-думан секілді өтпелі нәрселермен өлшенеді. 

Адамшылық моральға келгенде, жеке басының жалған намысы үшін, мәнсап-тақ үшін адам өлтіруді бұйым құрлы көрмейтін қатігез-жауыз. (Нәмрұттың Ибраһимді өртемек болуы, мүшрик арабтардың өз қызын өзі тірідей көмуі, Гитлер мен Сталиннің адамдарды аяусыз,заңсыз жазалауы...т.б.) Байлық жию жолында қырғын соғыстарға баратын, билікке жету жолында ең жақын адамын да пида етуден тайынбайтын... яғни адамшылықтан жұрдай, жанашырлықтан ада адам пішінді құбыжықтар деуге саяды. 

Бұған адамзат тарихынан бергі дүниені жаулаушы, әлемді бөліске салушы қанды жорықтарды бастаған жаулаушы тирандар мысал болады. (Шыңғысхан, Америка материгін Үндістанды жаулаған англо-американдық, еуропалық жиһангездер, Напалоен, Гитлер, Ленин, Сталин, Мао Зе Дун, Пол Пот, Иенг Сари...)

Тобырдың көрінісі

Құранда осындай тобырлардың іс-әрекеттерін қысқа да нұсқа ғажап қиссалармен суреттейді: Қанышерлікпен адам өлтіру, Адам Атаның балалары Қабылдың Әбілді өлтіруінен басталған. 

Тойшылдық, сауыққұмарлық, ойсыздық, сөз тыңдамаушылық  Нұқ қауымның әдеті болыпты. Ашкөздік, қызғаншақтық  жартастан сарай салып, Алланың құдіретімен жартастан туып шыққан аруанасын өлтірген Самудтардан қалды. Аяусыздық, тоңмойындық, жағымпаздық, сатқындық Ибраһим пайғамбарды отқа лақтырған Нәмруд қауымының рухани науқасы. Ұятсыздық, анайылық, тұрпайы нәпсіқұмарлық еркектері өзара некелескен Лут елшінің еліндегі жексұрын көріністер. Асқан мансапқорлық, дүниеқорлық таққа таласады деп исрайыл әулетінің сәби ұлдарын жаппай бауыздаған Перғауын елінің рухани дерті. Даңққұмарлық пен бақталастық, Иса пайғамбарды шармаққа керіп өлтірмекші болған яхуди оқымыстыларының  пасық мінезі. Жауыздық пен жалған намыстың асқынуы, өздерінің бәйкүна қыздарын топыраққа тірідей көметін бәдәуи арабтардың сұмдық әдеті... бұл ақырғы пайғамбардың елінде болған ең қайғылы оқиғалар...

Құран қиссаларынан алынған бұл қысқа мысалдар, өз халқын адамның жаратылу мақсатына ала-и иллинге (ең жоғарғы адамдық дәреже) жетуге шақырып, адамды хайуаннан төмен болудан әсфел-и сафилинге (ең төменгі деңгейге) түсіп кетуден сақтандырған Алланың елшілері мен қауымдары арасында болған оқиғалар еді. 

Бұл ақиқат қиссалар Құран Кәрімнің көптеген сүрелерінде алуан көркемдікпен, әртүрлі мақсатпен қайталана баяндалып отырады. 

Қиссада аталған сонша қауымдардың ішінен өте аз санды адамдар ғана пайғамбарларының шақыруына ілесіп, имандылық санаға жетіп Жаратушының жарылқауына ие болады. Әрі қайта тірілетін мәңгі ақырет дүниесінде рахатқа толы Жұмақ-жәннатпен сүйіншіленеді. 

Ал көп санды тобырлар елшісін мазақ қылып, ақиқатқа мойынсұнбағандықтан  Жаратушыны оларға азапты жаза жібереді. Былайша айтқанда Жаратушының бүкіл әлемдік қойған заңын бұзғаны үшін апатқа ұшырайды. Олар Жалғыз Жаратушыға бағынып, жәннатқа жетуге емес, өздері жақсы көретін нәпсісіне бағынып, тәкаппарлығына табынып, мәңгілік азапта қалатын жәһаннамдық болуға асығады... 

Жоғарыда мысалға алған қауымдардың бірі алапат топан сумен, бірі аспаннан жауған отты таспен, бірі сұмдық ащы дыбыспен, бірі қорқынышты зілзаламен, бірі үрейлі қара дауылмен, бірі теңізге батырылып, бірі жанартаудан атылған отты селге бастырылып... бәрі азапты ажал құшады. 

Және, осылайша бұл дүниеде жазаға ұшырғандар ақырет дүниесінде де мәңгі азапта қалатындығы отпен күйгізілетіні, қайнаған сусын іштетіні... Құранда жеріне жеткізе хабарланған. Жоғарғы тобыр бұл дүниеде қанша мәртебелі болса да, соншама байлық-мәнсапқа ие болған болса да оның ақыретте ешқандай себі жоқ екендігі аят бойынша айқын айтылған. Олар Жаратушының ұлы мақсатын аяқтарына таптағаны үшін енді, Жаратушы да оларға лайық мәңгі жаһаннам жазасымен азаптайтыны анық ескертіледі. 

Ал, сондай жазаға ұшыраған қауымдардың жұртын зерттеген қазіргі архелогиялық қазбалар, Құранда айтылған қиссалардың ақиқатын ғылыми түрде бұл күнде растауда. 

Теңізге тұншығып өлген Перғауынның сақталған мүрдесі ағылшындардың мұражайында көрмеде тұр. Ибраһимді алау отқа лақтырған биік жартас төбедегі манжылық сақпанмен атқан биік тас діңгек қазір Түркия жеріндегі Урфа шәһарында көненің куәсіндей көз тартады.

Тобырдың түрі

Жоғарғы тобырдың ең белгілі мысалы ретінде Перғауындар әулеті аталады. Пайғамбарларға ең қас болған да солар. Өйткені, пайғамбарлар Жалғыз Жаратушыға ғана бас июге шақырды яғни ала-и иллинге (ең жоғарғы дәрежеге) жетуге, адамдық жаратылу мақсатын орындауға үндейді. 

Ал, перғауындар болса, адамды адамға табынуға яғни әсфел-и сафилинге (хайуаннан да төменгі деңгей) түсуге мәжбүрлейді. 

Сөйтіп, перғауындық жүйе адамды адамға құл ету үшін, тежеусіз билік орнатқан кароль-қағандар үстемдігін құрды. Бұл жүйе бас еркі жоқ қара құлға, жалдамалы жалшы жұмысшыға дейінгі пендәуи бағындыру жүйесін одан әрі жалғастырды. 

Қағандар жүйесінің төменгі тобырдан жасақтаған сан мың әскери қосындары адамзаттың тарих бойында қорғану мен басып алу соғыстарында есепсіз қанды қырғындар жасап, қоғам үздіксіз адами апаттарға ұшырап отырды. Соңғы замандарда оның империялық, коминтерн-интернационалдық, одақтық, социал-демократиялық, ұлтаралық, халықаралық...т.т. дейтін монополиялық бағындыру жүйесінің қаншама түрі іске жегілді. Бұлардың атауы алуан түрлі болғанмен мақсаты біреу-ақ, ол адамның адамға құл болуы ғана.

Ондай жүйенің негізін салып, іске асырушылар сонау Рим, Гректің көп құдайшыл философтарынан бастау алады. Оны жалғастырушылар жаңа дәуірдегі ағылшын, неміс, орыс және басқа еуропалық идеалист философтары болды. 

Кейін материалистік-диалектикалық идеядан туындайтын эволюционист, дарвинист көзғарастағы ғалымдар атейзмнің негізін салды. Оны практикада іске асырушы соц-демократтар, революционерлер, интернационалистер шығып келді. Кейін бұлардың іс-әрекетін коммунист-фашистер... деп атауға болатын асқан атеистік көзқарастағы диктаторлар жалғастырды. Соңында, неофилософтар мен неокоммунистер олардың мақсаты мен ісін тек сыртқы өңін өзгеріп қайта жалғастыды. 

Яғни, осындай әртүрлі атауға ие болған қоғамды иеленген басқарушы үстем тобырлар бұл дүниеде күшің жетсе билік етіп қал, қызыққа кенеліп қал, дейтін құдайсыздық  ұстанымды өрісдеткен, мәңгі ақырет дүниесін жоққа шығарған тобырлық пиғылдың шегіне жеткендер еді.  

Осылардың індеттей таралған аяр-алдамшы идеологиясынан суперимпериялар, оған жақтасушы минимпериялар, оларға жандайшаптық жасайтын жеке мемлекеттер жүйесі жер шарында пайда болды. 

Олардың басқыншылық, тонаушылық соғыстары, шағын халықтың атамекенін сырттай иеленіп, өзара бөлісуі, келісуі кәдімгі «әлемдік ақиқат» болып мойындалды, «Біріккен Ұлттар Ұйымы» деген атауға ие болды. 

Сөйтіп, олардың жаулаушылығын өркениет әкелуші, тонаушылығын бейбітшілік орнатушылық, жауыздық әрекеттерін құтқарушылық дейтін сорақы ұғым қалыптасты. Соңғы заманда бейбіт тұрғындарды қырып-жоюды адам құқын қорғаушылық, сепаратистерден, экстремистерден, діни алауыздықтан сақтандырушы... деп, насихаттайтын аяр жаңа идеология қалыптасты. 

Ал, мұндай аяр идеология өзін, өз адамдық құқын, өз елін, өз жерін, өздерін қорғаған, діні мен діліне араша түскен патриот ұлт батырларын халық жауы, бүкіл елдің дұшпаны, банды, шетел тыңшысы... деп қаралайды, жариялайды. (Ливиялық Омар Мұхтар, шешен Шәмил қажы, қазақтан шыққан Исатай, Махамбет, Кенесары, Алаш көсемдері, Бөке батыр, Зуха батыр, Елісхан батыр, Қасым батыр, Оспан батыр, Моңғол Амарсана, Спартак, Пугачев, ... басқа бүкіл халықтардан осындай мысал келтіруге болады) 

Осындай адамзаттың тарих бойы жалғасқан аяр, азғын насихаттың адамдардың санасына сіңірілетіні сонша, сананы улайтыны сонша өзінің жанкешті, адал перзенттерін жау көретін, басқыншының көсемдерін жанашыр, жандос санайтын мәңгүрттік үстемдік құрып ұлттық сана, адамдық ар-ұждан жойылып отырды. 

Осындай бүкіл адамзаттық зымиян түсініктің, жалған ұстанымның нәтижесінде қазіргі империя басшылары баяғының перғауындары секілді өздерін Құдай санайтындай үстемдікке жетіп алды. Олардың әншейін ақмақтық сөздері, мәнсіз пікірлері ақпараттағы жаңалық, керемет даналық болып саналатын болды...

Сондықтан, бұрынғы үстем тобыр мен қазіргі үстем тобырдың бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ деуге болады. 

Алайда, күн секілді ақиқатты сөндіру мүмкін емес қой! Өткен тарихтағы перғауындарға қарсы келген бүкіл пайғамбарлар адамның Жалғыз Жаратушыға ғана құл болуы шарт екенін насихаттап өтті. Жаратушының жолдаған заңын, бұйрығын орындауға үндеді. Солай ғана бұл дүниеде бейбіт кемелдікке жете алатындығын дәлелдеумен келді. 

Ақырғы пайғамбар мәңгі ақыреттік өмірдің бар екенін дәлелдеген Хақ дінді жер жүзіне қалыптастырып кетті. Хақ діннің жолындағы пайғамбардың достары мен солардың салған жолына ерген мұсылман деп аталатын қауым қалыптасты. Олар дәреже жағынан бөлек болса да адамдық құқы тең болатын жүйені үлгі етіп қалдырды. 

Сөйтіп, қазіргі бүкіл адамзаттың талас-тартысы Пайғамбарлық жол мен перғауындық жүйенің тайталасы десе болады. Хақ жолдағылар мен адасушылардың қиямет қайымға дейін жалғаса беретін тарихи жолы деген осы. 

Тобырдың іс-әрекеті

Міне, мұндай үстем тобырлық үрдіс кейінгі заманда да сол қалпында жалғасып келеді. Бұл көріністі қоғамтанушы саясаткерлердің көзқарасымен сараласақ мынандай суретті көреміз: 

Соңғы замандағы тобырлар қауымы елбасқарушылар деп аталалған билік пен байлыққа құл болған жеке шоғыр шонжарлар мен соларды қолпаштаушы жағымпаз қызметшілер және күнделікті күнкөріске құл болған саны мол төменгі тобырлар деген екі үлкен топқа бөлінеді. 

Жоғарғы тобырдың ішінен басқарушылық қабілеті күшті, билік пен мансап үшін неден де тайынбайтын біреулер танылып шығады. Оның айналасындағылар мен қолпаштаушылар тобы оны басшы көсем етіп таңдап, үздіксіз қолдап отырады. 

Жоғарғы тобыр өздеріне не ұнаса, нені қаласа әлгі көсемдеріне соны орындатқызудың бүкіл амалдарын жасайды. 

Және сондай идеаларды өздері дайындап үнемі көсемнің атынан жариялауды төтенше тәсілге айналдырады. Көсемдері оны құптап, іске асыртқан сайын, оны «данышпансың» деп мадақтайды. 

Басшы мен қосшы осылай тобырлық мафияға айналады. Олар көбінде саяси партия ретінде күш біріктіріп, соның атынан іс жүргізеді. (Мысалы, Большевиктер париясы, Нацистер партиясы.. т.т.лар) 

Сөйтіп, адамдықтан алыс қалған алаяқ тобырлар өздерінің жекебасының пасық мүддесін іске асыру үшін қоғамдық катаклизмдердітудырады. Оны өркениеттік-өзгеріс деп алдаусырату үшін көсемдерін қоғамда араластырмайтын жері қалмайды. 

Осындай көсемдер діннен дым білмесе де дінбасыларға нұсқау беріп, көпшілікке діни пәтуа айтады. «Әмбебап көсемнен» тарихшылар бағдар алады, бас редакторлар бағыт сұрайды, технологтар тың жаңалық дәметеді, кинорежисерлер тәсіл үйренеді, экономистер ақылын алады, спортшылар үлгі етеді, таяқ жегендер араша сұрайды, арызқойлар мен амалсыздыққа ұшырағандар ашық хат жазады, сыйлық дәметкендер оған мақтау-ода жазып жарысады... 

Сөйтіп, осындай әмбебап көсем енді, «көсемдердің көсемі» болып танылудың айырықша амалдарын жасауға мәжбүр болады. «Көреген» деп айтсын деп, ешкімнің көзі жетпейтін ұзақ жылдарға межеленген қияли жоба-жоспар жариялайды. (Мәселен, коммунизм елесі... ұзақ жылғы қияли бағдарламалар...) 

Осылайша, сол қоғамдағы төменгі тобырға әлгі «көреген көсемді» қол жетпес «күн көсем» секілді етіп көрсетудің бүкіл қитұрқы әдістері іске жегіледі. 

Көпшіліктің күшімен жасалған игіліктің бәрі «көсемнің көрегендігі» деп насихатталады. Төменнен жоғарыға баратын ақпараттар түгелдей «керемет жетістіктер» деген өтірікке толы жел сөзге айналады. Қоғамда жасалған өкіметтік қылмыстар, үлкен қателіктер, әлеуметтік кемшіліктер әдейі елеусіз қалдырылады немесе «жасампаздық» жолындағы болуға тиісті заңды шығындар деп түсіндіріледі. (Қазақ даласындағы жасанды ашаршылықты «Кіші октябрь» деп атағаны, елді мекенді ат арқандайтын да жер қалдырмай талқандап жыртуды «тың игеру», «өтпелі кезең» дегені секілді т.б.) Ал, үнемі болып тұратын келеңсіздіктер үшін орындаушы бастықтар жазаланады. Немесе, өмірден өтіп кеткен көсемдерге бүкіл қателіктер жабылады. 

Жоғарғы билікті басып алған алаяқ тобыр лидер-көсемдерін әдейі өмірдегі нақты шындықты көре алмайтындай етіп рухани мастыққа түсіреді. Жүрген-тұрған жерінің бәрін жарқыратып жасандырып қояды. Және рухани мастықтан көсемнің есін жидырмау үшін, таусылмайтын жиын, жиналыс, кездесу, қол қою секілді бітіп болмайтын ресми жұмыспен мұршасыз қылады. 

Сьезд, форум, саммит, симфозиум, конференция, фестибаль, құрылтай... секілді неше түрлі аталатын басқосуларда алдын ала дайындалған жаттанды сөздер сөйлеп, ұзақ қол шапалақтап, қатар тұрып қол қысысып, өзара қол қойысып, қыруар қаулы қабылдап, шешімдер шығарып өз елінің, бүкіл халықтың, әлемнің тағдырын шешіп тастағандай көріністер жасайды. 

Бірақ, алдыңғысы ұмытылған кезде жаңасын жалғастыра беретіндіктен қоғамда онсыз да болуға тиісті материалдық алға басулар болса да, рухани өркениет тоқырағандықтан ештеңе өзгермейді. Тобырлық дағдарыс толастамайды. 

Бұл баяғы бүкіл дүниені дүрліктіріп, елес коммунизмнің қиялымен елдің басын айналдырған КПСС съездерінің өтірікке толы, аяқсыз қалған жиындарының жаңа түрлері деген сөз. Енді, бұрынғы империализм қатерінен сақтану дейтін ауқымды қарулану шаралары қазір діни террордан қорғану, сепаратизмнен сақтану деген секілді жаңаша атауларға ие болып одан бетер қарулану мен сұрапыл қаруларды сынаудың сұмдық түрі шығып сол бұрынғы үрдіс тынымсыз жалғаса береді... 

Сондықтан, жер бетінің түкпір-түкпірінде сол баяғы қанды соғыс, қауқарсыз халықтардың қырғыны, тоналған елдердегі ашаршылықтар, алпауыттардың қыруар қаржыны шығындап сұмдық қымбатқа түсетін соғыс құралдарын жасау жарысы... еш өзгермейді.

Ал, алаяқ тобыр қоғамның нақты бет-пердесін жасыру үшін не қилы дыр-думан, шоу-ойындармен, жасанды даталы күндермен көпшіліктің көзін алдайды. 

Төменгі бишара тобыр күнкөрістен артық ой ойлаудан қалады, жоғарғы тобыр не айтса соған көнетін рухани құлға айналады. Тіпті, өзінің адам екенін ұмтқан мәңгүрт тобыр көбейеді. Мал секілді маңырап тамақ сұрай береді.

Мұндай шым-шытырық ахуалды одан әрі күшейтіп тобырды эйфориялық ұйқыға батыру үшін бұрын-соңды болмаған сарай сауысқаны секілді «супер, гипер жағымпаздар» туып шығады. Басқару жүйесіндегі алаяқтар ондай жағымпаздардан жоғарғы сыйлықтар мен қолайлы мәнсаптарды аямайды. Осындай марапаттаулар мен мақтауларға толы ақпарат құралдарының алғашқы бетінен түспейтін «күн көсемнің» жарнамалары төменгі тобырдың ақыл-есін шатастырып, адамға табынудың, басшыны құдай санаудың жаңа түрі пайда болады. (Ленинді «Күн көсем», елбасыларын «дара көсем» деген секілді...)

Сөйтіп, адамдардың арасында «өзіндік ойлау», «өзіндік көзқарас», «жеке пікір», «еркін сөз сөйлеу» деген қоғамдық қалыпты көріністер жойылады. Қарапайым адамдардың өз ойын, пайымын бүкпесіз айтуының өзі бүлікшілдік саналады. 

Жеке көсемнің «Жалғыз ойлау жүйесі» іске жегіледі. Көпшілікпен ойластыру, қауыммен санасу, жеке пікірді тыңдау аяққа тапталған қоғамда бүкіл саладағы тығырықтар пайда болады. 

Рухани өркениет тоқтайды. Сұрқай тобырлық талғам белең алады. Таланттардың адамгершілікке үндейтін эстетикалық өнері мен шығармалары ескерусіз қалады. 

Оны тудыратын зиялы топ қайыршылық ахуалға түседі. Оның орнына сөзі мағынасыз, ешқандай әуенсіз айғаймен алмасқан сайқымазақ бақырауықтар пайда болып, бүкіл эфирді басып алады. 

Ғибратты әдебиеттің орнын бос мылжың, қырттық толы қызыл сөз иеленеді. Постмодерін атын жамылған мәнсіз сөздерді талқылайтын тобыр қалыптасады. Жастары  жылауық  жыршылдық, әпенді ақындық ауруына ұшырап, бәрі даңғаза атаққа жетудің жетегінде кетеді. 

Көпшілік ортасында тек мәнсіз тойшылдық белең алады, дарақы сауықшылдық қоғамның сәніне айналады, сахналарда ондаған сағат бойы ойына не келсе соны оттайтын, көпшілікті өтірік күлдіретін сайқымазақ маймыл секілді біреулер жүреді...

Осылайша, «жеке адамға табынушылық» деп аталатын тобырлардың топас моралі қоғамда үстемдікке ие болады. Адамдар ақиқат іздеуден қалады, шындық айтылмайды. Шындықты айтқан біреу шықса, шырық бұзушы деп қудалана бастайды. 

Ақпарат жүйесі жалпы қоғамға емес, жоғарғы тобырдың мүддесіне ғана қызмет етуді қалыпты жағдай етіп алады. Қоғамда адам жаны ауыратын алуан оқиғалар болып жатса да, ақпарат құралдары «айрандай ұйыған татулық, ашық аспан, ел тыныш, баяу болар серпіліс» деген әлаулайынан танбайтын офистік қамаудағы журналистика өмір сүреді. 

Осындай ақпарат үстемдік құрған қоғамда «күн көсем» көзге көрініп тұрған үлкен қателіктер жасаса да, ол қателік болып көрінуден қалады. Өйткені, басқару жүйесіндегі алаяқ тобыр бүкіл жауапкершілікті жоғарыдағы бір адамның мойынына арта салатын, өздеріне тікелей тиісілмейтін, кім не дегені білінбейтін жымысқы жағдай, жылмағай ахуал жасап алған. 

Мәселен, Көсемнен кейінгі үлкен басқарушылар өзінен кейін тағы да үш-төрт орынбасар тағайындап алады, әлгі орынбасарлар да өзіне екінші, үшінші  орынбасар тағайындайды, орынбасардың орынбасарлары да өзіне бірнеше көмекші жасап алады, көмекшілердің өзі тағы да қолғанат көмекшілермен өзін қоршайды. 

Бұлардың бәрі біріне бірі тапсырма берумен айналысып ауыз билікпен күн өткізеді. Ештеңеге бас қатырып шаршамайды. Жылы офисте жылжыған күндермен алмасқан жеміссіз жылдар солай өте шығады. 

Мұндай бюрократиялық  жүйе міз бақпайтын дүлей адам сияқты не төменнен жоғары не жоғарыдан төмен сөз өтпейтін темір-бетонға айналады. (Алайда, мұндай сірескен жүйеде де жанкешті іс атқаратын адал басшылардың болатынын жоққа шығаруға болмайды, оларды саналы көпшілік жақсы біледі.)

Мұндай бюрократиялық топ қоғамның ахуалына алаңдаудан гөрі өздерінің бас пайдасы мен орынтағын күйіттеумен болады, сол үшін лидр-көсемнің көңілін табуға барын салады, төмендегі проблемаларға тіпті, бас қатырмайды, өздерінің жеке мүддесі үшін қоғамдағы шындықты жасырады. Өздерінің лауазымын сақтау жолында қызметін көз алдаумен атқарады. Осының кесірінен қоғамның әр саласында шешуі қиын тығырықтарды туғызады, қоғам мүддесі ұмтылады немесе сөз жүзінде ғана қалады. 

Саналы топтың азғана белгілі белсенділері қоғамның осындай шатасқан кроссвород секілді жағдайын түсіне алмай, түсінік айтумен, сұхбат берумен өздерін алдарқатып жүруден басқа амалы қалмайды...

Сөйтіп, қоғамда заң атын жамылған заңсыздық, парақорлық... зиянды науқаншылдық етек алады. Халық пен билік арасы барынша алыстайды, қарапайым адамгершілік, аяушылық сезімдері азаяды.

Қоғамда билікті сақтап тұруды ғана ойлайтын тасжүрек басқару жүйесі үстемдік етеді. Қоғамдағы бұл сірескен жағдай, миземейтін ахуал тәртіп, тұрақтылық секілді көрінетін болады, бұған адамдардың да бойы әбден үйренеді. 

Өйткені, осындай қайшылыққа толған қоғамда ішкі наразылықты өршітпеу үшін күштік құрлымдар қызметке кірісіп, топтарды, жеке адамдардың ізіне түсіп аңду етек алады. 

Ол үшін, жоғарғы тобыр арнайы заңдар шығарып, халықты үрейлендіретін жасанды жалаларды жариялайды, оны тынымсыз насихаттайды. Күдіктілерді ұстау, жазалау науқаншылыққа айналады, ақыры алапат асыра сілтеумен жалғасады. (Ленин, Сталин кезіндегі «контр», «банд», «басмашы», «пантүрікшіл», «ұлтшыл», «алашшыл», «халық жауы», «жапон тыңшысы», «антисовет»... «сепаратист», «экстремист» секілді...)

Ал, осы зардапты көріністерді әшкерелеген, сынаған, қарсылық білдірген жеке адамдар, топтар шыға қалса, оған әлгіндей айдар тағылады немесе барынша қудаланады, қуғындалады. (контрреволюционер, басмашы, банды, халық жауы, оппозиционер, ұлтшыл, экстремист, сепаратист, терісағым, бүлікші, тәртіп бұзушы, псих... т.т.) 

Мұндай қоғам тежеуішсіз мәшине, компассыз кеме іспетті қатерге қарай зымырап бара жатса да енді, оны ешкім тоқтата алмайды. (Мәселен, Советтік және одан кейінгі басқа репрессиялар) 

Ал, әлгі «күн көсем» арқылы өз мүдделерін іске асырушы шонжар тобырлар болса, қандай қатер болса да құтылып кететін ең әккі қулар солар. Олар, сатқындық пен қашқындықтың мамандары, қолына байлық тисе отанын сатып кете беретін екіжүзділер. Ал ең зор зиян шегетіндер төменгі көп санды тобырлар, аш қалатын да, қырылатын да солар... Елдің аз санды адал жеке тұлғалары қуғынға репрессияға ұшырайды.

Мұндай кезде, бүтін қоғам, бүкіл салада тұйыққа тіреледі. (Тұйыққа тірелгендер алға шыға алмайды, тек кері шегініп жаңа жолға шығады) Тұйыққа тірелуден тоқырау басталады, тоқыраудан кейін әрине, кері шегіну болады. Кері шегінудің шегі жоқ, гуманизм аяққа тапталып, авторитаризмнен, диктаторлыққа, террорлық-фашизмге дейін құлдырап кете береді. (Ресей елінде Толстой заманында күдікті адам тергеушіге жауап бермеймін, деп айта алады екен, оны зорлап сөйлетуге ешкімнің құзыры жоқ. Ал, жеке адамға табыну басталған Сталин кезеңінде жаланы мойындату үшін, адамға жасалатын азап түрлері орта ғасырдағыдан да асып түскені туралы тарихи деректер бар). 

Тоқырауға ұшыраған қоғамда, негізгі жазаланатындар «күн көсемнің» қателігін айтып ескерту жасаушы, саусақпен саналатындай аз санды жеке тұлғалар ғана. Көпшілік қауым көңіл күй наразылығынан аса алмайды, тұрмыстық тобырлық пиғылдан шыға алмайды. Әділдікті қолдауға ерік-жігерлері жетпейді, өлміші тірі жүруді бақыт секілді көреді. 

Сондықтан, адамзат тарих бойы көзқарас еркіндігін, ақпарат ашықтығын яғни плюрализм үшін күресумен келеді. Өйткені, ол ақиқатты танудың, қоғамдық ойлаудың, әлеуметтік кемелденудің жалғыз жолы. Бір көсем емес, бүтін қоғам ойланған кезде ғана өркениет басталады. Бұл тарихта әлдеқашан дәлелденген ақиқаттар.

Қазақ қауымы мұндай адамгершілік еркіндігін «дала демократиясы» арқылы баяғыда кереметтей іске асыра білді. Әділ хандар, дана билер, көреген көсемдер мен шешендер сол заманның туындысы. Тіпті, ханға сөзін өткізе алатын Тазша бала да даналықтың белгісі. Олар туралы халық жадында жазылған қыруар аңыздар мен дастандардың бүгінге жұқанасы әрең жетті. 

Тобырлық сана мен Имандылық сана

Осындай қарама қайшы екі жүйенің адамзат тарихындағы нәтижесі қандай болып шыққанын Ислам ғұламалары былай түйіндейді: 

Перғауындық  жүйенің арқа сүйері қара күш, оның көрінісі зорлық-зомбылық. 

Көздегені бас пайда, оның нәтижесі басқаны зиянға, шығынға ұшырату. 

Өмірлік қағидасы күрес, зорлықпен бағындыру яғни диктатура, оның нәтижесі қақтығыс, төңкеріс, қантөгіс. 

Алпауыт топтардың өзара байланыс дегені, өзге әлсіз жұртты жұтып қою үшін жасалған жікшіл нәсілшілдік пен үстем ұлтшылдық. Оның жеткізер жері сұмдық басқыншы соғыстар. 

Тартымды іс дегені, сезімді желіктіру, көңілді қоздыру және солайша құмар қандырту болып табылады. Ондай желігулердің соңы адамдарды рухани құлдырату, азғындық, қызыққұмарлық, арақкештік, нашақорлық, құмарпаздық, думаншылдыққа... ұштасады. 

Ал, Хақ діннің ұстанымындағы рухани мәдениеттің арқа сүйері қара күш емес, ақиқат. Оның көрінісі қоғамдық әділет пен адамдық теңдікке жету. 

Мақсаты бас пайда емес, иман арқылы рухани даму, мұның нәтижесі сүйіспеншілік пен бауырластық байланысты орнату. 

Өмірлік мақсаты, нәсілшілдік пен ұлтшылдыққа қарсы, діни бауырластық, отансүйгіштік, әлеуметтік ауызбірлікпен өмір сүру. Мұның нәтижесінде, қоғамда шынайы бауырластық орнап, әлеуметтік жанашырлық қалыптасып, бейбітшілік ішкі ауызбірліктің нәтижесіне айналып, сыртқы шабуылдарға қарсы тұратын рухани қорғаныс күшейеді. 

Өмірлік қағидасы күрес емес, өзара көмек. Мұның мәні, бірлік пен бір-біріне арқа сүйеу. Жалаң желігудің орнына рухани жетілу жолға қойылады. Сөйтіп, адамның жаратылу мақсаты болған, Жаратушыға жалбарыну үрдісі қалыптасады, нәтижесінде әр адам имани ар-ұят деген рухани сақшының бақылауында болатындықтан адамдардың өзара сенімділік, адалдық жүйесі орнығады, қылмыс азаяды. Ол бүкіл қоғамда адами даму мен рухани кемелдікті туғызады.

Міне, осындай қоғамда жеке тұлғалар қалыптасады. Жеке тұлғалар қоғамда әділдікті орнатуды, адамгершілік эстетика қалыптастыруды, ғылымды игілікке пайдалануды, өнерді адамның жандүниесін әсемдікке тәрбиелеуді, жеке халықтың мыңдаған жылғы рухани құндыдықтарын ұмытпай рухани өркениет жолына пайдалануды... іске жегеді яғни әмбебап гуманизм үшін күресіп өмір сүретін біртуар азаматтар шығады.

Ұлттық сана имандылық сананың көрінісі

«Дала өркениеті» деп, аталған ерекше қоғам құрған қазақ қауымы шын мәнінде нағыз Мұсылман елі болатын. Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан, ауылдар ассоциясынан құралған алып ел ӨЗ ЖҰРТЫ, НАҒАШЫ ЖҰРТЫ, ҚАЙЫН ЖҰРТЫ дейтін бір-бірін қоршаған, берік үш шеңбермен етене туыстық жүйе арқылы бұзылмастай байланысып, осылайша үзілместей қатынаста болған еді. (Осы үш жұрт арқылы пайда болған туыстық атаулардың өзі ерекше атаусөздер қазынасын қалыптастырды: нағашы, жиен, нағашы-қарындас, жиен-аға, жезде, жеңге, балдыз, бажа, бөле, қайын ата, қайын ене, қайнаға, қайынбике, абысын, құда, құдағи, құдаша...). 

Және осы үш туыстық қатынастың өзі Хақ діннің шариғаты бойынша іске асырылып отырды. Яғни, қазақтар Хақ дінді құрғақ қағида бойынша емес, жанды тұрмыстық қатынас бойынша өз болмысына сіңіре білді. 

Мәселен, «жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпайтын ел болу» әмеңгерлік дейтін мұсылмандық үрдіспен іске асты. 

Бүкіл елді, елге танылған әрі батыр, әрі дана біртуар көсемдер басқарды. Халықтың мүддесі үшін, бүтін жұрт таныған дана адамдардан таңдалған «Билер Алқасы» билік жүргізіп, бүкіл елді бүтін ел болдыратын кемелдікке жеткізіп отырды. Қоғамдық тәртіпті жасауыл-жандармсыз, зындан-түрмесіз орнатып, руаралық құн төлеу, ауыл арасы ат-шапан айып салу, ағайын арасы сөзге тоқау... сынды адамгершілік тетіктер арқылы тентектерін тиып, қылмыстыны ар-ұждан сотымен жазалап, адамның құқын қорғай білді. 

Әр адамның полицейін жүрегіндегі рухани иманымен, ішкі ұятымен бақылатып қойды. (Бұл қоғамдық көрініс қазақ халқының Ақ Орда кезеңінде шарықтау шегіне жеткен еді, ал сол кезде өздерін өркениетті санайтын батыс, шығыс елдері үрейлі қараңғы түрмелер мен айыптыны азаптайтын не қилы сұмдық жүйемен өз қоғамдарын әзер ұстап отырғаны тарихқа мәлім)

Елде арнайы армия құрмай-ақ, әр ауылдағы бозбаласынан бастап бақуат қариясына дейін найзагер, қамшыгер, шабандоздыққа жас басынан дағдыландырған жауынгер, ержүрек, қуатты қауымды қалыптастыра білді. 

Әлеуметтік қызмет көрсетуде отел-қонақүй, жолбекет салмай-ақ, алып далада көсіліп жатқан әрбір ақбоз үйлі ауылы «Құдайы қонақ қабылдау» (Бұл да пайғамбарымыздың сүннетінен негіз алған) дейтін ізгілік қызметін тегін әрі мүлтіксіз іске асырып, халықтың төл дәстүр-салтына айналдырып жіберді. Нағашылаған, қайыншылаған, ел кезген, мал іздеген кім болса да, аш қалам, қаңғырып қалам деп қорықпай күншілік, айшылық алыстарға емін-еркін сапарлап кете беретін тегін жолторап жүйелерін құрған еді. 

Жеке адамдарға төлқұжат жасамай-ақ, жолаушы адам өз руын айтса болды, кез келген адам оның қай ауылдан екенін айнытпай танып, егер өте алыс жерге келсе ауыл ақсақалдары оның қай жүзге жататынын сұрап, ары қарай тегін таратып танып алатын, жеке жадтан қоғамдық жадыға дейін дамыған ерекше биокомьпютерлік «төлқұжат жүйесі» қалыптасқаны, қазақтың ғана таңданарлық феномені деуге болады. 

Балабақша, мектеп, университетсіз отбасы мектебінен бастап... ақсақал, ақбасты әжелер даналығына дейін шарықтаған бүтіндей қазақы төл білім жүйесін қалыптастырып отырды. Бұл білім жүйесі күнделікті тұрмыстық қарекеттен бастап, аспандағы ай, жұлдыз есебі, сахара даланың сансыз тірішілік тынысынан тартып, төрт түлік мал, аң-құс, жайлымдағы сан түрлі өсімдіктердің аты-жөніне дейін әрбір дала тұрғыны айнытпай білетіні ондағы адамдар үшін әркім біліуге тиіс әдетегі нәрсе саналатын-ды... ал, бөтендерден ең керектіні алып, өзіндік салтқа, дағдыға айналдырып, жатжұртқа еліктемей өз мәдениетін де, өз тұрмыс құралдарын да төл болмысына сай кемелдендіре білді... 

Қазір осы ерекше рухани өркениеттің тірі көзіндей болған қайталанбас дала әуендері мен терең тебіреністі домбыра күйлері, даналыққа толы дастандар мен ғажайып аңыз, ертегілер, әдемі киіз үй, сүйкімді бесік... ғана бізге мұра болып қалғандай!

Расында, мұндай ғажап қоғамдық жүйе адамзат тарихында бұрын-соңды болмағанын, мұны өзгелер айтуға жасырды, ал өзіміз мүлдем ұмыта бастадық. Себебі, көшпенді дала өркениетін отырықшы от қарулы елдер құлатты. Сөйтіп, бодандық қамытын киген екі жүз жыл бойы осы мың жылдық құндылықтарымызға үнемі сырттан, іштен нетүрлі қастандық жасалып, асылдарымыздан үздіксіз айырылумен келдік...

Ақырында, жады бұзылған жабырқау, жатжұртқа жалпақтағыш жалтақой, «біреудің қаңсығын таңсық көретін» еліктегіш тобырға айналдық... Ең соңында, өрттен аман қалған өміршең түбірлерден сүмбіл болып қайта көктеп келе жатқан жанкешті, жаны берік халыққа ұқсаймыз. 

Енді, бәрін қайта қалпына келтіруге тиіспіз, әсіресе рухани құндылықтарды қалпына келтірсек, материалдық құндылықтар уайым болмауы керек. Алайда, жоғарғы айтылған мысалдар, қайтадан бұрынғы өткен шаққа қайту емес, мың жылғы мәдениетті қайта қалпына келтірудің жолын қарастыруды көздеу үшінгі еске түсіру ғана. 

Біз, қазіргі өркениетті деп аталатын елдерден ғылыми технологияны ғана үйренуіміз керек, басқа мәдениет өзімізде жетерінше жасалған, кемелдіктің шыңына жеткен. Яғни, біз тобырлық санадан ұлттық санаға әлдеқашан жеткен, одан да өтіп имандылық сананы бойымызға сіңірген кемел халық едік... 

Алайда, кейін жаугершілікке ұшырап, бүтін елдің шеті сөгіліп «Алқакөл сұлама» сұрапылы бізді бодандық қамытын киюге ұшыратып кетті, сөйтіп бодандықтың тобырлық кезеңі басталды. 

«Зар заман» жыраулары айтқандай ерліктен ездікке бет алдық; Махамбет батыр жырымен өсиет етіп кеткендей, елдікті билікке саттық; Абай хакім айтқандай, «өз билігі өз қолынан кеткен, бір ұрты май, бір ұрты қан» сал-серілік құрып, қылыштың орнына домбыра ұстаған әуейі тобырға айналддық. 

Соңында, елес коммунизмді қиялдап есі кеткен арақкеш, дінсіз советтік тобырлықты бастан өткіздік. Енді тәуелсіздік кезеңінде, осыған дейін дендеген рухани дерттің кеселінен айығу жолындағы жанкешті күреске түскен, ұлттық санаға жету үшін сан түрлі қайшылықты бастан өткізіп жатқан қилы тағдырды бастан кешудеміз... 

Ақиқатында, тобырлық санадан құтқаратындар ұлттың ДАРА ТҰЛҒАЛАРЫ ғана, (мәселен, Алаш Арыстары аз уақытта айтулы  тарихи істер атқарды, ақ патшаның меншігіне айналған қазақ жерінің заңды шекарасын қалпына келтірді, қазақ тілінің ғаламат грамматикасын жасап кетті, әр салада кемел оқулықтар жазып үлгерді, бүкіл түріктік мұсылманық дүниетанымның негізін салды, әдебиеттің кемел үлгісін жасап үлгерді...т.т. қазіргі тұлғаларды оқырман өзі біледі...) дара тұлғалардың қаншалқты көптігімен ғана халықтың кемел қасиеті жетілетін болады. 

Сондықтан, тұлғаларды тәрбиелеу, тұлғаларды қолдау, тұлғаларды қорғау, тұлғаларды көбейту ұлтымыздың мақсатына айналуы шарт, ұлы ұлттардың тарихы осыны көрсетуде... Қазір қазақ халқының алдында тек осы мәселе тұр! 

10.01. 2018. 


author

​​Абай Хамза (Абай Мауқарұлы)

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...