Фариза ақын туралы естелік кітап жарық көрді

Жаңалықтар
2450

Қазақстанның Халық жазушысы, Мем­лекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынова туралы «Білмейсіңдер, мені әлі білмейсіңдер» атты естеліктер жинағы жарық көрді. Фариза ақынның болмыс-бітімін, сан қырлы мінезін, таным-талғамын жеткізуді көздеген кітаптың Астанада өткен таныстырылымына Атырау мен Маңғыстау облыстарынан арнайы делегация келіп қатысты.
Журналист Гүлсім Оразалықызы құрас­тырған кітапта ақынның заман­дастары мен әріптестері, жолдастары мен достарының жылы естеліктері берілген. Бұл кітап қолыңызға тисе, алғашқы парағын ашқаннан бас алмай оқып шығарыңыз анық, себебі, сіз Фариза ақынмен қайта табысасыз, қайта танысасыз, кітап кейіпкерінің ана дү­ние­лік екенін тарс ұмытасыз. Ақын­ның адамдық тұлғасын, қайраткерлігін, қамқорлығын, қайсар мінезін, ешкімге ұқсамайтын дара жаратылысынан сыр тартасыз. Себебі, мұндағы естеліктер еш қоспасыз, шынайы жазылған және кімдер жазған деңіз?! Әбіш Кекілбайұлы, Әбділдә Тәжібаев, Ебіней Бөкетов, Мырзатай Жолдасбеков, Оралбай Әбдікәрімов, Серік Қирабаев бастаған естелік авторларының ұзын саны ал­пыстан асып жығылады. Олардың ара­сында Бақтықожа Ізмұхамбетов, Бердібек Сапарбаев, Қырымбек Көшербаев сынды билік тізгінін ұста­ғандар да бар. Ақын-жазушы бауырлары, кезінде ақыннан сұхбат алып, сырла­сындай болып кеткен сіңілілерінің де естеліктері бар.


Естеліктер жинағындағы материал­дардың бір легі ақынның көзі тірісінде басылым бетте­рінде жарық көрген, енді бірі ақын бақилық болған соң жазылған қимас сезімге толы дүниелер. Сол есте­ліктерді салыстырғанда, ақын болмы­сының қалпынан еш танбағанына таңғаласыз, тәнті боласыз. Әр естелік ақынның әр қырын танытуға тырысады. Мысалы, кезінде Парламент депутаты болған Қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың жары Әскеркүл Тұры­сованың естелігі аға алдындағы ибалы қарын­дастың портретін әкеледі.


«Қанша жерден Фариза мінезді дегенмен, Қарекеңе қарсы тұрып көрген емес. «Қарағым, қой енді» десе болды, ағасының айтқанына көне қоятын. Бірде Факең Мәжіліс мәслихатын неге қазақша өткізбейміз, депутаттар қазақ­ша сөйлемейді… деп сөз қозғайды. Бір депутат «Фариза апай, қазақша сөй­лемейтіндердің атын атап, түсін түстеңіз» деп, тықылдап қоймайды. Сонда Факең «Қаратай ағадан бастап сөйле­мейді!» деп қойып қалады ғой. Қарекең оған үндемей, мырс етіп күліп отыра береді. Ертеңіне Мәжілістің үстінде «Фариза, қарындасым, мына сөздің қазақшасы қалай болады?» деп бір терминнің аудармасын сұрайды. Факең үндемей оты­рып қалады. «Міне, қарындасым, Мәжіліс­тің орысша өтуінің бір себебі – осы. Экономи­ка­лық терминдерді қазақ­шалаңыздар, сосын сөй­лей­міз» дейді. «Қаратай ағам мені мақтамен ба­уыз­дады… Бетімді ақырын ғана қайтарып тас­тады» деп есіне алып күліп жүретін қарын­да­сы. Бұл үшін екеуі де бір-біріне реніш білдір­ген емес, іштей түсінді, түсіністі» дейді Ә.Тұрысова.


«Әр кез үйге келгенде анам Бибіжан­мен ұзақ-ұзақ әңгімелесіп, өткен өмірін, сол уақыт­тың оқиғаларын сұрап, кейбір жайттарды тәп­тіштеп сұрап, нақтылап жататын. Сөйтсем, бұл әрекетінде мән бар екен. Оны «Егемен Қазақ­стан» газетіне мен туралы «Даладай дархан адам» деген мақала шыққан күні бір-ақ түсін­дім. Анам Бибіжанның айтқан әңгімелерін әдемі етіп өріп, шындық шеңберінен шықпай баяндаған. Маған «Сен туралы мақала жазайын деп едім» деп айтқан да, сұхбат алған да емес. Бір жолы «Факе, біз туралы қашан жазасыз?» деп бір азамат әзіл-шынын араластырып ниет білдіріп еді, ала көзімен атып, «Сен жазуға тұрмайсың!» деп қағып тастады. Дастарқан басында қызмет етіп жүрген қыз-келіншектерге де «бауырсақтарың ыстық емес, шайларың суып қалған…» деп сынады. Таңғалғаным, солардың бірде-бірі Факеңе ашуланып, жауап қайтар­майды… Факең келе жатыр десе болды, бәрі етек-жеңдерін жинап, шаш­тарын тарап, жаға­ларын жөндеп, бойларын тіктеп тұра қалатын, қашанда да, қай жерде де, оның мысы басып тұратын», деген Оралбай Әбдікәрімовтің естелігі де езуімізге күлкі үйіреді.


«Қазақстан» баспасынан жарық көрген кітаптың алғысөзін жазған Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иман­ғали Тасмағамбетов Фариза Оңғарсынқызының қоғамды жори білген, адамды тани білген ерекше бір қасиетіне тоқталыпты. «Ол – аналық абзалдығы мен өзіне ғана тән абыздығы. Бұл жалғыз менің емес, қайраткер Фари­заның ортасы бір, ойы биік замандастары мен өн бойында өр рухтың жарқылы бар армандас­тарының бағасы. Ол да болса, апамыздың арынды жырларымен, ақыл-ойларымен рухы­мызды дүр сілкіндірген ақындық қолы мен азаматтық жолының жемісі» дейді.


Сиясы кеппеген кітап көпшілікке тарап үлгер­ген жоқ, десе де таныстыру шарасының тізгінін қолға алған Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрах­манов естеліктері жинағын жоғары бағалады.


«Бұл кітаптың ерекшелігі, құрасты­ру­шы Гүл­сім Оразалықызының кітап кілтін дәл тапқанында. Бұл кітап тұтас­тай дерлік адам Фаризаны ашуға арна­лады. Сонысымен де бұл кітап Фариза­тануда өз орнын табады деп сенемін» деді.
Ал кітаптың құрастырушысы Гүлсім Ораза­лықызы «Фариза – сан қырлы асыл тас секілді, мың құбылған асыл тастың ар жағында не жатқанын түсініп білу мүмкін емес. Болашақта Фаризаның ақындығы, адамдығы жайлы кі­таптар жазыла жатар, ол сөзсіз, ал бүгінгі есте­ліктер жинағы сол кітаптарға қосымша болу­ға татыса, біздің мақсаттың орындал­ғаны» дейді.

 

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Түп нұсқадағы тақырыбы: ФАРИЗА САН ҚЫРЛЫ АСЫЛ ТАС СЕКІЛДІ

author

Фариза Оңғарсынова

АҚЫН

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...