Мейір Оразғалиев. Адасқақ

ӘДЕБИЕТ
3761

Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақырыптарына байланысты үлкен бір дискуссия жүріп жатқаны белгілі. Жаңашыл қазақ поэзиясы қандай болу керек? Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қай деңгейде? Әрине, бұл сұрақтарда әркімнің өз жауабы бар. "Мәдениет порталы" осы бір дускуссия аясында қазіргі қазақ поэзиясының хәл-ақуалын бағамдау және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазақ ақындарының "түсініксіз" һәм "түсінікті" өлеңдерін талдау, талқылау мақсатында «Папирус» айдарын ашып отыр. «Папирус» айдарында әр аптаның дүйсенбісі бір ғана ақынның өлеңдері жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған өлеңге жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. 

Бұған дейін "Мәдениет порталы"  бір апта бойы Тілек Ырысбектің "Қайран қытай кеспесі..." атты топтама өлеңдерін және сол шығармаларға жазылған Әбіл-Серік Әліакбардың "Ерекше өлеңнің ерекше сардары", Жанат Жаңқашұлының "Мұңаяды. Жылайды. Өкпелейді" , Анар Қабылқақтың "Бірақ ол атамекенге саналы түрде оралды емес пе?", Біржан Ахмердің "Имитация"  деп аталатын талқылар мен талдауларды жариялаған болатын. 

Күні кеше Бекзат Смадиярдың "Бұл кезең - ұмыту кезеңі..." атты өлеңдер топтамасына жазылған Сұраған Рахметұлының "Бекзат", Әбіл-Серік Әліакбардың "Кемиек түннің тасбихын тарқатқан талант" деп аталатын талқы мен талдаулары ұсынылған еді.

Мейір Оразғалиев

...Әфсана, ол көп ішкен кітап. Аяулы өмірін оңашада шырқайды. Имант Зиедонис секілді, Эпифаний секілді. Асқар Сүлейменовтың кеңістігінде ыңыранып, өзінің уақытында ырғалады. Мәдидің Қаракесегімен ыңылға басады. Үкеңнің ыңылы. Сүлейменовтың күбірі. Сол сәтте, үнсіздік әлетіндегі қақшиған кекесін мәнсіздігі, жын шақырған көлеңкесі: "Кітаптар - ойлардың сатқындығы" дейді. 

Ажалмен серттескен ақынның семсері, ажалға кезенген семсер. Соры қалың семсердің қолат қолаттың, жықпыл жықпылдың керімсал самалымен аймаласқан жалғыздығы. Ақ қағазға бастығырылған ойлары, ақ қағазға ұйықтаған түстері, ақ қағазға үйелеген естеліктері, ақ қағазға қонған қарғалары - өзінің ойлары емес, ілкідегі іңірдің түнегінен боз бояу іздеген бояулары емес, Жайықтың сұлулығындағы сұлу ажалы. Ажалға ұмтылған ажалы – Ертіс аңғарындағы жазуларға, бәдіздер бетіне көшкен:

Жаңбырға тағдырдың ұйқасатыны секілді,
Үмітке күдіктің ұйқасатыны секілді
Ғайып...

Ақын Бекзат СмадиярСюрреалист Андре Бретонның магиялық реализмдегі поэзиясының иін-иірімдері, мәтіннің ішіндегі, мәтіндерінің ішіндегі суық өгейлік - Гейзенбергтің Құдайына ұшқындап тұрады. Қорқыттың көрі санамның қай қыртысында қалып кетті, оны ешкім де білмейді:

Осы неге
Халықтардың жылағаны ұқсайды,
Кемпірлері ұқсайды,
Әжімдері ұқсайды?!.


Юриманың пианиносындағы жанның діріліндей іңір қабағындағы қисынсыз сауалдары ескіреді. Күйік шалған суреткер қаламсабының сиясы – айғыз. Жұбанары – өлім. Арылу. Ескірген сауалдар:

Жұбанатын ажал бар...
Тәңір мұңсыз... мекенсіз.

Поль Гоген. Біз қайдан келдік? Біз кімбіз? Біз қайда барамыз?Сезімнің соңғы әуеніндей Бах симфонияларының психо-философиялық концепсиясына иек сүйейді. Сюита №3. Люк Бессонның "Леонындағы" Матильданы ойладым. Ой күнәсін кешкен құбыласы жоқ үнсіздіктің мінәжәті дерсің:

Сыздамаған жараны тырнап ашқан,
Қай кітаптан жұқтырдым бұл әурені...


Ауыр күрсіністің сілтідей тынған тыныштығында кенезесі кепкен суреткердің қабарған өңі өңсіз дүниенің, алқаракөк әлемнің, байғыз дауысы сіңген бесіннің ұйқысына ілініп, намазшамға қалғиды:

Діні бөлек ойлар-ай, Құдайы бір...

Мейір Оразғалиев,

ақын

author

Бекзат Смадияр

АҚЫН

Жаңалықтар

Демалыс күндері күн күрт суытады, деп хабарлайды madeniportal.kz. Республиканың біраз бөлігінде қар...

Жаңалықтар

Бүгін, 6 желтоқсан күні доллар бірден 9,31 теңгеге арзандады, деп хабарлайды madeniportal.kz. ...